arasha.kz

Валерий Михайлов: Ашаршылыққа қалай да саяси баға берілуі керек

фото: gvardiya.ru

фото: gvardiya.ru

Валерий Михайлов – ақын, жазушы. 1931-33 жылдары большевиктердің қолымен қасақана ұйымдастырылған алапат ашаршылық туралы «Ұлы жұт шежіресі» деректі кітабының авторы. 1990 жылы мамыр айында жарық көрген кітапты сол жылдары Талғат Айтбайұлы қазақшаға аударып, кітап етіп бастырған. Қазақты көктей орып түскен ашаршылық жайлы алғашқы кітап көзіқарақты жұртқа кең танылып, жақсы баға алған. Сөйтіп, бұл кітап 13 рет қайта басылым көріп, неміс, ағылшын тілдеріне аударылған. Демек, «Ұлы жұт шежіресі» деректі кітабына қажеттілік уақыт өткен сайын артып келеді деген сөз. Мұндай болатын тағы бір себебі, аталған кітап ашаршылық турасынан жазылған әзірге жалғыз деректі кітап.

31 – мамыр ашаршылық және саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында біз Валерий Михайловпен арнайы сұхбаттасқан едік.

Алматыдағы ашаршылық құрбандарына орнатылған ескерткіш

– Өзіңіз білетіндей, 31 – мамыр ашаршылық және саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні. Яғни, ашаршылық құрбандары мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға бір күн белгіленген. Ашаршылық құрбандарына еске алуға басқа, бөлек күн белгілеу керек пе, қалай ойлайсыз?

– Әрине, ашаршылық құрбандарын еске алуды 31 мамырдан бөлек, басқа күнге белгілеп, атап өту керек-ақ. Өйткені, Қазақстан үшін бұл өте үлкен трагедия. Бұрынғы тарихта мұндай алапат қасірет болды ма, болмады ма білмеймін, бәлкім жоңғар шапқыншылығы кезінде болған шығар. Бірақ ол ұзаққа созылған соғыс, шайқас қой. Ал, ашаршылық айналасы екі-үш жылдың ішінде миллиондаған адамды жалмап кетті. 31 – мамыр ашаршылық және саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні белгіленбей тұрған кезде ашаршылық құрбандарын еске алатын, атап өтетін бір күн болса ғой деп ойлайтынмын. Қазір енді репрессия мен ашаршылықты қосып жіберді ғой, үкіметтің де бір білгені бар шығар. Негізі репрессия мен ашаршылықты қосып, бірге қарастыруға болмас. Қазақстан екі рет ашаршылықтан зардап шекті. Мәселен, азаматтық соғыс кейін 1921-22 жылдары әртүрлі деректер бойынша миллионға жуық адам аштыққа ұшырап, қаза болған. Жалпы сол кезде соғыс пен шайқастан гөрі ауру мен аштықтан көп адам қырылды. Екінші үлкен ашаршылық 1931-33 жылдары болды. Енді 1937-38 жыллдардағы саяси репрессияны алайық. Қараңыз, қандай парадокс: екі ашаршылықтың арасы 10-12 жыл. Бұл екі нәубеттен қарапайым халық зардап шекті. Ол кезде халық мал шаруашылығымен айналысатын, ауылда жермен күн көрді. Енді 1937-38 жылдардағы репрессияда интеллегенция соның ішінде саяси интеллегенция атылды, айдалды, сотталды. Саяси репрессияның халық жадында жақсы сақталып қалатын себебі, зиялылардың ұрпақтары сауатты болды. Олар сталиндік репрессияның қалай жүргенін, кім қандай зардап шеккенін жазып қалдырды. Сөйтіп, қоғамның санасында 1937-38 жылдардағы саяси репрессия ең қасіретті зұлмат ретінде қалды. Шындығында одан өткен зор қасірет, зұлмат қалың бұқара қырылған ашаршылық еді. Ашаршылықтың репрессиядан кейінгі екінші планда қалып қоюының бір себебі халық публицистикамен, деректерді жинап, жазып қалдырумен айналысқан жоқ. Әрине, мұнымен біз саяси репрессия әкелген апатты кішірейту ойымыз жоқ. Екеуі де ұлт үшін орны толмас қасірет. Саяси репрессия қоғамның қаймағын сылып алған, ақыл-ойын, көшбасшыларын жалмаған қанды қырғын болды. Әсіресе Алаш зиялылары түгелдей қырылып кетті. Мәселен, Жүсіпбек Аймауытовтың ерте атылып кеткені жаным қатты батады. «Простор» журналында бас редакторы болып жұмыс істеп жүргенімде драматург Шахимерден Құсайынов Аймауытовтың «Ақбілек», «Қартқожа» романдарын аударып әкелді. Сонда оқып, таңқалдым. ХХ ғасырдағы дәстүрлі қазақ прозасында ол новатор болғанын анық көрініп тұр. Асқан талантты жазушы. Мен сол кезде «Ақбілек», «Қартқожа» қатарлы шығармалардың орыс тіліне сонда ғана аударылғанына таңдандым. Бұл енді аздаған шегініс. Ал, сұраққа оралсақ, 31 мамыр күні нағыз халықтық трагедия – ашаршылық саяси репрессияның көлеңкесінде қалып қоятын айтпасқа болмайды.

