19-08-20 |
2120 рет қаралған
Карантиндегі кәсіп: Үй ауласындағы фотостудия.
Карантиндегі кәсіп: Үй ауласындағы фотостудия

Әлемдік пандемияға байланысты жарияланған карантин мен шектеулер кей кәсіпкердің кәсібін тұралатты, кей кәсіпкердің кәсібін өрге сүйретті. Шымкент қаласының тұрғыны Жансәуле Айнабаева екіншілердің қатарында.

Оның үй ауласынан ашқан «Домик в деревне» фотостудиясы қала тұрғындарына керемет көңіл күй сыйлайды. Қақпадан аттағаннан-ақ ерекше атмосферасын сезініп, бір сәт күйбең тірлікті ұмытасыз. Ол карантин кезінде жұмысынан бөлек, шығармашылықпен айналып, суретке түсетін локациялардың қатарын көбейтті.

фото: Әйгерім Бегімбет
фото: Әйгерім Бегімбет

– Ата-енемнің қолында тұрамыз. Бұл жер атамның бағы болатын. Егін егуге жарамайды деген соң, осыншама жерді қалай пайдаға асырса болады деп ойланып жүретінмін. Мәуелі ағаштар бүршік жарып, жапырақ жайғанда немесе сарғайып жерге түскенде айнала құлпырып шыға келеді. Осы жерге қыздарымды телефонмен фотосуретке түсіретінмін. Қазір үлкен қызымның жасы 15-те. Өзім жұмыстан қолым қалт еткенде интерьер-дизайнмен айналысқанды жақсы көремін. Алдымен үйден бастадым. Өз талғамыма сай безендіріп шықтым. Сосын аулаға көштім.

Әжемнің ескі себеттері мен гүл салатын вазаларын қайта боядым. Атамның отынға деп шығарып қойған тапшанның баспалдағын шапқызбай алып қалдым. Жәшіктерден тумбочка жасап, кітап салып қойдым. Кіші қызым 3-4-те еді. Қоймай суретке түсіремін. Бір күні отбасымызбен Алматыға қыдырып бардық. Сол жерде дүкеннен сүйкімді кішкентай үйшік көрдім. Көз алдыма сол үйшіктің үлкейтілген нұсқасы біздің бақта, ағаштың түбінде тұрғанын елестеттім. Бірден шеберлерге көлемін айтып, тапсырыс беріп кеттім, – дейді Жансәуле.

Ана бір бұрыш Италияны еске салады, күйсандықта ойнай алсаңыз тіпті ғажап. Ал қақпаның сол жағынан бой көтерген мына бір жаңа локация жас жұбайларға арналған.

Жансәуленің жаны әдемілікке әуес, сұлулыққа құштар. Сондықтан болар мұндағы әрбір фотозона ерекше талғаммен жасалған. Оның ойы, бақтың айналасына әдемі локация құрып, келген кіші мен үлкенге қуаныш сыйлау, табиғат аясындағы сұлулықты сезіндіру болатын. Қазір бұл мекен жас жұптың бір-біріне кіршіксіз махаббат сезімін білдіретін, отбасы мүшелері мен дос-құрбылардың қуана бас қосатын жып-жылы мекені.

фото: Әйгерім Бегімбет

– Мен алтын бұйымға қызықпаймын, тақпаймын. Алтындарымды сатып, айналаны безендіруге майда-шүйде заттар сатып алатынмын. Басында кейбірі түсінбей «қоқыр-соқырдың бәрін жинап, не істемекшісің?» дейтін. Алматыда тапсырыс беріп кеткен үйшігім 1,5 айда дайын болды. Оның артқы жағына сабаннан тағы бір локация жасап қойдым. Ең алғаш орыс, одан кейін кәріс отбасы келіп, фотосессия жасады. Ұнағанын айтып, алғыстарын жаудырды. Сондай-ақ, Австралиядан саяхатқа келген бір отбасы да инстаграм арқылы бізді тауып алып, фотосессия жасатып кетті. Осылай жай-жай танылып келеміз. Жалға алу құны 1 сағатқа 7500 теңге. Фотограф қызмет ақысы бөлек.

