Елімізде соңғы кездері саяси биліктің өзгерістер туралы мәлімдемелеріне қоғам тарапынан сыни пікір көп. Айтуларынша, әлеумет үшін маңызы бар әлеуметтік-экономикалық салада іс жүзінде батыл әрекеттер орындалмай отыр. Үкімет тарапынан жұмыссыздық, жалақының төмендігі, азық-түлік бағасының күрт қымбаттауы сынды мәселелерде нақты шешімдер жоқ. Осы ретте, саясаттанушы, публицист Сейдахмет Құттықадам аталған мәселелердің негізгі себебін ескі кадрлардың жаңармай отырғандығымен байланыстырады. Сондай-ақ, Қазақстан билігінің қазіргі іс-әрекеттері туралы және шынайы өзгерістер болуы үшін халыққа өз кеңесін айтты.
– Ел билігінің «Жаңа Қазақстан» деп жариялап, бұрынғы саяси әдіс-тәсілдерді қолдануын және реалды саяси-экономикалық реформалардың болмауын қандай факторлармен түсіндіресіз?
– Мен қазіргі президент Қасым-Жомарт Кемелұлын қолдап жүрген азаматпын. Тоқаев мырза әлемде, еуразиялық құрылықта және біздің елдегі ерекше күрделі заманда президент болып отыр.
Сондықтан оған өте қиын. Бірақ осындай жағдайларға сай, біраз мемлекеттерде ұлы тұлғалар пайда болған. Айталық, Ататүрік, Черчилль, Шарль де Голль, Махатхир Мохамад, Ли Куан Ю… Осы қатардан мен Тоқаевты да көргім келеді. Оның елді басқарған уақыты біздің тарихта ерекше орын алып, «казахское чудо» деп аталғанын тілеймін. Ал олай боламын десе, Қасым-Жомарт Кемелұлы елдің жағдайын реалды түрде көріп, шынайы реформалар жасау керек.
Қазіргі билік негізінен Назарбаев мектебінен шыққан – лас, өтірікшіл, жемқоршыл. Ол әлі тазармай тұр. Лексикасы өзгерген жоқ, психологиясы да бұрынғыша. «Ойбай, елді, халықты ойлайық» деп сайраған кезде ауыздарынан май тамып тұрады. Ал істеген жұмысына келсек, бәрі баяғыша. Оның негізгі себебі – тәжірибелері соған үйреткен. Осындайлар 30 жыл бойы билікте жүрді. Бірен-саран болмаса, басым көпшілігі елді ойлап, мәселе шешуге дағдыланбаған. Азаннан кешке дейін ойлайтындары ұрлық, жемқорлық, мансап. Жасағысы келсе де, жасай алмайды. Себебі, кәсібилігі жетіспейді және уақыттары өтіп кетті. Қазір заман бөлек, қаңтардан кейін халық қатты өзгерді. Осы күрделі заманға сай жаңа саяси технология, басқа әлеуметтік көзқарас керек. Сондықтан халықты басқару жүйесінде жаңадан көп нәрсеге үйрену қажет. Алайда, олар баяғыша әрекет етуде, осылай жылдан жылға балшыққа батып жатыр.
– Олардың дәуірі қашанға дейін созылады деп ойлайсыз?
– Бұл жерде бәрі президентке байланысты. Ол тез және батыл қимылдаса 10 жылдың ішінде тазартуға болады. Кідірмей, қазір бастау керек.
– 10 жыл тым көп емес пе?!
– Бұл оңай нәрсе емес… 30 жыл бойы былғанған елді тез тазарту оңайға түспейді. Ол үшін бүкіл халық болып сыбанып, шаршағанға қарамай жұмыс жасауымыз керек. Сол 10 жылдың аралығында біз мүлдем басқа мемлекетке айналуға тиіспіз. Сондай-ақ кадр құрамы бойынша мүлдем басқа деңгейге шығуымыз керек. Сөйтіп өмір сүру деңгейі бойынша, менталитеті мен әдет-ғұрпы, мәдениеті, жүріс тұрысы өзгерген, білімді қоғамға айналуымыз керек. Соңдай терең өзгерістер болмаса, біз тығырықтан ешқашан шыға алмаймыз, қайта күннен-күнге сол балшыққа бата береміз.
Ұлттық құрылтайда Тоқаев: «ескі кадрмен жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл — орынды сұрақ. Бірақ кадрларды біртіндеп ауыстыру керек. Мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет. Кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайды», деп айтқан еді. Дегенмен, жаңа Қазақстанды тек қана жаңа және қабілетті қадрлар құруы мүмкін екені анық қой. Оны Тоқаев қашан істейді уақыт кетіп бара жатыр емес пе?! Енді 3 жылдан артық, ел басқарғаны аз уақыт емес қой…
Осы уақыт көлемінде кем дегенде жарты кадрды өзгерту керек еді. Түсінемін, Тоқаевқа оңай емес, айналасындағы кадрдың көбі Назарбаевтан қалған. Олар оның әр қадамын, сөзін қадағалап тұрады. Десе де, президентке тез қимылдау керек. Өйткені, бізде шыдатпайтын мәселе көп. Әсіресе қаңтардан кейін халықтың шыдамы баяғыдай емес.