Ленин совет өкіметінің және әлемдік революцияның басты жауы – шаруалар деп білген. Сондықтан да Сталин: «ұжымдастыру саяси мәні жағынан қазан төңкерісінен бір кем емес» деді. Өйткені, жекеменшік иесі неғұрлым көп болған сайын, большевиктердің оған билік жүргізу, билеп-төстеуі қиын болды. Шаруа адамының аздаған меншігі бар, ол оны ешкімге бермейді. Ол – түсінікті еді. Негізі большевиктер билікке келгенде көп тұрақтамаймыз деп ойлады. Олар ел-жерді тонап, батысқа барып жаңа революцияға дайындаламыз деген ойда болды. Өйткені, большевиктер тонаудан түскен қаражаттар бастыстағы есеп-шоттарға аударылып жатты, сейфттері толған алтын-күміс, қымбат заттар еді. Бұл байлық оларға ірі байларды, жер иеленушілерді қырып-жойып тонағаннан түскен еді. Ал, орта шаруалар әлі бағындырылмаған болатын. Ұжымдастыру басталып, большевиктер орта шаруаларды бағындыруға кіріскен уақта шаруалар қолына қару алып, қызылдарға қарсы шықты. Себебі олардың соңғы тілім нанын тартып алып қана тоймай, өмір сүру құқынан да айырды. Сөйтіп, совет билігі ұжымдастыруды күшпен, қарумен жүргізу арқылы жалпы халықты өзіне бағындырды.

Сондықтан ең зор ұлттық апат, халық трагедиясы – ашаршылық екенін қоғам санасында қалыптастыру үшін ашаршылық құрбандарын еске алуды бөлек күнге арнайы белгілеу керек.

фото: np.kz

 «Ұлы жұт шежіресі» дерек кітабына ойыссақ. Бұл кітапты жазуға не себеп болды, оған қалай келдіңіз?

– Мен Қарағандыда туып, өстім. Соғыстан кейінгі 1946 жыл. Ес біле бастағанда-ақ мынау сайын далаға қалай келдім деген бір бейсаналы ой болды. Өйткені ата-бабаңның қанымен келетін, олар қандай табиғатқа қарап өскені туралы ұрпаққа берілетін, түп санада бір ақпарат болатын болса керек. Есейе келе бірте-бірте өз әулетімнің тарихын біле бастадым. Әке жағымнан да, шеше жағымнан да – аталарым «бай, кулак» деп дүниесін тәркілеп, ер адамдарды ұстап, қалғандарын 1931 жылы Қарағандыға, Майқұдыққа жер аударған екен. Оларды арнайы қоныс аударушылар деп атаған. Ешқайсысында құжат болмаған. Ол кезде Қарағанды ашық аспан астындағы лагерь болған. Айнала күзет. Қашқан адамды дереу ұстап алып, шахтаға салады. Адамдарда құжат атаулы жоқ. Қарағандыға жер аударарда атамның отбасындағы бес адамның үшеуі қаза болған. Шешемнің отбасында да бірнеше адамды аштық жалмаған. Осының бәрін мен есейгенде ақырындап біле бастадым. Мен алғашында ашаршылық тақыбырына арналған көп өлең жаздым. Өлеңдерім 1991 жылдан кейін ғана жарық көрді. Ал, «Ұлы жұт шежіресі» 1990 жылы мамыр айында баспадан шықты. Бастабында бұл тақырыпқа роман жазсам деп ойлағанмын. Кейін ашаршылық туралы деректер жинап, оны көзімен көрген, аман қалған адамдардан көрген-білгенін сұрастырып, мұрағаттарда отырып жинаған барлық деректерді жинастыра келе деректі повесть жазуға тоқталдым. Жинаған деректерге қарап, ашаршылық жылдары қазақ халқы орасан зор апат, қасіретті бастан өткізгенін түсіндім. Оны сөзбен айтып жеткізу өте қиын.

