16-05-22 |
1740 рет қаралған
«Қазақ тілі мен орыс тілінің конфликтісі ұзаққа созылса, ұлттық қауіпсіздікке үлкен соққы».
«Қазақ тілі мен орыс тілінің конфликтісі ұзаққа созылса, ұлттық қауіпсіздікке үлкен соққы»

Тарихи және басқа да факторларға байланысты елімізде әлі күнге дейін тіл мәселесінің шешімі табылмай келеді. Оның үстіне қазақтілді сапалы контенттің аздығы орыс тілінің ықпалын одан сайын күшейтіп жіберді. Қазақтілді және орыстілді мектептер арасындағы қайшылықтың да бар екені жасырын емес. Қазақстан қоғамында «аралас мектептерді мүлдем жауып тастау керек» деген де пікір бар. Осы ретте, сарапшылар мұндай жағдайлардан келешекте идеологиялық әралуандық болуы мүмкін екенін айтады. Осыған орай, қоғам белсендісі, тіл жанашыры, Нұр-Сұлтан қаласы №90 мектеп-гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлымен әңгімелестік.

Аятжан Ахметжанұлы
Аятжан Ахметжанұлы

– Стратегиялық тұрғыдан қараған кезде қазақтілді мектептер мен орыстілді мектептердің тепе-тең болмауы болашақта қандай оқиғаларға алып келуі мүмкін?

– Шыны керек, қазіргі қоғам – екітілді қоғам. Орыстілді қоғам басқа ақпарат, қазақтілді қоғам басқа ақпарат тұтынады. Екеуінің арасында белгілі бір деңгейде конфликт бар ма? Бар… Ал бұл конфликт ұзақ сақталса мемлекеттің орнықтылығына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен соққы…

Расын айтқанда, жекеменшік орыс мектептерінің кейбірінде Қазақстанның оқулығымен оқытпайтындары бар. Стандарт бойынша бәрі тұрса да, бірақ кабинетте басқа дүниені жүргізеді. Мұның бәрі жеке мәселе емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Өйткені, бала – ұлттың болашағы. Біздің алдымыздан тағдыр жасалып жатыр. Ойлаңыз, бір елдің баласы әртүрлі идеологиямен тәрбиеленгені – қиын жағдай. Қазір бізде шетелге қарап ұлитын қауым көп қой. Сондықтан бұл идеологиялық мәселе.

– Қазір қазақ сыныбы мен орыс сыныбының үлес салмағы қалай?

– Қазіргі таңда қазақ сыныбы мен орыс сыныбының үлес салмағы 71-29% айналасында. Орыс сыныбы 22%-ға дейін түскен. Кейінгі жылдары қатты көтеріліп кетті. Қазір ҰБТ тапсырып жатқан түлектер 76% қазақ тілінде, 23% орыс тілінде, 1% ағылшын тілінде. Бұл біртұтас бір ұлт, бір тіл ретінде біріге алмай жатқанымызға кедергі келтіреді. Бір мемлекет, бір тіл, бір ұлт. Әлемде ұлт деген түсінік азаматтық деген түсінікпен бірдей. Қазақстанның паспортын көтеріп жүрсің бе онда қазақсың. Қытай паспортын көтеріп жүрсің бе онда сен қытайсың. Біз бір мемлекет, бір ұлт, бір тіл айналасына біріккенде ғана тұтастыққа шақыра аламыз. Қазақстан көп ұлттың ортақ мекені  болса, қазақ тілі көп ұлттың ортақ тіліне айналуы керек.

– Жастардың діни догмаларға, түрлі саяси күштердің ықпалына еруінің астарында елдегі білім саласының әлсіздігі жатыр. Ал олар негізгі білімді мектептен алады. Осы бағытта не істеу керек?

– Ең алдымен мектептердің жағдайы толыққанды реттелуі керек. Кез келген мектеп бір ауысымды жұмыс істесе, баламен толыққанды жұмыс жасай аласың. Біліміңді, тәрбиеңді бересің. Ал қазір бізде үш ауысымды мектептер көп. Ал ол мектепте тәрбиемен айналысу мүмкін емес. «Ата-ана тәрбиемен айналысу керек» дегенмен жартылай келісемін, жартылай келіспеймін. Отбасын асыраудың қамымен баласымен кездеспейтін ата-аналар бар. Ол қиын. Сондықтан ең алдымен мектеп жетіспеушілігін шешуіміз керек. Екінші мәселе – білім сапасы. Білімді адам догмаға ермейді. Білімді, инттеллектуал адам сараптама жасай алады. Дұрыс не қатесін ажырата алады. Ал білімсіз адам ұрынады. Сол үшін бізде білім сапасын әлі де көтеретін дүние көп. Білім мен тәрбиеге байланысты бізде істелетін шаруа өте көп.

– Осы ретте, әлеуметтік желілерде ата-аналар мектептердегі оқулықтардың сапасына, оның күрделілігіне шағымданады. Мәселе неде?

