Әлеуметтік кәсіпкерліктің жалпы түсініктегі бизнестен қандай айырмашылығы бар? Осындай іскерлікпен кім айналыса алады? Қандай пайдасы бар?
Танымал әлеуметтік кәсіпкер Эмин Аскеровпен (суретте) Назарбаев Университетте өткен VIII Еуразиялық жоғары білім беру көшбасшыларының форумы кезінде әңгімелесуге мүмкіндік туды.
– Әлеуметтік кәсіпкерлікті қашан бастадыңыз?
– Әлеуметтік кәсіпкерлікпен 2015 жылдан бері айналысып келемін. Қазір осы кәсіпті бүкіл еліміздің аумағына таратып жатырмыз. Өзім туып-өскен шығыс өңірде «әлеуметтік қызметкер» мамандығы бойынша білім алған едім, қазіргі жұмысымның осы салаға тікелей қатысы бар.
– Қателеспесем, сіз бұрын Назарбаев Университетте жұмыс істедіңіз.
– Иә. 2012-2015 жылдар аралығында осы университетте қызмет еттім. Назарбаев Университетте жүргенімде, яғни 2014 жылы бір жаңа тренд туралы естідім. Ол – әлеуметтік кәсіпкерлік еді. Қатты қызықтым. Мен әрдайым адамдарға көмектескенді ұнататынмын, әрі бизнеспен де шұғылданғым келетін. Осылайша, әлеуметтік кәсіпкерлікпен танысып, өзімнің айналысқым келетін ісім осы екенін түсіндім. Қалай жүзеге асыру керектігін бір жыл бойы зерттедім де, осыдан тура төрт жыл бұрын, яғни 2015 жылы жұмыстан босату туралы арыз жазып, университеттен кеттім.
– Назарбаев Университет Қазақстанда ғана емес, бүкіл посткеңестік елдер ішіндегі үздік жоғары оқу орындарының бірі. Әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысу үшін осындай айтулы жұмыс орнын қалайша қиып тастап кеттіңіз?
– Бір жыл бойы дайындалдым. Әрине қиын болатынын түсіндім, бірақ шын мәнісінде мен ойлағаннан да қиын болды. Дегенмен де, кеткеніме қуаныштымын, өз орнымды басқа саладан таптым.
– Өкінбейсіз бе?
– Жоқ. Өкінбеймін. «Өзіңе ұнамайтын жұмысқа баруға – өмір қысқа» демекші, бұл жерде бәрі бірсарынды, үйреншікті болып кетті. Өзімнің дамымай жатқанымды байқадым. Уақыт – біздің ең қымбат ресурсымыз. Алтын уақытымды іс жүзінде айлық жалақыға айырбастап жүргенімді түсіндім.
– Сіздер нақты қандай іс атқарасыздар?
– Әлеуметтік осал топтардың жұмыспен қамтылуы мәселесін шешумен айналысамыз. Біздің өндірістік шеберханаларымыз бар, сонда әр-түрлі себептермен әлеуметтік тұрғыда әлсіз деп есептелетін адамдарды жұмысқа орналастырамыз. Жиһаз шығарамыз, киім тігеміз, темір бұйымдарды дәнекерлеу қызметін ұсынамыз, көркемдеу-безендіру, киіз басу, сондай-ақ полиграфия тәрізді қызметтер көрсету бағыттары да бар. Жақында саңырауқұлақ өсіруді бастаймыз. Осы бағыттар аясында ел ішіндегі әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған, мұқтаж жандарды тегін оқытып, жұмысқа орналастырамыз. Қазір бізде жұмыс істейтін қырық екі адамның отыз сегізі әлеуметтік осал топқа жатады.
