Индивидуализмге бел буған қоғамбыз. Қазір адамдар қолдауды адамнан күтпейді, ойындағы сауалына жауапты ғаламтордан іздейді. Өйткені ішкі проблема өзгені қызықтырмайды. Десек те, өз бағытын тапқан, тұлғалық дамуды бас ұранға қойған жастар қатары көбейіп келеді. Соның бірі – Қайрат Такиров. Арман қуып, Астана қаласында, бүгін де логистика мамандығын тәмамдауға жақын, мотивациялық видеолары арқылы өз аудиториясы бар студент.
Сұхбат барысында ол өзінің алғашқы қадамдары, мотивациялық контент түсіру идеясы және бұл бастаманың оның жеке тұлғасына қалай әсер еткені туралы ашық әңгімелеп берді.
–Әлеуметтік желіні жүргізу қашан ойыңызға келді? Өз парақшаңызды жаңғыртуыңызға не себеп?
-Әлеуметтік желіні қолға алуға күнделікті ойларым мен түйген нәрселерді жазу бәлкім бала кездегі тұйық мінезімді ашуға, іштегі қорқыныш пен үрейді жеңуге себеп болды. Кейін Астанаға келіп, студент атандым. Жаңа адамдармен танысып, мүлде бөлек ортаны байқадым. 1-2 курс қалыптасу кезеңі болды. Қанша оқып, өзім туралы қазбаласам да, бәрібір өзгерудің шешімін таба алмадым. Біреуге еліктеп, қандай керемет адам, тұлға десем де, сондай болу ойымда болған емес.
–Тәуекел етуге не себеп болды?
-Бұрын анамның ойына тәуелді едім. Шешім қабылдар алдында, мен бірден қоңырау шалатын жан сол. Ересек өмірге қадам басатын өзім, содан миға түскен алғашқы сигнал: Бұл өмірді сүріп жатқан мен, қиыншылықтан өтіп жатқан өзім. Ақшаға бола қиналудың қажеті жоқ. Содан «общепит» жұмыстан шығып, бірден фитнес залға жазылдым. Тұла бойымды қамшылау арқылы, дисциплинаға үйрендім. Спортпен шұғылданудың арқасында, өзіме деген сенімділік пен бірге мінезде қалыптаса бастады. Еліктеуіш қасиеті жоқ, басқаларға қарап, жақсысын алып, өзіндік тұлғалық архетипті дамыта бастадым. Жаныма жаңа адамдар тартылып, кеңес сұраушылар қатары көбейді.
Әлеуметтік желінің бастауы
Парақшамды қолға алып, оны орыс тілінде жүргізе бастадым. Одағы мақсат – өткен мен сияқты өзін-өзі таба алмай жүрген жандарға үндеу жасап, депрессиядан шыға алмай жүргендерді қайта сапқа тұрғызу, қоғамға пайдалы болу. Бастапқыда жұмыс өніп, қаралым саны көбейіп жүрді. Сол кезде, тіркелуші саны 5000 болып, тоқтап қалды. Өзімді бір деңгейде тұрып қалғандай сезіндім. Қайта досымның берген кеңесі- парақшамдағы контентті «қазақ тілінде жүргізіп көр» дегені әсер етті.
«Кринж» болудан қорықпау
Кейде ең абсурд болып көрінген ойлардың өзі кейін ең тиімді идеяға айналуы мүмкін. Досының айтқан кеңесіне жүгінген Қайраттың контенті келесі күні 60-70 мың қаралымға дейін өсетінін кім білген.
Байқаған нәрсем: Tiktok қосымшасында қазақ тіліне жанашыр қоғам өсіп келеді. Оң пікір қалдырушы саны күрт өсті. Қазақ тілін қолдаған, ана тілін сүйген жас буынды көру бөлек сезім екен.
«Қазіргі Қайрат» қандай?
–Сенің ойындағы идеал адамды қалай елестетесің? Қайталап айтсам, өзіңді…
-Барлық жақтан баланс ұстаған индивид. Спорт жағынан болсын, білім, жеке өмірде, өте сауатты, саналы, өзгелермен еркін коммуникацияға түсе алатын адам.