Барынша төмен бағаны қойдым. Өйткені, кез келген адамның қалтасы көтере алатындай болса дедім. Менің ойымша адам бір жетістікке жету үшін отбасының қолдауы аса маңызды. Ата-енем өте жақсы адамдар. Қолдауын көрсетіп, ақыл-кеңесін беріп, бала-шағама бас-көз болып отырады. Қандай істі бастасам да нәтижеге қол жеткізбей қоймаймын. Жобалау компаниясында жұмыс істеймін. Қосымша желілік компанияларда істеп, директор статусына дейін көтерілдім. Киім, төсек-орын жабдығын саттым. Әжетхана қағазын да шығардым. Ата-енем «жассыңдар, ұмтылыңдар, қарап отырғанда сендерге ешкім ешнәрсе әкеп бермейді» деп отырады, – дейді ол.

Ол төтенше жағдай кезінде қол қусырып, қарап отырмады. Бала-шағасымен бірге гүл, ағаш егіп, баптады. Сондай-ақ, бұл идеяны тіркетіп, патенттеп алған. Карантин кезінде ысырапшылдықтың, даңғазалықтың тоқтағаны, адамдардың отбасы мен жақындарына көңіл бөліп, бірге уақыт өткізіп жатқандары қуантатынын айтады.

фото: Әйгерім Бегімбет

– Карантинде бір сәт те тынбай жұмыс істедік, гүл, сәндік ағаштар ектік. Күйеуіме «ананы жасап берші, мынаны жасап берші» деймін. Ол басында істегісі келмей істейтін. «Қаланың шеті, бұл жерге кім келеді?» дейтін. «Көресің, әлі бұл жер күшті болады, айдаладағы демалыс орындарына да адамдар барып жатыр ғой. Ешкім келмегеннің өзінде бала-шағамыз, өзіміз рахатын көреміз» дедім. Біраз қаржы кетті. Көп зат шеберлердің қолынан шыққаннан кейін қымбатқа түсті. Кей бұйымдарды өзге елден тапсырыспен алдырдым. Бар ойым – сапалы, әдемі, ерекше дүне жасау болды. Қазір қаланың көп фотографтары клиенттерін осында әкеліп, фотосессия жасайды.

фото: Әйгерім Бегімбет

Осы карантин кезінде 300-500 адамды шақырып, той жасау, даңғазалықтың тоқтағаны маған ұнады. Менің ойымша, той ең жақын деген 40-50 адаммен тойлану керек. Мысалы, әжем інісінің баласының баласы жасаған тойға бармайтынымыз үшін «неге тойға бармайсыңдар, неге араласпайсыңдар?» деп ренжиді. Әрине, туыстық байланыс үзілмеуі керек, араласу керек. Бірақ бірер сағатта өтіп кететін тойда, даңғырлаған жерде қалай араласасың? Араласқысы келетін адам арнайы үйіне шақырады. Өткенде жаңалықтардан Шымкенттің өзінде 400-ден астам тойхана бар екенін естідім. Қайран есіл ақша. Сол ақшаның орнына қанша зауыт бой көтеруге болатын еді. Күнде ананың тойы, мынаның тойы деп тойанамызды ала жүгіріп, бала-шағаға көңіл бөлмей қойған едік. Карантин демалысты бала-шағаға арнау керектігін, олар бір сәтте өсіп кететінін, тапқан табысты қажетсіз нәрсеге емес, отбасыға жарату, бос жүрістен бас тарту керектігін ұғындырды. Өзімнің қыздарым күні бойы телефонға шұқшиып отырмайды, бұрынғы кірпіш телефон ұстайды. Мен оларға «әлем қайда дамып бара жатқанын қараңдаршы. Ертең сен қандай келін болғың келеді? Орамал тағып, үй тірлігінен әбіржіп, ешнәрсеге үлгермей жүргің келе ме? Әлде мен сияқты үйі бар, көлігі бар, бизнесі бар, жұмысы бар, отбасына да үлгеретін, көзі ашық, саналы адам болғың келе ме? Таңдау өздеріңде деймін. Сондықтан олар көп кітап оқиды, тіл үйренеді, пайдалы іспен айналысады. Қазір Абай атамыздын 45 қара сөзін жаттап жүр. Еліміз үшін, әлем үшін дұғадамыз, осы індеттен тезірек айығайық. Ешкім ауырмасыншы, – дейді Жансәуле.

фото: Әйгерім Бегімбет

 

Әйгерім Бегімбет, arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.