Біз
әлеуметтік
желіде
14-04-25 |
880 рет қаралған
Ерболат ҚУАТБЕК: «СЮЖЕТ КЕЙІПКЕРГЕ ҚЫЗМЕТ ҚЫЛАДЫ».
Ерболат ҚУАТБЕК: «СЮЖЕТ КЕЙІПКЕРГЕ ҚЫЗМЕТ ҚЫЛАДЫ»

Су жаңа деген сөз тіркесін орынсыз-орынды көп қолданамыз. Орынсыз қолдансаң ой бұлдырайды, мән өзгереді. Біз бұл сөзді бүгін орынды қолданбақпыз деп ойлаймын. Су жаңа тіркесі өзеннің астындағы өзін сәт сайын жаңартып отыратын ағыс. Әдебиет пен кино да ағынды судың астындағы ағыс секілді. Бірінің орынын бірі басып отырады. Су жаңа. Егіз ұғым. Кино ұлттың тілін, тағдырын, тынысын зерделейтін құралға айнала ала ма? Осы жайында режиссер-сценарист, ақын Ерболат ҚУАТБЕКПЕН әңгімелесіп көргенбіз.

Әңгімені әріге апармай, киноның тарихын, оның қоғам алдындағы міндеті мен кревтивті экономикаға қосқан үлесін тәтпіштемей бірден бастасақ. Әдебиеттің киноға бергені аян. Ал сол әдебиеттің орнын кино алмастыруы мүмкін бе?

– Ең алдымен әдебиет пен кино ұғымы екі бөлек әлем. Екіншіден, әдебиетке көптеген дүние кіреді. Көркем, деректі, ғылыми тағы басқа. Меңзеп отырғаныңыз, көркем әдебиет болса ол басқа әңгіме. Әдебиет киноның, кино әдебиеттің орнын алмастыра алмайды. Мәселен, белгілі бір романдағы табиғатты һәм көріністі суреттеуге кеткен 3-4 бет ол кинодағы 3 секундтық кадр. Киноның тілі деген ұғым бар. Деталь һәм мимика, эмоция, кейіпкердің қарекеті арқылы сюжетті дамытады, негізгі идеяны жеткізеді. Ал көркем әдебиеттегі миссия мүлдем өзгерек. Сосын, бізде қатып қалған қағида бар: жазушыға киносценарий де жазу қиындық тудырмайды деген. Жоқ. Бұл оның бір артықшылығы бола алады. Бірақ, киноның «ішкі кухнясы» һәм әлемі басқа.

Әдебиет пен кино тоғысатын тұс: экранизация. Өзіңіз білесіз, экранизацияланған әлемге белгілі романдар өте көп. Және де «Оскарға» жиі қол жеткізеді. «Список Шиндлера», «Форрест Гамп», «Стариком тут не место». Тізе берсеңіз, баршылық. Өзіміздің классикаға айналған киноларымыздың көбі экранизацияланған туындылар. «Менің атым – Қожа», «Көксерек». Тіпті мынау Ермек Тұрсыновтың «Шалы» Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» туындысы бойынша түсірілген. Жақында жарық көрген Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шағын» да соған жатқызамыз.

Осы жерде сценарийдің түрі жайлы айта кетсек, ол – түпнұсқа және бейімделген сценарий болып екіге бөлінеді. Яғни, көркем әдебиет, комикс тағы да басқа да шыққан шығармаларды кино тіліне бейімдеу. Сосын бір қызық дүние бар көрермен арасында. «Кино кітаптағыдай жақсы шықпаған» болмаса «керісінше киносы сәтті шыққан» деген сынды. Бұл қате түсінік. Себебі, екеуінің өзегі, негізі бір болғанмен жеткізу тәсілі екі бөлек. Жоғарыда айтқандай, кино тілі – басқа ғаламшар. Мысалы, «Шал мен теңіз» бен «Шал» фильміндегі басты идея адам мен табиғат арасындағы күрес. «Адамды қанша жаншып тастасаң да оның рухын сындыра алмайсың» деген сипаттағы ой ғой. Енді Ермек Тұрсынов «Шалда» адам мен бөрі арасындағы қақтығысты, сосын қызық бір детальдар: «футболист» қойшылар. Тағы басқа.

Сондықтан да қайталап айтайық, кино мен әдебиет бір-бірін еш алмастыра алмайды.

– Қазіргі айтып болмайтын адам жанының қиылыс қатпарларын зерттейтін фильмдер, ол жердегі режиссердің айтпақ ойы мен образдардың, ойлардың алуандығы киносүйер қауымды дүр сілкіндірді. Бұл үрдіс қазақ кинематографиясына келуі мүмкін бе?

