arasha.kz

Қазіргі қазақ ұлтшылдығы қандай?

фото: surak.baribar.kz

Ұлтшылдың мәселесі әркез сөз болып тұрады. Мәселен, 11 тамызда Қазақстанның коммунисттік партиясы радикалды ұлтшылдыққа баға беруді сұрап, бас прокуратураға ашық хат жазды. Бұл хат әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Осы орайда саясаттанушы, конфликтолог Мұхтар Сеңгірбаймен бір жыл бұрын болған қазіргі қазақ ұлтшылдығы жайлы сұхбатты жариялап отырмыз. Сұхбатта айтылған дүниелер қазіргі кезде де өте өзекті.

Мұхтар Сеңгірбай/фото: minber.kz

Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы, конфиликтолог:

– Қазір Қазақстанда қазақ ұлтшылдығы бар ма?

– Ұлтшылдықтың мағынасы кең, сипаты да алуан түрлі. Қазіргі кезде Қазақстанда кең ауқымдағы ұлтшылдық бар және ол өсіп келеді. Ұлтшылдықты жаман деп те жақсы деп те айтуға болмайды. Әрі ол үшін ешкімді кінәлаудың да керегі жоқ.

Қазақ ұлтшылдығы мемлекет дамуының бір белесі. Даму сатысы сол белесте тұрғандықтан оның болуы заңдылық. Себебі қазақ ұлты бұған дейін мұндай деңгейдегі қайта түлеуді, ұлттық оянуды бастан кешірген жоқ.

– Ұлттық жаңғыру болған жоқ дейсіз ғой.

– Ұлттық-рухани жаңғыру болған жоқ. Тәуелсіздік бізге қантөгіспен, күреспен келмеді. Ал қазір жаңа буын ұрпақ өсіп-жетіліп, олар «Біз қандай ұлт болуымыз керек, қандай мемлекет құрамыз?» деген терең сауалдарды ой елегінен өткізіп жатыр.

– Қазіргі ұлтшылдықты қандай түрлерге бөлуге болады?

– Ұлтшылдық деген сөздің өзі саяси термин. Кез келген ұлтшылдық бірден саясатқа барып тіреледі. Сондықтан оны әлеуметтік, тұрмыстық басқа да деңгейде деп қарастыруға келмейді. Мәселен, тіл мәселесін алып қарастырсақ ол да тікелей мемлекеттік тіл саясатының проблемасы екенін көреміз. Және тұрмыстағы әрбір ұлттық реңкі бар дүниені саяси құралға айналдырып, күрестің қозғаушы күшіне айналдыруға болады. Өйткені ұлттық мәселе дегеніңіз өте нәзік, өте шетін нәрсе. Ол – ұлттық тарихы, салт-дәстүрі, тарихи тұлғалары, ұлттық сенімі, ұлттық намысы сынды әр ұлт үшін ұлттық құндылықтарды құрап тұрған дүние.

– Ал билік пен ұлтшылдықтың арақатынасы қандай болу керек?

Бұған дейін билік қазақ ұлтшылдығы туралы көп ойланған жоқ. Ойланса да оны қауіп көрді. Қазіргі қазақ ұлтшылдығы «Желтоқсан» көтерілісі кезінен қалыптасқан саяси түсінікпен қарастырып келеді. Яғни билікке қазақ ұлтшылдығы қауіпті, агрессияшыл болып көрінеді және оны басып тастауға болады немесе алдап-сулап сабасына түсіруге де болатын нәрсе деп есептейді. «Желтоқсан» көтерілісі – қазақ ұлтышлдығын саяси мәні бар қозғалыс деп бағалаған жоқ. Бұл таза советтік түсінік. Өкінішке қарай, сол түсінік қазіргі биліктің де санасында сақталып қалды. Бірақ кейінгі кезде билік қазақ ұлтшылдығының потенциалын, оның құбылыс екенін әрі бұл елдегі саяси ландшапфт өзгертуге қауқары жететінін енді түсініп келе жатқандай. Билік қазақ ұлтшылдығына қатысты ерекше қадамдар жасамаса да белгілері бар. Мәселен, Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты қос мақаласын айтуға болады. Мақала қазіргі қазақ ұлтшылдығының қуатын сезіне отырып, өзге де парралельдерді есепке алып жазылғаны байқалады. Осындай қадамдар 90-шы жылдары қабылданғанда қазіргі Қазақстанның ұлттық саясаты басқаша болар еді. Ол кездегі демографиялық жағдай, ұлтшылдықтың деңгейі басқаша болды. Мысалы, Сәбетқазы Ақатаев басқарған ұйым бар болатын. Осындай ұлтшылдық элементтер қоғамда болғанымен ол тым шашыраңқы еді. Одан бері де ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Жас буын өсті. Ұлтшылдық жаңа сипатқа ие болып, оның талаптары да өзгерді. Десе де қазіргі қазақ ұлтшылдығы үлкен қоғамдық қолдауға ие болып, ұлттық саясаттың ықпалды құралына айналған жоқ. Сондай-ақ, билік болашақта ұлттық саясат қандай болады, ондағы қазақтың және өзге диаспералардың ролі қандай болмақ дейтін сауалдарға әлі жауап бере алған жоқ. Ал Мәулен Әшімбаевтың «Қазақ халқы – мемлекет құрушы халық екенін ашық мойындауымыз керек» деген сөзі қазақ ұлтшылдығының мәдени бағытқа ойысу мүмкіндігін бар екенін көрсетеді деп ойлаймын.

