29-10-23 |
1090 рет қаралған
«Қазақтың қолынан іс келмейді дегенге өз басым келіспеймін!».
«Қазақтың қолынан іс келмейді дегенге өз басым келіспеймін!»

Шымкент қаласынан Қостанайға қоныс аударған 17 жастағы студент Бағдәулет Ермекбайдан оңтүстіктен солтүстікке көшуіне кім себеп болғаны, Қостанайдағы білім беру деңгейі және жергілікті халықпен тіл табысуы туралы сұрадық.

– Қостанайда қай уақыттан бері тұрып жатырсыз?

– Мен Шымкентте туғанмын. Ата-анам сонда. Қостанайда 2020 жылдан бастап тұрып жатырмын. Оның алдында келіп-кетіп жүргенмін. Сол кезде 9-сыныптан кейін Қостанай қалалық автомобиль колледжіне түсуді жоспарладым. Өйткені жыл сайын Қостанайға демалыс кезінде туыстарыма демалуға келетінмін. Туыстарым шамамен 1990 жылдан бері осында тұрады.

– Сонда оңтүстіктен солтүстікке көшуіңізге туыстарыңыз себепкер болды ма?

– Оқуға Қостанайға келуіме әкем себепші болды. Менен «Қандай мамандыққа қызығасың?» деп сұрады. Көлікке қызығамын дедім. Оқу орнын «Қостанайға барып қара» деді. Сосын осында Шымкенттен арнайы келіп, оқу орындарымен танысып, көлік слесарі мамандығына оқуға түстім.

Әкем жүк көлігінің жүргізушісі. Жұмыс бабымен Қостанайға келіп тұрады. Оңтүстіктен оқуға келгендер негізінен жатақханада тұрады. Бірақ маған әкем оқуға түспес бұрын осы жақтан үй алып берген. Ол маған «Шымкентте жүрсең, оқымайсың» деді. Сосын Қостанайға жіберді. Мен де Шымкенттен кеткім келді. Басқа қала көріп, жер ауыстырып, білім деңгейімді өсіріп дегендей.

– Қостанайдағы білім беру деңгейіне көңіліңіз тола ма?

– Қостанайда білім беру шамалы жоғарылау екен. Адамның еңбегін бағалайды. Кезінде мектепте қатты оқымағанмын. Бірақ үш жыл болды үздік студентпін, жоғары шәкіртақы аламын.

– Дос табу, жергілікті халықпен тіл табысуда қиындықтар болды ма?

– Маған орысша сөйлеу шамалы қиын болды. Қазір де орысша емес, қазақша сөйлеймін. Қазақ балаларымен жақсы тіл табысып кеттім. Олар менімен қазақша сөйлесуге тырысады.

– Жаңа бір сөзіңізде «еңбек бағаланады» деп айтып қалдыңыз. Соған қарағанда қосымша жұмыс істейсіз бе?

– Ай сайын жалақы алатын жұмыс емес. Оқып жатқан мамандығым техника, автокөлік саласы болғандықтан осы Қостанайдағы Allur автоөндірісіне жиі барып тұрамын. Еліміздегі алдыңғы қатарлы автоөндірістерінің бірі деп айтуға әбден болады. Автозауыт қазір құрастырып шығарады ғой, алдағы жылдарда автобөлшектерді өзімізде өндірсе деген ұсынысым бар, оған концерннің әлеуеті жетеді.

– Сіздің мамандығыңыз техника саласы. Жалпы қоғамда ұлты қазақ техника мамандарына сенбейтіндер көп. Соған қарап қазақтың қолынан авто-инженерлік келмей ме деген ой келеді?

– Иә, қоғам болған соң түрлі адам, түрлі ұстаным болатыны заңды ғой. Бірақ қазақтың қолынан іс келмейді дегенге өз басым келіспеймін! Қазір, Құдайға шүкір, қолынан небір кереметтер келетін жастар көп. Сондай жастар ертеңгі ел болашағы болары сөзсіз!

– Алда қандай жоспарыңыз бар?

– Ендігі жоспар – колледжді бітіріп, жұмысқа орналасып, жоғары оқу орнына түсу.

– Сұқбатыңызға рахмет!

Дереккөз: baq.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.