26-11-20 | 13:18
Саакашвилимен кездескен “Нұр Отанның” депутаты жаңа партия құрмақшы.
Саакашвилимен кездескен “Нұр Отанның” депутаты жаңа партия құрмақшы

“Ел тірегі” деп аталатын өндірісшілер мен кәсіпкерлер одағының бастамашыл тобы жаңа саяси партия құратындарын айтып, 27 қарашада онлайн форматты жалпыхалықтың талқылау өткізбекші. Мәжіліс депутаты, “Нұр Отан” партиясының мүшесі Нұржан Әлтаев facebook парақшасында жалпыхалықтың талқылауға қатысатындарды жариялап жатыр. Олардың арасында Әлихан Бәйменов, экс-депутат Бақыт Сыздықова, Асылбек Қожахметов және басқа да азаматтар бар.

Биыл тамыз айында кәсіпкер Марғұлан Сейсембай бастаған бір топ қазақ Украинаға барып, Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилимен кездескен еді. Сол кездесуге жаңа саяси партия құрмақшы болып жатқан депутат Нұржан Әлтаев, Бақыт Сыздықова да болған.

Кеше “Нұр Отан” партиясы мәжіліске кандидаттар тізімін жариялады. 126 адамнан тұратын тізімде қазіргі мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев жоқ. 

Жаңа саяси күш құрмаққа талпынып жатқан “Нұр Отанның” мүшесі, мәжіліс депутаты туралы журналист Ораз Әлімбек өз ойын жария етті.

“… жік шықты, екі құлағы тік шықты
Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев «Ел тірегі» атты партия құрмақшы. Ол партия құру жөніндегі бастамашыл топтың жиынын 27 қарашаға белгілеп отыр. Мұнда қандай гәп бар?
Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, Әлтаев «не үшін», «кім үшін» партия құрғысы келетінін айта кетейік.
Әлтаев мүше болып отырған «Нұр Отан» партиясы саяси реформа жасамапты. Сондықтан ол өз алдына партияға құруға «мәжбүр» болыпты.
Әлтаев құрмақшы болып жатқан партиясына жақтастар тарту үшін «Ел тірегі» – сенің партияң» деп жалпақ жұрттың саяси қам көңілін аулағансып қояды. Бұл партияға мүше болған адам ойында не бар, аузына қандай сөз түсті, емін-еркін жасқанбай айта береді екен. «Анархия жасасын!».
«Әлтаев партиясының» бұл идеясы саясатта жаңалық емес. Ол Ресейдегі оңшыл-центристік «Новые люди» және «Партия прямой демократии» саяси ұйымдарының идеологиясын қазақ қоғамына жаңалық етіп ұсынбақшы. Яғни, жұртты анархияға шақырып, сол ісімен әлдебір саяси саудаға, саяси шантажға барып отыр.
Әлтаевтың аунап түсіп, аяқасты «реформашыл», «демократияшыл» болып кетуінің бір ғана себебі бар. Ол кеше «Нұр Отанның» Мәжіліс депутаттығына ұсынған кандидаттарының тізіміне кірмей қалды. Ол тағдырының солай болатынын бір апта бұрын анық түсінген. Сонда да кешеге шейін, «Нұр Отанның» сиезі өткенге дейін емізік үмітте болды. Үміті үзілген соң ғана «реформашыл», «демократияшыл» бола қалды…
Депутат болғанға шейін Әлтаев Ауыл шаруашылық вице-министрі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарғанын білеміз. Бірақ ол осы екі саланы тұралатқан министрліктердің жұмысын жақсарту үшін ештеңе жасаған жоқ. Қолынан іс келмейтінін түсінген ол депутат болып кете барды. Ол қазір осы жылы-жұмсақ орыннан айырылып қалғалы тұр. Елтаев «Саясатпен шұғылданбасаң, саясат сенімен шұғылданады» деген тәмсілді жан-тәнімен сезінді. Енді «Суға кеткен тал қармайдының» жандалбасасын жасап жатыр”, – деп жазады Ораз Әлімбек.

фото: malim.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk