arasha.kz

Жаза – азаматтарды түзеудің түпкілікті шешімі емес

Түзеу мекемесінің міндеті – сотталған азаматты тәрбиелеу. Бабаларымыздың өзі «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Иілген басты қылыш кеспес» деп кешірімді болуға, қателік жасаған адамды кеудесінен итермеуге қатарға қосуға кеңес берген. Осы тұрғыдан алғанда Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты ЗК-169/1 мекемесінде  жазасын өтеп жатқандармен тәрбие жұмысы жақсы жолға қойылған.  Мұндағы түзу жолға бағыттаудың тәсілі де ерекше. Ол қандай жаңашылдықтар? Бастамаларды сотталғандар қалай қабылдауда? Осы сауалдарды мекеме  бастығы, әділет подполковнигі Алмат Жұмаұлына қойған едік.

– Алмат Жұмаұлы, жаза азаматтарды түзеудің түпкілікті шешімі еместігі белгілі. Ағаттық жасаған адамды ортаға оралтудың тетігі тәрбиеде екені талассыз. Мұны түзеу мекемелерінде жұмыс істейтін тәжірибелі мамандардың бәрі мойындайды. Ендеше, арнайы контингент арасында әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бойынша қандай бастамалар қолға алынды?

Мекемеде психологиялық босаңсу бөлмесі жабдықталған. Яғни, бұл бөлме – жай бөлмелердің бірі емес. Онда бөлменің безендірілуіне, жиһаздардың таңдалуына мән берілген. Босаңсу бөлмесі дегеніміз қарапайым тілмен айтқанда сырыңды бүкпесіз айтатын, ойыңдағына іркіп қалмай жеткізетін, күйзелістен шығаратын алаң. Әрі осы бөлмеде жұмыс істейтін психолог та өзін көмек сұрап келгендердің жанашыры, сырласы ретінде сезінгені дұрыс. Бұлай болмаған жағдайда ашық диалог орнамайды, психолог пен сотталушы арасында сенімді әңгіменің түзілуі мүмкін емес. Сондықтан, біз мекеме тарапынан бұл бөлменің мақсатты жұмыс істеуіне бар мүмкіндікті қарастырдық.

 Мекемеге келген күннен бастап арнайы контингентті психологтар жеке қабылдап, әңгіме сұхбат барысында психологиялық көмек және «Ақ сұңқар» психодиагностикалық кешенді аппаратпен зерделеу жұмыстарын жүргізеді. «Майнд машина» дыбыс-бейне стимуляторы қазіргі уақытта айыпталушылар мен сотталған азаматтарға психологиялық босаңсу бағытында көмек көрсетеді. Бұдан бөлек, өз-өзіне қол жұмсауға бейім, профилактикалық есепте тұратын сотталғандар да психологтардың жіті бақылауында. Олардың бойынан қандай да бір өзгеріс сезілгенде психологтар тұйықталуының себебін біліп, көмек көрсетуге, тығырықтан шығуына қолдау көрсетеді.

– Психологиялық тәрбие бойынша әртүрлі бағыттар бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар жасалып жатыр. Мәселен, дене тәрбиесі бойынша Қызылорда облыстық денешынықтыру және спорт басқармасымен бірлескен жоспарымыз бар. Соған орай әртүрлі спорттық шаралар өткіземіз. Эстетикалық тәрбиеге байланысты мәдениет басқармасымен, «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «педагогика-психология» кафедрасы оқытушыларының қатысуымен сотталғандар арасында семинар тренингтер жүргізіледі. «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2014 жылғы 13 тамыздағы №508 бұйрығына сай бөлім психологтары «Нұрлы бағдар» қоғамдық қорымен бірлесіп, шаруашылық бөлімінде қалдырылған сотталғандарға «Болашақ белестері» тақырыбында тренинг, жаттығулар жүргізді. «Менің отбасым», «Бостандықтағы өмірге деген сенімділік», «Менің болашағым», «Адамгершілік, жақсылық жасау», «Бостандыққа шыққаннан кейінгі менің өмірім», «Парасат» тақырыбында шығармашылық іс-шаралар жүргізілді.

– Түзеу мекемелерінде өз-өзіне қол салу деректері азаймай отыр. Мұның себебі неде? Және олқылыққа жол бермес үшін қандай шараларды қолға алып отырсыздар?

