arasha.kz

«Қазақстандағы шынайы өзгеріс билік ауысқан кезде ғана орын алады»

Елімізде 5 маусым күні Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтті.

Небәрі бір ай ішінде ұйымдастырылған саяси процеске және оның қорытындысына қоғам және тәуелсіз бақылаушылар тарапынан күдік көп.

Айтуларынша, қаңтар оқиғасынан кейін көп уақыт өтпестен елдегі протестік көңіл-күй мен сенім қалпына келді дегенге сену қиын. Өйткені, елде әлі күнге дейін шынайы саяси-экономикалық реформалар болмады.

Осы ретте, саясаттанушы Димаш Әлжанов референдумның демократия талаптары сай өткізілмегенін және қоғам тарапынан түсінбеушілік жағдайлары бар екенін алға тартады.

– Тәуелсіз эксперт ретінде елімізде өткен референдумның көрінбейтін тұстары туралы айтсаңыз. Әдетте әлем елдерінде референдум осындай үлкен агитациялық-пропагандалық жұмыстар арқылы өте ме?
– Шындығында, ондай салмақты (маңызды) агитация болмады. Мұнда танымал саяси технология қолданылды. Референдумға берілген бір ай уақыт ішінде әсіресе Қазақстан жағдайында (оппозициялық партиясы жоқ, азаматтық қоғамы қысым көретін елде) қоғамды біріктіру мүмкін емес, бұл кезде қоғам мұның дұрыс не бұрысын түсінбей қалады. Бұған қоса, өзгертулер тізімі мен агитация сол уақыт аралығында өтсе онда бұл мерзім өте аз.
Қазақстанның саяси режимі елде сөз бостандығы мен саяси пікірталастың (осы өзгертулерді түсіндіруге көмектесетін) жоқ екенін түсіне тұра бір ғана мақсатты алға қойды. Яғни референдумды алдын ала (референдум өтпей тұрып) белгілі нәтижесімен барынша тез өткізуді мақсат етті. Осылайша, сайлау комиссиясы арқылы бәрі бақыланып, тезірек қажетті нәтижені алу көзделді. Біздің бақылауымызша, ел тұрғындарының көп бөлігі бұл референдумдағы өзгерістерді дұрыс түсінбеген.  Саяси режим өкілдері әлеуметтік желіде азаматтардың сауалдарын манипулятивті арнаға бұру үшін тек саяси ұрандарды ғана қолданды. Яғни осы өзгертулердің негізін ашып көрсетпеді. Олар айтқан суперпрезиденттіктен классикалық президенттік жүйеге көшу туралы ұрандарының салмақты мазмұны жоқ. Билік ұсынған пропагандалық роликтен қоғам ақпараттандырылған болып есептелмейді. Мұнда халықтың пікірі ескерілмеген. Сол себептен, бұл референдум демократиялық тәжірибелерге сәйкес келмейді. Демократиялық елдерде олай өтпейді. Авторитарлы мемлекеттерде ғана осылай өтеді.

Сонда демократиялық елдерде референдум қалай ұйымдастырылады?

– Демократиялық елдерде билікті бөлу жүйесі бар. Яғни онда заң шығарушы орган парламент заң шығару бастамасы бойынша айрықша құқыққа ие. Ол конституциялық өзгерістерге инициатор (бастамашы) болады. Атап айтқанда, осы мақсатта бейтарап комиссия құрылып, оның ішіне оппоцизия өкілдері, биліктегі партиялар, халықаралық эксперттер, азаматтық қоғам өкілдері кіреді. Олар консенсус негізінде конституциялық өзгерістің базалық негізгі принципін жасайды. Мұнда парламент ашық болғандықтан азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері жиналыстарға қатыса алады немесе трансляция арқылы қарай алады. Сонымен қатар конституциялық өзгерістер талқыланса ол процесс инклюзивті болады және ұзақ мерзімде болады. Сосын сол пікірталасты азаматтар бірнеше айлар бойы тыңдайды, қарайды. Осылайша, бұл процесс азаматтар информация алатын атмосфера айналады. Артынша консенсусқа жеткен соң, процессуалдық сауалдар референдумға қойылады. Нәтижесінде азаматтар референдумға барып, бюллетенге жауабын жазарда бұл өзгерістердің мазмұнын өте жақсы түсінетін деңгейге жетеді. Мұның бәрі демократиялық процедуралар. Ал Қазақстанда бұлар жоқ, тіпті институттар негізінен алғанда да. Нақтырақ айтқанда, тәуелсіз парламент, шынайы оппозиция болмаған мемлекеттерде мұны жүргізу мүмкін емес. Бұл процесс авторитарлы модельге арналмаған.

– Референдум өткізу туралы шешім елдегі протестік көңіл-күйді басу әрекеттері ме? Жоқ әлде келесі президенттік сайлауға дайындық барысы ма?

