Талғат Тұрсынбаев (суретте), Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары:
– Талғат Қуанышұлы Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ мекемелерінде бас бостандығынан айырылғандарды қоғамға бейімдеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
– Сүрінбейтін тұяқ, қателеспейтін адам болмайды. Ал сол қателескен азаматтардың кемшілігін бетіне басып, тұқыртып, қоғамнан аластауға асықпаған дұрыс. Олардың да жақыны, туыстары бар. Қанша қылмыс жасаса да туыстары оларды күтеді, жамандыққа қимайды, өмірді жаңаша бастайтынына сенеді. Біз сол жақындарымен бірігіп сүрінген азаматтың түзу жолға түсуіне көмектесуіміз керек. Түзеу мекемелерінің ең басты міндеті де осы. Бостандығынан айырылған жандарды жазалау арқылы емес, тәрбиелеу, ақылға салу арқылы өмірден өз орнын табуына көмектесу.
– Тәрбие басты орында болғаны дұрыс. Мұндайда діни тәрбиенің де аз көмегі тимейтіні белгілі.
– Оныңыз рас. Дінді тәрбиеден бөліп қарай алмаймыз. Түзеу мекемесіндегі басты қару – тәрбие. Бірақ, бәрі талапқа сай болуы шарт. Ең бастысы, біз сотталғандардың діни адасушылыққа бармауын қадағалауымыз керек. Ішкі істер министрінің бұйрығымен ҚАЖ мекемелерінде Теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыруға ЗК-169/1 (тергеу изоляторы) мекемесіне және ЗК-169/5 мекемесіне (қауіпсіздігі аралас) екі штаттан берілді. Қазіргі таңда осы штаттар толықтырылып жұмыстар атқарылуда. Олар әрбір сотталған азаматқа әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жеке бағдарлама жасап, сол бойынша әділет органдарында ресми тіркелген діни бірлестік өкілдерімен және облыстық Ішкі саясат басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теолог мамандарымен бірлесіп жұмыс жүргізілуде. Бағдарламаға сәйкес теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру инспекторлары мекеменің мүдделі сала қызметкерлерімен, оның ішінде, сотталғандарды психологиялық сүйемелдеу бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп оңалтуға бағытталған іс-шараларды атқаруда.
Сонымен қатар, әрбір сотталғанға облыстық Ішкі саясат басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің оң пікірін алған діни мазмұндағы әдебиеттер ұсынылып, қазақ халқының әдет-ғұрпын, тарихын және отансүйгіштікке тәрбиелейтін кинофильмдер мен деректі фильмдер, теріс діни ағымдардың қате сипаттары мен адасқан ағымдардың қоғамға тигізер кері әсерлерін айқындайтын бейнероликтер тұрақты түрде көрсетіліп келеді.
– «Жұмысы жоқтық, Тамағы тоқтық, Аздырар адам баласын» дейді Абай атамыз. Түзеу мекемелерінде сотталғандардың әлеуметтік жағдайы толық шешілген. Ал жұмысқа, кәсіпке бейімдеу үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр?
– Қылмыстың орын алуына не әсер етті? Ала жіпті аттауға қандай жағдай түрткі болды? Бұл сұрақтар түзеу мекемелерінде үнемі сарапталып, зерттеліп отырады. Шыны керек, кез келген жан бай, бақуатты болуды армандайды. Бірақ, арманына жеткізетін жолдары бөлек. Бірі бақытқа тындырымды еңбегінің нәтижесінде жеткісі келеді. Енді бірі тез әрі төте жолды тәуір көреді. Ал жеңіл табыстың жақсылыққа апармайтыны белгілі емес пе? Сондықтан, біз ең әуелі сотталғандардың санасына «Еңбектің наны тәтті» болатынын ұғындырғымыз келеді.
– 2019 жылға арналған жұмыс жоспарларыңыз жайында айтып өтсеңіз.
– 2019 жылға арналған жұмыс жоспарлары әзірленіп, нақты мақсаттар мен міндеттер жүктелді. Атап айтар болсақ, теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру тобына арнайы ғимарат ішінен бөлінген бөлмені қажетті офистік құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, сотталғандарға ұлттық құндылықтарды насихаттайтын қазақтың классикалық әдебиеттерімен қатар, Қазақстан тарихы бойынша кітаптар мен оқулықтар қорын үлкейту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Сонымен қатар жоғарыда көрсетілген сотталғандарға арналған оңалту бағдарламасына сәйкес діни бірлестік өкілдерімен қатар, облыстық Ішкі саясат басқармасының теолог мамандарымен бірлескен жұмыс ауқымын кеңейту және аталған іс-шараны бірізділікке қою арқылы сотталғандарды дәстүрлі дінге қайтару жұмыстарын жетілдіру және үздіксіз жалғастыру көзделіп отыр.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Дана ДОСТАНОВА
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024