– Екі түрлі дүние. Біріншіден, ата-аналар өзі оқыған заманның оқулығымен салыстырады. Ол – қателік. Мысалы, бір ғана компьютерлік технологияның келуі ғылымға төңкеріс жасады. Бұрынғы 80-90-шы жылдардағы химия пәні қазір жоқ. Онымен ешкімді оқыта алмайсың, жаңарып кетті. Бұл мәселеге түсіністікпен қарау қажет. Екіншіден, жаңартылған бағдарламаның тұсында біраз қателік кетті. Енді оқулықтың қатесі туралы біраз әңгіме айтып жүрміз. Осы бағытта комиссия құрылып, қазір бағдаларманы қайта жазу мәселесі көтеріліп жатыр. Сол реттелсе, бәрі дұрысталады деп ойлаймын.

– Сіздің ойыңызша, Қазақстанның білім саясатында  қандай олқылықтар кетіп жатыр?

– Біз 28 жыл бойы білім саласына мемлекеттің 10-шы мәселесі ретінде немқұрайлы қарадық. Кім көрінген педагогикалық мамандыққа оқуға түсті. Мұғалімдердің құқығы, мәртебесі ешкімді қызықтырмады. Сондықтан мектепке дұрыс адам жоламайтын күйге түсті. Солардың кесірінен білім саласы біліксіздердің ордасына айналып кетті. Ал оны түзетуге соңғы 2-3 жылда біраз жұмыстар істеліп жатыр. Бірақ бұл кемінде 10 жылсыз нәтиже бермейтін жұмыстар. Білім саласында жасалып жатқан тірлік әлі де жеткіліксіз. Әлі де қатқыл шешімдер керек.

– Мәселен, қандай шешімдер ұсынасыз?

– Елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу жобасы тұр. Менің есебім бойынша, биыл 11 сыныпты 170 мың бала бітіреді. Ал төртінші сыныпты 390 мың бала бітіреді. Яғни төменде демографиялық дүмпу келе жатыр. Бұл дегеніміз – 1000 мектеп жобасы мәселені шешпейді. Екіншіден, мықты әрі заманауы мектептер тек қана астанада салынбауы қажет. Ол аудан, облыс орталықтарында, қалаларда салыну керек. BINOM секілді мектептер Петропавлдан, Екібастұздан, Атбасардан салынуы қажет. Әйтпесе, ішкі көші-қон бізде былығып кеткен. Соның кесірінен бір жылда астанада 25-30 мың бала мектепке барады. 30 мың бала жаңадан қосылады. 3 мың бала деп есептесең бір жылда астанаға 10 мектеп сала алмайды. Неге астанаға жұрт келеді? Өйткені, бренд мектептер астанада салынып жатқаннан кейін сапалы білім іздеп келеді.

– Қалай ойлайсыз, білім саласына популизмнің кесірі тиіп жатқан жоқ па?

– Популизм қай салаға кесірін тигізбей жатыр?! Барлық салаға зиянын тигізіп жатыр. Бізде популизм қайдан шығады? Бейкәсіби түсініктерден шығады. Мәселен, білім туралы, тәрбие туралы журналистерге сұхбат берген кезде «осы дүниеге менің айтуға қақым бар ма, мен осы саланың маманымын ба?» деген ішкі сұрақ болуы қажет. Осы сауал барлық салада, әрбір адамда болуы тиіс. Мәселен, қазір маған халықаралық саясат, халықаралық экономика, мемлекеттік саясат туралы сұрақ қойсаңыз жауап бермеймін. Себебі, білмеймін. Білім саласына «менің балам оқиды ғой» деп жұрттың бәрі пікір білдіре береді. Сіздің балаңыз оқығаны маңызды емес. Бұған кәсіби тұрғыдан қараған дұрыс. Сондықтан популизмге ұрынбас үшін қоғамды салалық мамандардың пікіріне жүгінуге үйрету қажет деп ойлаймын.

– Ұлттық мектептер желісін ашу туралы бастамаңызға қандай проблема себеп болды?

