Қазақстан азаматына жерді жекеменшікке сатуға қатысты 5 жылға мораторий жарияланды. Жер комиссиясының бұл шешімі қоғамда әртүрлі қабылданып жатыр. Бірі мұны жартылай жеңіс деп есептесе, екінші тарап «Билік жер мәселесін түпкілікті шешпей, қулық жасап отыр» деп алаңдайды. Халықтың жер мәселесіне алаңдауы негізді. Себебі билік орман өсіру үшін шет елге 25 жылға жерді жалға бермек.
Ал шет ел «қазақ таза ауа жұтсыншы» деп орман өсіріп беруі мүмкін бе? Тап осылай болған күннің өзінде жерді 25 жылға жалға беруге қаншалықты қажеттілік бар? Осы және өзге де сұрақтарымызды белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспанға қойған болатынбыз.
– Жер комиссиясы ауыл шаруашылық жерлерді Қазақстан азаматына сатуға байланысты 5 жылға мораторий жариялады. Билік жер мәселесін сағызша созбай неге түпкілікті шешім шығармады? Өйткені тап қазір жерді сатуға қарсы халық алдағы 5 жылда оны беруге келіспейтіні анық қой…
– Алдағы 5 жылда бізге ең актуалды мәселе тағы да жер мәселесі болады. Осы аралықта жемқорлықтың өршуі, экономиканың кері кетуі және Ресейге одан сайын тәуелді бола түсуіміз артады. Бір сөзбен айтқанда осы аралықта қазақ үшін ең маңызды мәселелер назардан тыс қалайын деп тұр. Өйткені билік қазақ үшін ең қорқынышты дүниенің жер мәселесі екенін біліп алды. Өкінішке қарай қазір жер мәселесі не аспанда емес, не жерде емес әрі сәрі күйде тұр. Не көшеге шығып, бір нәрсе талап етеріңді білмейсің, не «Ой жақсы болды ғой» деп көңілің көншіп жүре алмайсың. Менің ойымша, осындай әрі сәрі күй билікке ең ыңғайлы болып отыр.
– Жер комиссиясының соңғы отырсында Ауыл шаруашылық министрі жер сатуды қолдап сөйледі. Билік шынымен жер сатуға мүдделі болып отыр ма, жоқ әлде мұның бір себебі бар ма? Мәселен халық алаңға шығып кетеді деп алаңдап жер мәселесін кейінге шегерді ме?
– 2016 жылғы жер дауы кезінде билік анық бұқара халықтан сескенді. Ал қазіргі кезде билік «Қазақ тілді ортаны жермен алдай тұрайық. Сонда олар басқа мәселені назардан тыс қалдырады» деп ойлайтын тәрізді. Дәл қазір бұқара халықтан сескенгеннен гөрі қулық жағы басымдау ма деп ойлаймын.
Осы жазда ел болып келіссөз арқылы ма, жоқ әлде митинг арқылы ма осы жер мәселесін төтесінен қоюуымыз керек.
Әйтеуір осы жазда жерге байланысты нақты талапты қойып, белгілі бір шешімге келуіміз керек. Егер халықтың талап-тілегіне сай заң қабылдата алмасақ, онда митингіге шығуымыз керек. Қазіргі таңда алаңға шығып, өз ойыңды білдіру жаман сөзге айналды. Шын мәнісінде митингіге шығу біздің Коститутциялық құқығымыз ғой.
– Орман өсіру үшін 25 жылға жерді жалға беру дегенге қалай қарайсыз? Шынымен қытай «қазақ таза ауа жұтсыншы» деп орман егіп берейін деп отыр ма?
– Менің ойымша, кезінде біздің билік «шет елге жер береміз» деп арнайы уәде беріп қойған секілді. Осы бір уәдені өз ішімізде орындап жатырмыз деп белгілі бір топтардың арасында, ол халықаралық па, жоқ әлде өз ішіміздегі кландардың арасында есеп беріп қою секілді. Себебі орман өсіру үшін 25 жылға жерді жалға беруге ешқандай негіздеме жоқ. Мәселен заңды шығаратын кезде оны түсіндіретін арнайы негіздеме жоба болу керек. Бір қызығы бізге сол жобаны да таныстырған жоқ. Парламентке тосынан кіргізді де, енгізіп жіберді.
Менің ойымша, билік қазақтың жерін орман өсіру үшін шет елге беруі әбден мүмкін. Өйткені билік жерді шет елге берудің ыңғайлы сәтін күтіп отырған секілді. Жоғары жақта отырған саудагерлер қоғамның назары басқа жаққа ауып кеткен кезде жерді шет елдіктерге бере салудан тайынбайды.
– Билік «Құнарсыз жерді береміз» деп отыр. Кезінде билік «шет елге тек ауру-сырқау баланы береміз» деген. Шын мәнісінде аяқ-қолы бүтін, ақыл есі сау балалар жаппай шет елге сатылды. Тап осы секілді құнарлы жерлер шет елге беріліп кетіп жүрмей ме?
– Шаң тозаңы шығып жатқан құнарсыз жерді де шет елге жалға беруге болмайды. Бір кездері құнарсыз, шөлейт деген арабтың жерлері Израилге өтіп кетті. Бұл сан ғасыр бұрынғы Мөде қағанның аңызы емес, күні кеше яғни осыдан 70-80 жыл бұрын болған оқиға.
Ауыл шаруашылық жерлерді Қазақстан азматына сатуға 5 жылға мораторий жарияланды. Ал орман өсіруге арналған жер ауыл шаруашылық жеріне жатпайды. Сондықтан біз шет елдіктерге орман өсіру үшін жерді 25 жылға жалға бермеуіміз керек. Өйткені билік өздерінің позициясын сынамалап кіргізіп жатыр. Енді бұл талапқа президент вето қою керек. Басқа ешкімнің шамасы келмейді. Сондай-ақ халық табандылық танытып, қарсылық білдірсе, онда бұл заңға 5 жылға моратоий жариялауы мүмкін. Бір сүйем жерді жалға беруге де, сатуға да болмайды. Жер мәселесі бойынша әлі қауіп сейілген жоқ.
P.S.
Негізі қазақтың жері өзге шет елдіктерден қарағанда іргеміздегі қытайға ауадай қажет. Ал қытай «Қазақ таза ауа жұтсыншы» деп, бізге орман егіп беруі мүмкін бе? Әрине мүмкін емес. Қазақтың өз билігі жаны ашымаған жерге айдаладағы коммунистік партияның ет жүрегі езіліп отыр деп ешкім айта алмайды. Сондықтан да шет елдіктерге орман өсіруге 25 жылға жер береміз деген биліктің әрекетіне тойтарыс беруіміз керек.
Серік ЖОЛДАСБАЙ, arasha