– Мұнда екі факторда бар. Біріншіден, қаңтар оқиғасы немен аяқталғанын жақсы білесіздер. Наразылықтың қысымы және биліктің тосқауылымен аяқталды. Алайда саяси режим өзгермеді. Н. Назарбаевтың мұрагері билігін сақтап қалды. Оған кепілдік береді, мұрасын сақтайды дегендей. Назарбаевты мәңгі ету үшін Конституцияға елорданың атауын ауыстыру үшін өзгерістер енгізбеді. Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев пен оның отбасын биліктен аластатуы – ағымдағы режимді тұрақтандыру үшін жасаған әрекеттері. Одан кейін имидждік жаңғыру және Тоқаевтың легитимділігін күшейту факторы бар. Ал референдум осының бәрін жүзеге асырудың ыңғайлы тәсілі. Косметикалық өзгерістер ұсынады, бірақ шын мәнінде ешнәрсе өзгертпейді. Тоқаев барлық билікті өзінде қалдырып, оған қоғамдық мандат береді. Қоғам конституциялық өзгерістерге «иә» дей отырып, Тоқаевқа дауыс бергендей болады. Яғни осындай қулық жасырылған.

Екіншіден, «қоғам қалай қабылдайды» деген мақсатпен келесі сайлауға техникалық дайындалу барысы десек болады. Егер есіңізде болса, наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев электронды дауыс беруді қосатынын және оның бірнеше күнге созылатынын айтқан еді. Бұл – ресейлік схема. Нақтырақ айтсақ, РФ-да конституциялық реформа үшін референдум жасау мысалы. Яғни барлық белгілері бойынша келесі сайлауда қандай техникалық қиындықтармен бетпе-бет келуге тура келеді соны анықтау қажет болды. Мәселен, бақылаушыларға мүмкіндікті қалай аз етуге, сайлауды қалай бақылауға және сайлау нәтижесі үшін системаны қалай өзгертуге болады деген сынды мәселелерді анықтағысы келді.

– ОСК-ның референдум қорытындысына (дауыс берушілердің 68,05%-ы қатысқан, қолдағандар – 77,18%, қарсылар – 18,66%) саясаттанушы ретінде көзқарасыңыз? Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

– Таза сайлау өткен жоқ. Референдум өз белгілері бойынша өтпеді. Ал нәтижесі жалған хаттамаларға негізделген. Мен алдыңғы жазбаларымда референдум қорытындысы 75% шамасында болады деп айтқанмын. Бұл олардың көздеген цифры. Бірақ тәуелсіз бақылаушылардың дерегінше, аймақтар мен Алматыны қоса алғанда қатысушылар 35%-дан аспады.

Сондықтан «иә» деген жауап шындыққа сәйкес келмейді. Әкімшілік ресурстарды қоса алғанда, тіпті бюджет қызметкерлерін күштесе де өздері жариялаған 68%-ды жинай алмайтын еді. Көпшілік қарсы болды. Олардың режимге, референдумның шынайылығына сенімдері жоқ. Мұның барлығы референдум өткізу арқылы Тоқаевты қолдау мақсаты сәтсіз аяқталды дегенді білдіреді.

Заң бұзушылықтар мен тәуелсіз бақылаушыларға қысым жасау әрекеттері тұрғысынан алғанда бұл жолы өткен парламент сайлауына қарағанда қатал өтті. Азаматтардан референдумға қатысты деген есеп сұрап, қысым жасады.

Осыған орай, біз қазір деректерді жинастырып жатырмыз. Алдағы уақытта соған сәйкес, шынайы картинаны шығаратын боламыз. Жаңа айтқанымдай, тәуелсіз бақылаушылардың ұйымдасуы үшін бір ай жеткіліксіз. Сондықтан біз ресми деректерге үлкен күдікпен қарауымыз қажет.

– Жаңа Қазақстанның саяси процесінде ескі тәсілдерді қолдану нені білдіреді?

– Бұл дегеніміз – елдегі билік өзгермеді. Маңызды саяси-экономикалық өзгерістер болмайды. Протестті басып тастағаннан кейін Тоқаевтың легитимтілігі әлсіз. Оны қоғам мойындамайды. Оның президенттілігі барлық көрсеткіші бойынша тұрақты репрессияға негізделетін болады. Жалғандық, өздері қалаған картинаны алуға тырысу әрекеттерінен қоғамның сенімі артпайды.

– Биыл еліміздің саяси бағыты қалай өзгеруі мүмкін?

– Салмақты өзгерістерді күтудің қажеті жоқ. Қазақстан енді қаңтарда болған оқиғаларға қатысты траекториямен жүретін болады. Бағаның күрт көтерілуі, экономиканың күрт төмендеуі жаңа наразылықтарға себепкер болады. Бұдан көретініміз – Тоқаев өзгерген жағдайға бейімделуге және қоғамның демократияландыру туралы талаптарына толықтай қабілетсіз екенін көрсетіп, ситуацияны одан сайын қиындатып жатыр.

Ал Қазақстандағы шынайы өзгеріс билік ауысқан кезде ғана орын алады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Назерке Еркінқызы, arasha

Exit mobile version