– Қазақ кинематографиясының негізгі үрдісі сол. Егер де кино образ, кейіпкер жанының психологиялық тұстарын көрсете алмаса оны шын туынды деу дұрыс болмас. «Кейіпкер сюжетке ме әлде сюжет кейіпкерге қызмет қылуы керек пе?» деген киногерлер арасында сауал бар. Әрине, сюжет кейіпкерге қызмет қылады. Ең маңыздысы адам, ең аяулысы кейіпкер. Сценарий тілінде кейіпкер аркасы деген түсінік бар. Яғни, кейіпкердің ішкі, сыртқы қақтығысы. Оның әлсіздігі мен күші. Неден басым, неден қорқады? Оның басты идеясы не? Осы сияқты сұрақтарға жауап беруін керек. Жағымды, жағымсыз кейіпкер деген болмайды. Антагонист, былайша айтқанда, басты кейіпкердің жауы. Оның өзіңде философиясы, шындығы, психологиясы бар. Арка деген сол. Кейіпкердің өзгеру процессі. Кім болды, кімге айналды?

– Айтпағым, біздің кинода коммерцияның көзі – комедия болып тұр. Мысалы, шетелдің ұлы режиссері Ноланның ерік жігері мен таланты жылтырақ пен шоуға батып бара жатқан Голливудтың ремейкі тұсында өзінің ауыр философиялық фильмдеріне экшнді қосу арқылы жағдай жасауға, бай болуға болатындығын көрсетті. Бізде олай істеу мүмкін бе?

– Мүмкін. Қазақстан нарығы сол бағытқа келе жатыр. Байқасаңыз, басқа да жанрдағы фильмдер қомақты касса жинады. Өз басым, комедияны жақсы көремін. Француздардың комедиясы қызық. «Топас» санатындағы комедиялар да қатты ұнайды. Кейбір «ұлы ой» айтқысы келетін «драмалардан» гөрі «топастықта» үлкен ой жасырынып тұрады. Комедия – ұлы жанр. Неге біз одан қашуымыз керек? Чаплиндер қай жанрда ойнап еді? Комедия – астарлау арқылы драмалық сұраққа жауап беру. Бұл жанр әлімсақтан қазақтың жанына жақын. Сатира, қара юмор, қағытпа қалжың. Көп қой, жалпы. Мысалы, Нұрлан Қоянбаевтың ерінбегеннің барлығы сынайды. «Қазақша бизнесі» тамаша дүние ғой. Басты идея – отбасы. Ағайын арасындағы ауызбіршілік, ынтымақтастық. Алишер Утев сценарийін жазып режиссер болған «Қазақша бизнес: Бразилияда» орта жастағы крезисті әдемі көрсеткен. Оның не екенін біле қоймайтын біз, шынымен «крезис» барын түсінеміз. Осы фильмдегі псевдопатриот сияқты қызық образдар бар түсінген жанға.

Кино ең алдымен коммерция. Сенің дүниеңді халық көрмесе оның несі ләззат? Кино ақша әкелуі керек. Кез келген өнер монетизациялануы тиіс. Сонда ғана өркендейміз.

Ауыр ойларды арқалаған киноны қоя тұрып, көріністерінде үнсіздігінің өзі сөйлеп, ой айтып тұратын, жанның нәзік тұстарын зерделейтін, өзін тануға, өзін тану арқылы әлемді тануға жетелейтін фильмдер де керек. Ол дегеніміз әдебиетті фильмге әсем енгізу іспетті. Ол ирандық режиссер Асгар Фархадидің кинолық сахналарында байқалып жатады. Осының бәрін өз фильмдерімізден көргіміз келеді. Әлде бәрі режиссерге байланысты ма?

– Өте дұрыс ой қозғадыңыз. Кино тілі деген де сол – ол үнсіздік. Сценарийіңіздің бір беті толығымен тек диалогтан құрылса оны қоқысқа тастай беріңіз. Кино – бұл қарекет. Кейіпкердің көзі, мимикасы. Детальдарды сөйлету. 2004 жылы жарық көрген Оңтүстік Корея режиссері Ким Ки Дуктың «Пустой дом» фильмінде басты кейіпкер мүлдем сөйлемейді. Бірақ, оның қарекеттері арқылы барлығы айқындалады.

Режиссер ол дирижер сияқты. Ол тек сценарий һәм актермен жұмыс істеуді ғана емес, сондай-ақ, оператор жұмысы, костьюм, жарық, монтаж, бояу тағы да басқа да қаншама дүниені бір адамды білуі тиіс.

Қорыта айтқанда, әдебиет пен кино екі бөлек әлем. Бірінің орнын бірі алмастыра алмайды.

– Риясыз сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Әділет ШОПЕН

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.