– Қазіргі ұлтшылдықтың деңгейін немене өлшеуге болады?

– Оның деңгейін білу үшін жан-жақты әрі кешенді әлеуметтік зерттеулер жүргізілуі шарт. Және ол түрлі аспектілерді: тұрмыстағы ұлтшылдық, тілдегі ұлтшылдық, мәдени ұлтшылдық тағы басқаларын қамтуы керек. Ал жалпы ұлтшылдықтың өршу тенденциясы бізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде жүріп жатыр. Мәселен, Ангилияның Еуропа одағынан шығу процесі де ұлтшылдықтың белгілері. Қазақстан өзге елдерден айырмасы біздің елде ұлттық саясат әлі күнге айқындалмаған.

Ал қазіргі ұлтшылдықтың деңгейіне келсек, әлеуметтік желілерді сырттай бақылаушы адам ретінде оны қауіпті деңгейде деп бағалаймын. Ұлтшылдыққа келгенде көп адам эмоцияға беріледі, тіпті кейде шовинистік ұстанымдар да байқалады. Әлеуметтанушылар осы параметрлерді алып, ондай көзқарастағы адамдар қанша, неліктен ондай көзқарасқа келді дегенді зерттесе, байыбына барса, сонда біз қазіргі ұлтшылдықтың қауіпті деңгейге қалайша жеткенін біле аламыз.

Бізде жалған ұлтшылдық деген түсінік бар. Және ұлтшылдықты популизмге айналдырған адамдар бар. Оны жеке бастың мақсатына, қызметке жету, лауазым алу, қоғамға танымал болу, жұртқа жақсы көріну үшін де ойын құралына айналдыратын азаматтар көп. Қазіргі қазақ ұлтшылдығы осындай нәрселерге елікпеу үшін не істеу керек?

Бір қызығы, ұлтшылдық пен популизмнің арасы өте жақын. Егер ұлттық бойында зайырлы, толерантты, сабырлы ұлтшылдық бар болса, ондай ұлт популизмге жол бермейді. Ұлтшыл адамның популист ал ұлтшылдық популизмге айналдыру оңай. Себебі ұлтшылдықпен бірге эмоция, еліктірме ұрандар жүреді. Жалпы дінде және ұлтшылдықта адамдарды мобилизациялау өте жеңіл. Сондықтан қай заманда да ұлтшылдардың арасында популистер яғни жалған ұлтшылдық көп болады. Мұндай жалған ұлтшылдық қазір Италияда, Шығыс Еуропа елдерінде көп кездеседі. Жалған ұлтшылдықты жалау етіп билік басына келіп жатқан адамдар да бар. Мұндай жалған ұлтшылдар тобы бізде көп және одан келетін ықтимал қауіп те бар. Ұлтшылдықтың потенциалын, қаупін билікте, халықта, саясаткерлер де түсінеді. Әрине, қазақ ұлтшылдығын қаруға айналдырып, құрал ретінде қолдану оңай. Оның үстіне бізде оппозициялық партиялар жоқ. Егер алдағы уақытта оппозициялық партия құрылып, ол популистік бағыт ұстанып, халықтың қолдауына ие болып кетуі әбден мүмкін нәрсе.

Халық жалған ұлтшылдық пен шынайы ұлтшылдықты ажырата білетіндей көзі ашық, саяси сауатты болуы керек. Меніңше, ұлтшылдық дегеніміз, ол өз кәсібіңе адалдығың, мемлекетке, қоғамға пайдаң тиетін азаматтық ұстанымың, көзқарасың, патриоттық сезімің. Жалған ұлтшылдық қанат жайған қоғамда шынайы ұлтшылдардың тасада қалу қаупі жоғары.

– Ұлтшылдықтың мәдени деңгей қандай деп ойлайсыз?

– Мәдени деңгейі жоғары, зайырлы ұлтшылдықтың көрінісі аз. Оған себептің бірі – еркін баспасөздің болмауы, ұлтшылдықты талдап түсіндіретін, адамдардың еркін пікір алмасатын ақпараттық алаңның жоқтығы. Өкінішке қарай қазір әлеуметтік желіде жалған ұлтшылдықты желеу еткен популизмнің, блогшылар, айғай-аттан ұраншылардың даусы басым болып тұр.

Билік түрлі жолдармен көрініс тауып жатқан қоғам бойындағы ұлтшылдықтан сақтанатын секілді. Мұны қалай түсіндіруге болады?

– Оны ұлтшылдықтан сақтану деп айтпас едім. Ол – режимге төнген қауіптен сақтану. Қандай формада, қандай көзқараста болмасын елді кезіп жүрген революция елесінен қорқу – автократияның болмысы. Жалпы ұлттық саясатқа бағытталған ұзақ мерзімді дүниелерді мемлекеттік аппарат бір өзі іске асыра алмайды. Сондықтан үкімет қоғамның шынайы қолдауына ұмтылуы керек-ақ.

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Өміржан Әбдіхалықұлы

Exit mobile version