Большевиктер істеген зұлымдықтың бәрі патшаны құлатып, оның отбасын қырып салудан басталды ғой. Патша әулетін қырғынын ұйымдастырушы Голощекин. Лениннің жақтасы, Свердловтың досы. Міне, сол Голощекинді 1925 жылы Қазақстанға жібереді. Ол келген соң ұжымдастыру басталып, оның соңы ашаршылыққа ұласты.

«Ұлы жұт шежіресі» кітабы да Голощекин туралы жан-жақты баяндаудан басталады ғой.

– Голощекин толық оқып бітірмеген тіс технигі еді. Өте сауатсыз, оқымаған, қараңғы адам болған. Революция болмағанда бір түкпірде тіс протезін жасаумен айналысып, өмірден өтер еді. Ал, оның досы Свердлов кәдімгі бандит еді. Революцияны пайдаланып, олар билікке ұмтылды. Голощекинді білген адамдардың естелігінде оны аса қатігез, адамға жаны ашымайтын, қаніпезер адам болғаны айтылады. Қанды қырғын жасау үшін большевиктерге дәл сондай адамдар керек болды. Негізі большевиктер өздерін интернационалисттер деп жариялап, ұлтқа бөлінушілікк қарсы болды. Алайда тағайындауларға келгенде жергілікте жерден емес, өзге жақтан адам әкеліп қойып отырды. Өйткені, ойға алған істі жүзеге асырғанда елге бүйрегі бұрып, жаны ашымасын деген ой болған. Голощекинді Қазақстанға жіберуде де осындай мақсат болды. Голощекин Қазақстаннан басқа жерге барса да тап осындай ашаршылық, қырғын жасар еді. Қазақ халқы болса, большевиктердің зұлым саясатының алдында әлсіз болды. Өйткені, малмен ғана күн көріп отырған халықтан малын тартып алсаң, қырылып қалатыны анық еді. Бастапқыда кезең-кезеңімен жүргізіледі деп жоспарланған ұжымдастыру ісі аяқ астынан жедел іске асырылды. Сталин болса, екіжүзділік танытты. Жедел жүргізудің сыры үлкен соғыстың болатынын большевиктер білді. Сондықтан индустрализацияны тез іске қосу керек деп шешті. Сол үшін патшалық Ресейден тоналған байлықтың бәрін батысқа сатты. Ұжымдастырудан түскен пайданы да қосты. Бірақ, ұжымдастырудан түскен пайда өте мардымсыз болып шықты. Шындығында большевиктерге ақша индустрализация үшін емес, өз биліктерін орнықтыру үші аса қажет болды. Сол үшін ғана ұжымдастыру жасап, Голощекин оны «кіші Қазан төңкерісі» деп атап, халықты ашаршылыққа ұрындырып, жалпы саны он миллионнан аса адамды құрбандыққа шалып жіберді.

Голощекин орындаушы болды. Совет өкіметі кезінде орындаушы деген сөз адам ататын, қанқасап адамға қаратып айтылатын болған. Голощекин дәл сондай орындаушы еді. Міне, сол орындаушы бүтін бір халықты орны толмас үлкен апатқа ұшыратты.

– «Ұлы жұт шежіресін» сияқты кітапты жан ауырмай, жүрек сыздамай жазу мүмкін емес шығар.

– Әрине, мүмкін емес. Жиналған деректерді сұрыптап, реттеп қарағанда жан түршігетін оқиғалардың ізін көрдім. Оның үстіне жаңа айтқанымдай менің ата-бабаларым да ашаршылықтың қасіретін тартқан адамдар.

Бұл тақырып мүлдем жабық болды. Зұлматтан аман қалғандар жүректерінде шемен болып қатып қалған сұмдық оқиғаларды ашық айтудан да қорықты. Айтқызбады. Мұндай жағдай қасіретті тіпті де қалыңдата түседі. Дерек жинау барысында сол кездегі ашаршылықты көрген көзі тірі куәгерлерден көптеген оқиғаларды әйдеілеп сұрап жинадым. Ғабит Мүсіреповтен айтқан оқиғаларды Ғафу Қайырбековтен, Әлжаппар Әбішев, Байқадамова, Мекемтас Мырзахметов қатарлы адамдардан өздері білетін оқиғаларды жазып алдым. Бәрі кітапқа кірді. Байқадамова айтып берген бір оқиға мынадай еді. Ашаршылық жылдары бір үйдің жалғыз ұлы болған. Ұлды көдің қарашығындай қорғайды. Бала ауырып жатып қалады. Бір күні таңертең тұрса, бала жоқ. Қан ізімен қуалап көрші үйге барса, ер адам баланың жүрегін отқа қақтап жеп отырған көреді. Әлгі адам сонда баланың басын есікке қарай лақтырып жіберіпті. Жан түршігерлік мұндай оқиғалар бір бұл ғана емес, әрине. Сондықтан кітапты жаның ауырмай жазу шынында да мүмкін емес. Кітап он үш рет қайта басылып шықты. Он үшінші басылымын Алматыдағы ашаршылық құрбандарының ескерткіші ашылуында тегін таратпақшы. Ашаршылық көрген көзі тірі адамдар, қазір жасы келген, қартайған кісілер, олар бұл кітапты әлі күнге дейін оқуға батпайды. Себебі, жүректерінде қалған қасірет, қайғы тарқаған жоқ.

Нұр-Сұлтан қаласындағы ашаршылық құрбандарына арналған мемориал

Жинаған деректеріңіз жайлы да айта отырсаңыз. Бір сұхбатыңызда «ашаршылыққа қатысты деректер әлі де жабық» депсіз.

– Мені партия мұрағатына кіргізбеді. Орталық мұрағаттан соншалықты көп дерек кездестіре алмадым. Жанама деректер, газеттерде шыққан материалдарда берілген астарлы хабарламалар, әдеби кітаптар қатарлы дереккөздерден ғана мағұлмат жинадым. Ал, партия мұрағатында ашаршылық туралы мұрағат бар. Онда аштыққа ұшыраған адамдардың партия жазған хаттары, партия басшыларының, жауапты адамдардың бір-біріне жазған хаттары сияқты деректер мол. Өйткені, ашаршылық кезіндегі каннибализм оқиғаларын қауіпсіздік органдары жеке-жеке қарап, тізімге алып, тіпті суретке де түсіріп отырған. КГБ ға бірнеше рет хат жаздым. Ақыры «Бізде ондай мұрағат жоқ» деген тілдей ғана жауап хат келді. Болды. Ал ол мұрағат әлі бар. Сақтаулы. Сөйтіп мен деректерді өз бетімше жинай бастадым. Яғни, ашаршылықты көзімен көргендер, куәгер адамнан естігендерін жадында сақтаған адамдардан біртіндеп сұрай жүріп жинадым. Тірі адам айтқан сөздер де дерек. Қағаз түсіп, құжат болып тізімделмеді демесеңіз, нағыз тірі дерек. Бірақ ең сұмдығы ашаршылықтан нақты қанша адам қырылғаны жайлы нақты дерек жоқ. Мысалы, соғыста оққа ұшқандардың, жаралылардың тізімі жасалып отырады. Ал ашаршылықтан санды дерек қалмаған. Мұның бәрін большевиктер өз қылмыстарын жасыру үшін істеді.

– Бүгінгі қоғам ашаршылықтың қасіретін оның ауқымын, зарбадын толық түсінді ме?

– Кез келген адам өз халқының тарихын білуге міндетті. Өзіне не дейін болғанын, кімдер өткенін, олар қалай өмір сүріп, не үшін күрескенін білмеген адамның болашағы қашан да бұлыңғыр. Өткенді білмей бүгінді тани алмайсың. Бүгінді танымай болашаққа бағдар жасай алмайсың. Әр адам өзі үшін ізденіп, оқып өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Бүгінгі қоғамның ашаршылықтың зардабын, қасіретін, ауқымын сезінуіне, түйсінуіне келсек, меніңше, қазіргі қоғам ол нәубетті толық таныған жоқ. Оны танып, түсінуден, сезіндеу әлі алыс. Өйткені, қазіргі қоғамның жалпы даму векторы деградатцияда: Азаматтық деградатция, рухани деградатция, мәдени деградатция.

– Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бері ашаршылық тақырыбының зерттелуі өте төмен. Бірнеше тарихшылар бар, осы тақырыпты зерттеп жүрген, бірақ көлемді әрі жаңарған деректермен толыққан кітап әлі шықпады. Үкімет ашаршылықты зерттеу қаржы бөліпті дегенді естіген жоқпыз. Ашаршылық тақырыбының жан-жақты зерттелмеуі, жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбеуі неден?

– Әрине, бұл тақырыпқа баса мән беріліп, жан-жақты зерттелуі керек-ақ. 26 жылдың ішінде тарих институттары мен тарихшылар осы тақырыпта терең зерттелген, деректері мол бір ғылыми кітап шығармағанына шынымды айтсам таңқалам. Естеліктер жинағы, кейбір деректер жинағы сияқты бірлі-жарым кітаптар шықты. Бірақ, ғылыми тұрғыда зерттелген, сол заманды жан-жақты аша отырып, ғылыми ой-елегінен өткізген, сараптаған аналитикалық кітап шықпады.

– Қазақстанда ашаршылыққа саяси баға берілу керек деген мәселе жиі көтеріледі. Бұған көзқарасың қандай?

– Саяси баға жан-жақты әрі терең аналитикалық ғылыми зерттеулерге негізделіп, соған сүйене отырып берілетін шығар. Екіншіден, әдеби-публицистикалық тұрғыдан бұл тақырып зерттеліп, жазылуы керек. Бірақ қалай да саяси баға берілуі керек. Әрі ол обьективті болуы шарт.

– Кітабыңызды мемлекеттік сыйлыққа, басқа марапаттарға ұсынып көрмедіңіз бе?

– Жо-жо-жоқ. Бұл кітап ішкі бір қажеттіліктен туындаған дүние еді. Сыйлық ұсыну деген ойым да болған жоқ. Алғаш шыққан жылдары бірнеше ақсақал «мына кітабыңды сыйлыққа ұсыну керек қой» дегені бар. Кейін біреулер өзіме айтпай мемлекеттік сыйлыққа ұсынған екен, бірінші турдан да өтпей қалыпты (күлді).

– Өкпелеп қалған жоқсыз ба?

– Жоға, оның несіне өкпелеймін. Шынымды айтсам, «Простор» журналының бас редакторы қызметінен кетуімнің бір себебі де осы – мемлекеттік сыйлық. Мені сол сыйлықты іріктейтін комиссияға қосты. Ірітеу басталғанда-ақ телефонға тыным жоқ. Содан телефонды өшіріп тастайтынмын. Келесі күні «сен маған дауыс бермепсің ғой» деп біреулер ренжіп телефон шалады. Мен оған «Дауыстар құпия беріледі, сен оны қайдан білесің» деймін ғой (күлді). Содан шынымды айтсам шаршадым. Бәрін тастап, кетіп қалдым.

Кітабыма халықаралық «Алаш» сыйлығы берілген. «Алаш» сыйлығы тұңғыш рет тағайындалғанда бірінші болып осы кітапқа берді. Сосын бұл кітапты жазып жатқанымды отбасым және бірнеше қазақ достарымнан басқа ешкім білмейтін. 1989 жылы қолжазбаны бітірген соң, кім апарып оқытсам екен деп көп ойландым. Ақыры ойлана келіп, Шерхан Мұртазаға апардым. Ол кезде о кісі «Лениншіл жастың» бас редакторы, ұлтшыл, бірбеткей, мінезі тік, өткір тілді. Содан не керек, қолжазбамды көтеріп алып бардым.

– Шерхан аға, қазақ тарихынан, ашаршылық туралы жазып едім. Оқып көресіз бе? Сіздің пікіріңізді білгім келеді – дедім.

– Әкел – деді гүр етіп.

Бірер аптадан соң хабарласар деп ойлап кеткен едім, ал ол бірнеше күннен кейін хабарласты.

«Бұл – бүтін институт жылдары бойы зерттеп жасайтын жұмысын бір арқалаған ерекше еңбек» деп қолжазбаға пікірін жазыпты. Арада 27 жыл өтсе де ешбір институт ашаршылық жайлы терең талданған зерттеу шығармады. Шерхан ағаның сол сөзі әлі де сол өзекті күйінде қалып келеді.

Жинаған деректерімді, айтқым келген дүниелерді осы кітапқа енгіздім. Бұл тақырыпқа қайта оралар болсам онда басқа формада жазатын шығармын. Оны енді уақыт көрсетеді.

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан – Өміржан Әбдіхалықұлы, Руслан Ербота

Дереккөз: «Жас Алаш» газеті

Exit mobile version