Сонымен қатар, былтыр әлеуметтік кәсіпкерлік мектебін аштым. Сондай мектептерді енді еліміздің басқа аймақтарында да ашып жатырмыз. Өйткені азаматтық қоғам осындай игі істермен айналысқысы келетінін көрудемін. Қазіргі таңда біз өзіміз үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін де қызмет етуге пісіп жетілді. Әлеуметтік кәсіпкерлердің көбеюі үшін, осы аспектердің барлығын үйретуге тырысамын. Менің ойымша, бірінші кезекте бұдан мемлекет ұтады, өйткені азаматтық бастамалар өз қаражаттарына еліміздің әлеуметтік саласындағы өзекті мәселелерді шешуге дайын.
– Мектептер ашып жатырмын дедіңіз. Оларда не оқытасыздар?
– Астанамызда алғашқы мектеп былтырдан бері жұмыс істеп тұр, қазір аймақтарда да ашып жатқанымызды жаңа айттым. Биыл осындай мектептер Қарағанды қаласы мен Өскеменде де келушілеріне есігін айқара ашты. Ол мектептерде тыңдаушыларды бірнеше күн ішінде табысты әлеуметтік кәсіпорын ашудың қыр-сырларымен таныстырамыз, әр-түрлі құралдарды үйретеміз. Осындай әлеуметтік кәсіпорындар мемлекетке тәуелді болмай, коммерциялық тәсілмен жұмыс істей отырып, әлеуметтік мәселелерді шешуге ұмтылады.
– Әлеуметтік кәсіпкерлікпен кім айналысы алады?
– Ешқандай шектеу жоқ. Кез-келген адам бел шешіп кірісе алады. Мен нөлден бастадым. Ешқандай өндірістік орыным, материалдық артықшылығым болған емес. Ең бастысы – неліктен осы істі қолға алғыңыз келетінін, қоғамдағы кейбір түйткілді мәселелерді қалай өзгерте алатыныңызды нақты білуіңіз керек, не себебті осындай шешім қабылдағаныңызды, басқаларға қалай көмектесе алатыныңызды айқын түсінуіңіз қажет.
– Әлеуметтік кәсіпкерлік пен әдеттегі бизнестің айырмашылығы неде?
– Әдеттегі бизнестің басты мақсаты – ақша табу, яғни тек қаржылай табыс үшін жұмыс істейді. Ал біздің мақсатымыз әлеуметтік мәселерді шешумен анықталады. Қоғамда неғұрлым көбірек проблемалар шешсек, соғұрлым өзімізді табыстымыз деп есептейеміз. Мысалы, мен өзімнің жетістігімді ақшамен емес, жұмысқа орналасқан адамдардың санымен есептеймін.
– Эмин, әлеуметтік іскерлікпен айналысуға өзіңізді қалай ынталандырасыз?
– Адамдардың сізбен жұмыс істей жүріп, жақсы жаққа өзгергеніне куә болу, ол кісілердің адал еңбегімен қаражат тапқанын көру – ынталандырады. Ең бастысы ақша емес. Кедей адам – ақшадан басқа еш нәрсесі жоқ адам. Біз қиын жағдайдағы немесе ерекше қажеттілігі бар адамдарға көмектесеміз, өмірлерінің жақсы жаққа өзгеруіне септігімізді тигіземіз. Байлығымызды осылай есептейміз.
-Қоғамға пайда әкеліп жатырсыздар. Сіздерді қолдаушылар бар ма?
– Қазіргі кезде әлеуметтік кәсіпорын құру үшін гранттар тәрізді мемлекет тарапынан, әртүрлі халықаралық қорлар тарапынан берілетін біршама қолдау бар. Сол себепті, осы жолға түскісі келетіндер бірінші кезекте өздеріне «ақша немесе өндірістік үй-жайды қайдан алам?» деп емес, дұрысы мынадай сұрақ қоюы тиіс: «мен не үшін осы іспен шұғылданғым келеді?». Егер, сіздің уәжіңіз түсінікті, ашық, игілікке бағытталған болса, демеушілер де, гранттар да, ақша да сізді табады.
Сұхбаттасқан – Нұржан Жеңіс
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024