– Әлемде білім брендтерінің моделі бар. Мысалы, фин, Сингапур мектептерінің моделі, кеңестік мектептің де өзіндік моделі болды. Бірақ тәуелсіз Қазақстанның 30 жылында білімнің брендін жасай алмадық. Екіншіден, 10 жылдан бері білім саласын сынадым. Ал мектеп директоры қызметіне бренд жасау мақсатымен келдім. Өзім көздеген, армандаған ұлттық мектептің жұмыстарымен айналыстым. Осы бағытта Қайым Мұхамедханов атындағы №90-гимназияда ұлттық мектептің үлгісін жасап жатырмыз. Ұлттық мектептердің тәрбиесі, білім беруі, ішкі мазмұны деген дүниелерде біраз тірлік атқардық. Мектепке кіргенде Томиристен бастап, тәуелсіз Қазақстанға дейінгі бүкіл тұлғалардың портреттері тұр. Алаш қайраткерлері, Қазақстанның ХХ-ғасырдағы астаналары және баспасөз құралдары тұр. Солардың бәрі балаларға тәрбие. Балаға «жақсы бол» деп тәрбие берсек, жақсы болмайды. Баланы ортасы тәрбиелейді. «Мектебіңіз қазақтың жанына жақын болған кезде ғана біз болашақ үшін аянбай серттесе аламыз» дейді Мағжан атамыз. Біз «мектебіміз ұлттың жанына жақын ба?» деген оймен осы дүниені жасап отырмыз. Одан бөлек, қазақтың әрбір мерекесін тойлаған кезде де тарихи тұрғыдан балаларға терең түсіндіреміз. Қазаққа тысқары келген мерекелер тойланбайды. Пәнге келер болсақ, сол пәннің мазмұнына қазақтың дүниетанымындағы дүниелерді қоса сіңіру, қазақтың түсінігімен жеткізу мәселесі тұрады. Кейбір мектептер қазақ күресін енгізе салады да ұлттық мектеппіз дейді. Олай болмайды. Ұлттық мектепте тұтас тәрбие шарасы, спорттық, мәдение, білім бәрінің мазмұнында қамтылып жату керек.

Өкінішке қарай, 2017 жылдан кейін халықтың қайтадан баласын орыстілді мектептерге жіберіп жатқанын көріп отырмыз. Жекеменшік орыс, жекеменшік ағылшын тілінде оқытатын мектептердің тіпті әлемдік HAILEYBURY SCHOOL сияқты мектептердің Қазақстандағы үлгілерін көріп жатырмыз. Бірақ олардағы тәрбие мәселесі, тәуелсіз Қазақстанның құндылық мәселесі шыны керек жүрек ауыртады. Бір мектептің қауқарының аз екенін көргеннен кейін, әр облыста ұлттық мектептер желісін құру арманына келдік. Сол бастаманы көтердік.

– Экономикалық тұрғыдан қарағанда, білімнен бизнес жасау тиімді ме?

– Егер бизнес деп қарасаң онда ешқашан табысқа жетпейсің. Ал егер білімді ұлттың болашағы деп қарап, жұмыс істесең жетістікке жетесің. Жетістікке жетсең ол бизнес ретінде дами береді. Өйткені, сапа бар жерде клиент бар. Сапа жоқ болса клиент те жоқ. Мың жерден сыртын жалтыратсаң да, сапа бермесең дым пайдасы жоқ.

– Аралас мектептердің қандай қауіп-қатері бар?

– Аралас мектепке келген кезде менде көзқарас басқа. Біздің қоғам мұндай мектептерді біртұтас жауып тастау мәселесін жиі көтереді. Бірақ оны біртұтас жаба алмаймыз. Егер орыс, қазақ, ұйғыр мектептерін бөлек-бөлек қойып қоятын болсақ, бізде идеологиялық мәселе былығады. Ұйғыр мектебі өзінше, орыс мектебі өз қалауынша, қазақ мектебі өзінше тәрбиелейді. Осылайша, елімізде әртүрлі ұрпақ өсіп шығады. Біз дәл қазіргі таңда өзге тілді мектепті бірінші кезекте аралас мектепке айналдырып алуымыз керек. Одан кейін біртіндеп қазақшаға ауыстыру қажет. Мемлекеттік саясат осыған бағытталу керек.

– Қазақстанның білім деңгейі мен сапасын қалай бағалайсыз?

– +3-ке бағалаймын. Бірінші, білім сапасын айтсақ, Қазақстанда сапалы білімді беріп отырған санаулы мектептер. Әлемдік додада да жүлде алып жүрген осы азғантай мектептер. Мәселен, Білім-инновация лицейі бар, Назарбаев зияткерлік мектебі деген сынды. Ал жалпылық мектептер бәсекеге қабілетсіз. Дамыған мемлекеттер екі ауысымды мектеп десеңіз күле қарайды. Ал бізде үш ауысымды, апаттық жағдайдағы мектептерге түсіністікпен қарап отырмыз. Әлем виртуалды лабораториялармен жұмыс жүргізіп жатса, біз қарапайым лабораторияларды жасақтап бола алмай жатырмыз. Әлемдік мектептерде робототехникамен, дрондармен мектептерді ұштастырып жатыр. Бізде санаулы мектептер болмаса стандарт мектептер әлі ХХІ-ға өте алмай жатыр. Қарапайым интернеттің өзі жоқ. Сондықтан Қазақстанның білім деңгейіне нашар баға беремін.

Одан кейін, біздегі көп мәселе өрт сөндірумен айналысады. Уақыттық мәселелермен айналысады. Егер біз білім саласына 10 жыл нақты мазмұн беріп қарасақ, біз үлкен деңгейде дүмпу көреміз. Яғни үлкен деңгейде инттеллектуалдық қосын келеді. Білім саласы мемлекеттегі бірінші мәселе деп қараған кезде ғана мәселе шешіледі.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан – Назерке Еркінқызы, arasha

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.