– ЗК-169/1 мекемесінде жазасын өтеуші және айыпталушылар мен күдіктілер арасындағы қасақана құқық бұзушылықтар, дене жарақатын салу және өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу мақсатында 2018-2020 жылдарға арналған өзара әрекет ету жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Өйткені, өзінің айтқанын орындату үшін дене жарақатын салып, әлеуметтік желіге жолдау деректер әлі де бар. Бірақ, түзеу мекемесі – еркелікті орындайтын, сотталғандардың тілегі бойынша жұмыс істейтін орта емес. Азаматтар бұл жерге қоғамға жат әрекет жасаған соң, бостандығынан ажырап, шеттетіліп отыр. Сондықтан, мұнда сотталғандарды тәрбиелеудің, түзу жолға салудың тәртібі бар. Біз бұл қағидадан қиыс кете алмаймыз. Өйтуге қақымыз да жоқ. Соған орай, өзінің талабын орындату үшін түрлі әрекетке баратындарға психологтың көмегімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әрекетінің заңға, ортақ талапқа қайшы екенін айтамыз.  

Жыл басынан бері мекеменің профилактикалық есебіне қойылған сотталғандарға сараптама жүргізіліп, контингент арасында мінезінде ашуланщақтық, мекеме қызметкерлерімен жанжалдасуға бейімділігі айқындалған сотталғандарды үнемі жеке қабылдап, психологиялық диагностика жүргізіліп тұрады.  Ал өзіне-өзі қол жұмсауға бейім тұлғаларды 1 тәуліктен кешіктірмей мекеме комиссиясында қарап, профилактикалық есепке аламыз. Мекеменің профилактикалық есебінде тұрған арнайы контингенттерді психолог күнделікті жеке қабылдап, күйзеліс кезінде эмоционалды жарақат алған тұлғаларға психокоррекция және психопрофилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Сонымен қатар өз-өзіне қол жұмсауға бейім тұлғалардың туған-туыстарымен мекемеде әр бөлім қызметкерлері сұхбаттасып, жеке кеңестер беріп отырады.

Жақында облыстық психоневрологиялық аурухананың психолог мамандары, облыстық жастар денсаулық орталығының, Облыстық наркологиялық орталықтың «Арылу» қоғамының психологы және волонтерлерімен «нашақорлыққа бейім азаматтардың онымен күресу және айығу жолдары» атты психологиялық тренинг семинар өткізілді. Сотталғандардың психологиялық құзыреттілігін арттыру бойынша олардың ақыл-ой өрістік деңгейін анықтау мақсатында бірқатар М.Люшер тестісі, Розен Цвейк әдістемесі сияқты психологиялық тест тапсырмалары берілді.

Соңғы талдау көрсеткендей  оң мінез-құлықты сотталғандардың үлес салмағы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда төмендеген. Сотталғандар мен тергеу қамауындағылар арасында өз-өзіне қол жұмсау дерегіне жол берілген жоқ.

– Мекемедегі сотталған азаматтарды үнемі жеке қабылдап, психокоррекция және психодиагностика жүргізу жалғасын табады. Бұл әдістің тиімді екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Сонымен қатар, спорттық, мәдени шараларды жиілетудің пайдасы бар. ҚМУ-нің психология кафедрасының оқытушыларымен бірлесіп шаруашылық бөлімінде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтарға семинар тренинг өткізуді жоспарлап отырмыз.

Сотталғандар арасында тәрбие жұмыстарын жүргізуге арналған бөлмелердің, өзге де ғимараттардың (психологиялық релаксация бөлмелері, спорт алаңдары, кітапханалар, теологиялық оңалту бөлмелері және т.б) материалдық-техникалық базасын жаңғырту да өзекті мәселенің бірі. Бұған қоса, сотталғандар арасында оң мінез-құлықты қалыптастыру мақсатында тәрбиелік іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырып, сотталғандардың туыстарын қатыстыру арқылы «Ашық есік» күндерін өткізу, «Ақсұңқар» психодиагностикалық кешенін бағдарламалық жаңғырту қамтамасыз етілмек.

 Сұхбатыңыз үшін рақмет.

Сұхбаттасқан

Айна БИТАЕВА

Exit mobile version