Биыл жұмысшы мамандықтар жылы. Ұлттық статистика бюросының дерегінше былтыр елімізде еңбекке жарамды адам саны 9,6 млнға жеткен. Соның 2 млн 300 мыңы жұмысшы мамандығы бойынша нәпақа тауып жүргендер. Әдетте, жұмысшы мамандығы дегенде біздің көз алдымызға тас қазып, тау қопарып иә болмаса көше сыпырып, көлік жөндеп жататын кәсіп иелері елестейді. Бір қызығы ақпараттық технология саласы қарыштап дамыған қазіргі күнде телеоператорлардың еңбегі де жұмысшы мамандыққа жатқызылған екен. Әдетте, көпшілік көрермен көретін дүниені таспалайтын телеоператорлардың жұмысы немен ерекшеленеді екен? Осы сауалға жауап іздеп РТРК «Қазақстан» АҚ Ұлттық арнасының телеоператоры Жанболат Қобдабайдан шағын сұхбат алған еді. Бірге көз жүгіртіп шығайық.
-Жанболат, телеоператорлық қызметтің негізгі мақсат-міндеті туралы не түйдің осы күнге дейін?
-Телеоператорлық — тек техникалық жұмыс емес. Бұл – өнер. Камера арқылы біз тек күнделікті тірлікті бейнелеп қана қоймаймыз. Айналадағы жанды-жансыз барлық дүниені дүрді тартқандай қарап, қалт жібермей қалың көрерменге жеткізуіміз керек. Мен үшін әр кадр – әлемнің бір бөлігі, ал әр ракурс – сол әлемді түсінудің бір жолы. Бейне арқылы біз тек сыртқы дүние емес, ішкі әлемді де көрсетуге тырысамыз.
-Телеоператорға керек қасиет қандай?
-Менің көпшілік жұрт бейнекамерамен жұмыс істегенде тек техникалық дағдылар керек деп ойласа қателеседі. Жоғары да айттым бұл өнер деп. Сондықтан басқа да жұмыс түрлері секілді бұл жұмысқа да алдымен жүрек керек. Камераның артында тек құралдар емес, адамның ойы, сезімі мен көзқарасы жатыр. Бейне – жай ғана көрініс емес, ол – ішкі дүние мен әлемді түсіну жолы. Камераны меңгерген адамның көзі мен жүрегі де айқын болуы керек.
-Осы уақыт ішінде түсірген ең есте қалған жобаларыңыз қандай?
-Әр түсірілімнің өз ерекшелігі бар. Бірақ мен үшін ең маңызды жобалардың бірі – Мемлекет басшысының пресс пулында қызмет атқару. Бұл үлкен жауапкершілік. Әлемдік деңгейдегі оқиғаларды түсіру – бұл тек кәсіби шеберлікті талап етпейді, ол нағыз тарихи сәттерді қалдыру. Сол сияқты, деректі фильмдер мен арнайы репортаждардың орны бөлек. Қыры мен сыры көп басқа әлем. Телеоператордың басты мақсатым – сол маңызды сәттерді қас қақпай таспаға түсіру. Өйткені сен қазір таспалап жатқан дүние ертең тарихқа айналады.
-Техникалық құралдардың өзгеруі сіздің жұмысқа қалай әсер етті?
-Техника үнемі дамып отырады, бірақ оның өзгеруі менің жұмысымның мәнін өзгертпейді. Камералар өзгеріп, сапа артса да, бейненің мәні өзгермейді. Әрқашан маңыздысы – мазмұн мен мағына. Ал камера – тек оның құралдарының бірі. Біз сол құралдармен бейненің шындығын жеткіземіз.
-Жастар жағы қазір осы бір мамандыққа яғни, телеоператорлыққа қаншалықты қызғады?
-Әрине, әркімнің өз қалауы бар! Деседе, дәл осы мамандықты меңгергісі келетін жас буын көп. Бірақ олар тек техниканы меңгеріп қоймай, әлемді көруге, оны сезінуге үйренуі керек. Камераның алдында тұрған адам – тек құралды пайдаланып қана қоймай, түсіріп тұрған тақырыпқа терең бойлай білуі тиіс. Телеоператорлық – бұл кәсіби дағды ғана емес, жан дүниеңмен түсіну және оны қалт жібермей түсіру. Әрбір кадр, әрбір түсірілім – бұл өмірдің бір сәтін бейнелеу, сол сәтті ұмытылмас етіп көрсету.
-Жалпы өнер мен мәдениетіті бейне таспаға түсірудегі телеоператордың рөлі қандай?
-Телеоператор үшін бұл үлкен жауапкершілік. Біз тек техникалық жұмыс істемейміз, біздің міндетіміз – өнер болсын, мәдениет болсын тіпті спорт болсын соның болмысын көрсету. Әрбір түсірілім – бұл халқымыздың тарихы мен тылсым болмысы. Әр бейне – біздің мәдениетіміздің бір бөлігі. Біз, телеоператорлар, сол тарихи сәттерді жоғалтпай, сақтап қалуға тырысамыз.
-Сіз үшін телеоператор болу деген не?
-Телеоператор болу – бұл шеберлік, жауапкершілік, және ең бастысы – өмірді сезіну. Мен үшін телеоператорлық – жай ғана мамандық емес, бұл – өмірдің мәнін түсіну. Біз камера арқылы шындықты, әр сәттің маңызын көрсетуге тырысамыз. Әрбір кадр – ол тек бейне емес, ол бір тарих. Сол тарихты көрерменге жеткізу біздің міндетіміз.
-Әңгімеңізге рахмет!