–Ол сыртқы фактор болып көрінбей ме? Мысалы біреу математикадан мықты болғанымен, басқа саладан осал болуы мүмкін. Осы жерде «Бір жаманның бір жақсысы болады» деген оймен келісесің бе?
-Қиялымдағы адам, өзін құрастырып келе жатқан адам. Мені көргенде энергия алып, мотивация беріп, адамдардың жанын емдей алатындай қоғамға пайдалы болу – менің принципіме айналды.
–Сен үшін қазір ең бағалы нәрсе – не?
-Жан тыныштығы. Жақындарымның амандығы.
–Егер қоғамда бір ережені өзгерту қажеттілігі туындаса, бірінші нені өзгертер едің?
-Мемлекетте, қоғамның сыртқы иә ішкі факторы болсын барлығына дерлік әсер ететін – әділдік. Қалай өзгертеміз? Өзгерісті адам өзінен бастағаны абзал. Оған көп жыл, күллі буынның ауысуы қажет шығар. Бізден кейінгі ұрпақ сол әділеттілікке жетсе деймін. Сол үшін тер төгу маңызды-ақ.
–Мәселен, сен қоғамда айрықша рөлі бар саяси фигурасың делік. Белгілі бір мәселе төңірегінде қоғам алдында сөз сөйлеу қажет болса, қандай тақырыпта сөз қозғар едің?
-Әділетті қоғам жайында. Әр адамның қоғам алдындағы жауапкершілігі мен атқаратын рөлі. Еркін тақырыпта кездесу орын алса, тұлғалық даму жайлы сөз қозғар ем.
–Қарап бой түзер, үлгі алар адам кім?
-Мен бұрын Марғұлан Сейсембайды көп тыңдайтынмын. Қазір оның орнына Айдын Рахымбаевты, «Iqanat» қамқоршысын айтар ем. Екі тұлғаны салыстырсақ, бой түзер «краш» Айдын Рахымбаев болар. Марғұлан Сейсембайдың жағдайы жақсы, өзін дамытқан бір тұлға, бірақ Айдын ағамызды қоғамға пайдасы тиген жанның бірі деп білемін.
–Толығырақ айтып берсең?
-Iqanat деген ол ауыл балаларын біріктірген орта. Әр нәрсенің құнын білуді үйреткен жер. Мектеп басшысы мен еден жуушы қызметкер арасындағы теңдікті көрсеткен мекен. «Қарапайымдылық» сөзін бойға сіңіртіп, бар баланы бір сапқа қойған шеңбер. Осы кеңістікке ауыл-аймақтан балаларды шақырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға грант табыстап, ел қатарлы білім алуды мақсат еткен Айдын ағаға алғысым шексіз.
–Өткен буын мен біздің буынды біріктіретін не? Олардан айырмашылығымыз қандай? Эйджизм бар.
-Бізде еркіндік басым. Қазіргі жастардың көбі еркін ойлайды, басқа адамның ойына тәуелсіз. «Ешкімге ештеңенің дәлелдеудің қажеті жоқ» деген ұстаным шығар.
Түйін
Қайрат Такировтың өмір жолы мен ойлары қазіргі жастарға тұлғалық даму мен өзін-өзі табу жолында үлгі болары анық. Ол мотивациялық контент арқылы адамдарға шабыт беріп қана қоймай, қоғамның дамуына өз үлесін қосып жүр. Әділеттілік, қазақ тілін насихаттау және тұлғалық өсу – Қайраттың басты ұстанымдары. Осындай идеялары мен құндылықтары арқылы ол болашақта көптеген жасқа мотивация беретін тұлға ретінде танылуы мүмкін. Оның философиясы қарапайым: өзгертуді өзіңнен баста, сонда қоғам да өзгереді.
Дарина ТАУПИХОВА
-
10.01.2025
-
10.01.2025
-
10.01.2025
-
10.01.2025
-
10.01.2025
-
10.01.2025
-
10.01.2025
-
10.01.2025
-
10.01.2025