– Халықтың шыдамы демекші, қаңтар оқиғасынан кейін «әлеуметтік-экономикалық жағдайды дұрыстайды» деп жаңа Үкімет басшысын тағайындады. Бірақ елімізде, әсіресе батыс өңірде көп адам жұмыс орнын талап етуде. Жалпы, жұмыссыздықтың негізгі себебі неде?
– Жаңа Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ешнәрсе тындырмады. Өндіріс орындарын ашып жатқан жоқ, жұмыссыздық деңгейі бұрынғыша жоғары. Сондықтан жұмыстың көзін білетін, өте білімді және елді ойлайтын азамат келуі қажет. Әрине, ондай кадр табу оңай емес шығар. Бірақ іздесе табуға болады. Соңғы кездері Мұхтар Жәкішев және Сәуле Омарова көзге түсіп жүр. Сондай мамандарды жұмысқа тарту керек. Мүмкін алғашында кенесші ретінде сынап көру керек шығар.
Ал Қазақстандағы жұмыссыздықтың басты себебі – үлкен шенеуніктер және олигархтар ешнәрсе істемей тек шикізатты сатып, баюға үйреніп қалғандықтан. Қазір ол заман кетті деп ойлаймын. Өндіріс орындарын салмағандықтан жұммыссыздық белең алып отыр. Өткенде Тоқаев олигополия туралы айтты. Меніңше, олардың тек ақшасын тартып алмай, қалған қаржысына «өндіріс салыңдар» деп міндеттеу қажет сияқты.
– Сіздің ойыңызша, өндіріс орындарын ашуға не кедергі?
Бұрынғы кадрлар мен елдің байлығын тонап олигарх болғандар кедергі деп ойлаймын. Олар не жасау, қалай жасау керектігін білмейді. Азаннан кешке дейін ойлайтындары ұрлық, көз бояушылық, өтірік. Жемісті жұмыс істеп үйренбеген. Соңдықтан өтірік мақтау, өзімізді өзіміз алдау мен марапатты қойып, керісінше елде реалды не боп жатқанын, ащы шыңдықты айту керек. Сол кезде ғана біз өткір мәселелерге ем тауып, ауруларды жеңеміз.
– Жаңа өз сөзіңізде білікті, мықты мамандарды мемлекет ісіне араластыру қажеттігін айтып қалдыңыз, осы ретте, Қазақстандағы трагедиялық проблемаға кадр мәселесін жатқыза аламыз ба?
– Иә, қазіргі Қазақстандағы ең негізгі проблема – кадр мәселесі. Мұны шешпей ештеңе оңалмайды. Ал бізде жоғары жақтағы қызметке билік өздері сияқтыларды (балаларын, туыстарын, таныстарын) іріктеп алады. Ал дарынды, іскер, шынайы білімді азаматтар назардан тыс қалады. Одан кейін кадрлардың терең біліміне қарау қажет. Oxford немесе Harvard бітіргенге не жетсін?! Бірақ соларды бітірсе де, ол тек 10 % өмірлік білімге ие болады, қалған 90%-ды адамдар өз бетімен тынбай оқып-тоқып алу керек.
Қазір үлкен шенеуніктердің және олигархтардың балалары әртүрлі амалдармен шетел дипломдарын алады. Бірақ олардың мотивациясы елді дамыту, халықты байыту емес, керісінше өз қалталарын толтыру. Ондай «мамандардан» пайдасынан зияны көп. Демек, жас мамандарды отаншылдыққа тәрбиелеу керек.
Өкінішке қарай, Назарбаевтың заманы тек елді тонау мен шектелген жоқ, сондай–ақ кадр қырғынының заманы болды.
Оның себебі Нұрсұлтан Әбішұлы кәсіптік-техникалық училищені, кейіннен Қарағанды металлургиялық комбинатындағы Теміртау филиалын тәмамдады (кешкі оқу). Бірақ ол не оқу?! Ол қандай білім? Сондықтан білімі бар азаматтарды ол көре алмай, бәрін қудалады.
– Биліктен айырылып қалу қаупі болды ма?
– Иә, біріншіден қорықты. Екіншіден, білімді азаматтар өзінен мықтыға бағынады. Солай білімді азаматтар қудаланып, күрт азайды (шамамен 5%-дай).
Бұдан бөлек, трайбализм (рушылдық) деген бір үлкен дерт пайда болды. Кеңес заманының біраз ауыртпашылықтары болса да, рушылдық жойыла бастаған еді. Назарбаев келді де, өзінің руластарын тықпалай берді. Білімі бар ма, жоқ па оған қарамады. Айталық, надан інісі Болат Назарбаев бүкіл онтүстіктің кожайыны болды. Ойына келгенін жасады. Сөйтіп оған қарап басқалары да туыстарын айналасына шоғырландыра бастады. Осылайша, рушылдық қозып кетті. Қазір үлкен дертке айналды.
Егер Назарбаев емес, басқа біреу келгенде, мәселен Еркін Әуелбеков немесе Өзбекәлі Жәнібеков болғанда елдің жай-күйі мүлдем басқаша болатын еді. Бірақ, өкінішке қарай Назарбаев қулығымен, арамдығымен билікке келді.
– Әңгімемізді қазіргі жағдайға ауыстырсақ, өткенде президент дипломатиялық тілмен «келесі сайлауға түсемін» дегендей месседж жіберді. Қалай ойлайсыз, елде кезектен тыс президент сайлауы өтуі мүмкін бе?
– Кезектен тыс сайлау өткізудің қажеті жоқ. Себебі, біраз істер атқарылмады. Келесі сайлауға түскенде халық «президент мырза, осы 3 жылдан артық мерзімде не бітірдіңіз» деп сұрамай ма? Сондықтан осы қалған 2 жылдан аздау уақытта кемінде 50% кадрды өзгерткені жөн.
Егер сайлауға түсейін деп жатса халыққа жасаған істерін көрсету керек қой. Мәселен, кадрдың жартысынан көбін жаңарттым, «міне жаңа адамдар келді» дегендей. Сол кезде халық Тоқаевты қолдайды.
– Жақында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың халықпен кездесуі әлеуметтік желіге (видео) жүктеліпті. Сол видеоның астына қала тұрғындары Досаевқа «адамшылығы жоқ, халықты тыңдағысы да келмейді, жаңа Қазақстан деген осы ма?» деген сынды пікірлер қалдырған. Байқағанымыздай, қала басшысы тұрғындар сұрағын елегісі келмегендей көрінді. Сіздің ойыңызша, қаңтарда ірі көтеріліс болған қалада осындай (халықтың сұрағына немқұрайлы жауап беретін) басшыны қою қаншалықты дұрыс?
– Иә, алматылық ағайын «біздің қаламызға неге жөні түзу әкім тағайындалмады» деп айтып жатыр. «Мәдениетті қаланың бірегейі. Өзіміз әкім сайлайық» деген сынды ойларын да жеткізді. Менің ойымша, біз әкімдерді сайлауға көшуіміз керек, әрине төменнен бастап.
Сосын біздегі күштік құрылымдар мен құқықтық жол мүлдем бұзылып кеткен. Меніңше, Ішкі істер министрлігін азаматты қорғау министрлігі жасау керек. Әр азаматты қорғауымыз қажет. Ал бізде қазір азаматты қорлау министрлігі болып жатыр. Олар тек жеке бастары мен бастықтарының тапсырмасын орындайды. Осыны өзгертпей біз ел бола алмаймыз. Елде жағдай болмаса билікте жүргендердің де келешегі болмайды. Ұрлық, адамға зорлық жасау деген сынды рухани аурулар тарайтын ауруларға жатады, осының бәрі кейін балаларына да жұғады. Енді ол қандай келешек?!
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Ли Куан Ю, Уинстон Черичилль, Шарль де Голль, К. Адэнаур олар өті білімді, мәдениетті адамдар болған. Бірақ елдің жағдайын көтеруге келгенде қаталдық танытқан. Жалпы ел басшысы халыққа жұмсақ, шенеуніктерге қатал болу керек.
– Билік тарапынан сөз бен істің арасындағы алшақтық әлі де кездеседі. Осы ретте, халыққа қандай кеңес бересіз? Не істеу керек?
– Жалпы, халықтың жағдайы өте қиын. Оны қаңтар оқиғасы көрсетті. Сондықтан ел болашағы үшін халық үніне құлақ асу қажет деп ойлаймын. Билік өзін және өзінің келешегін ойласа халықтың жағдайын жасап, түсінгені жөн.
Халыққа айтарым, біріншіден, қалай болғанда да өздері ұйымдасып, жаңадан партия құрса немесе бірігіп клуб ашып, елдің қоғамдық-саяси өмірін талқылап, өз ойларын жеткізсе деген тілегім бар. Екіншіден, біздегі интеллигенция яғни, зиялы қауым бірігіп, ақылдасып ел жағдайына алаңдауы қажет. Осы ретте, қайткен күнде де жергілікті сайлау өткізу туралы ұсыныс-тілектерін жеткізгендері дұрыс. Яғни «біз әкім тағайындауға қарсымыз, таза сайлау өткізгіміз келеді» дегендей азаматтық ұстанымдарын айтқандары жөн. Саяси белсенді болғанымыз еліміз үшін маңызды екенін айтқым келіп отыр. Еңсені түсірмей, өз позицияларын жеткізе берсе билік тарапы бәрібір құлақ асады деген сенімдемін. Осы ретте, табандылық және ұйымшылдық қажет.
Соңғы тілегім, халық пен билік бірауызды болып елдің жағдайын көтеру керек. Сол кезде ғана біздің ішкі және сыртқы жауларымыз тынышталады!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Назерке Еркінқызы, arasha