1937 жылдың 27 қыркүйегінде Алаш қозғалысының көшбасшысы, «Алаш» автономиясы, «Алашорда» үкіметінің төрағасы, ХХ ғасырдағы қазақтың ұлы саясаткері Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның совет өкіметі тарапынан ату жазасына кесіліп, атылған күні.
Қазақстан саяси тәуелсіздігін жариялаған 26 жыл ішінде Алаш мұрасы кеңінен зерттеліп, Алаш қайраткерлерінің есімдері ұлықталып келеді. Бірақ өз дәрежесінде емес. Мәселен, 22 қыркүйек күні Семей қаласында ашылған Ә.Бөкейхан ескерткішінің ашылуына Астанада президент демейік, мемлекеттік хатшы да келмеді. Хатшы былай тұрыпты, облыс әкімінің өзі Алаш көсемінің ескерткі ашылуына келуді қажет деп санамапты. Ал 27 қыркүйек Әлекеңнің атылған күні – мұқым Қазақстан тым-тырыс. Түк болмағандай.
Әр мемлекет өзінің тарихына, тарихи тұлғаларына арқа сүйейді, иек артады. Солардың идеясын жалғастырады, жаңғыртады. Біз ше? Біз Әлекеңдей асыл тұлғаның ескерткішін Ленин көшесінің бойына орнатып, өзіміздің отарлық қамытты әлі сүйреп келе жатқанымызды айдай әлемге паш етіп отырмыз.
Әлихан Нұрмұхамедұлының ату жазасына кесілгені – саяси өлім. Біздің тарихтағы саяси қайраткерлердің өлімі аз ба? Ұлт-азаттық көтерілістің басшысы, қазақты азаттыққа жетелеген Кенесары Қасымұлының да басын алған саяси қылыш болатын. Тәуелсіздік кезеңіндегі саяси қайраткерлер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовті де қапияда құлатқан саяси оқ еді. Демек Ә.Бөкейханның атылған күні – 27 қыркүйек қазақтың саяси жүйелердің оғынан қаза тапқан саясаткерлерді еске алатын ұлттық қаралы күн! Егер ұлт өз қайраткерлерін жоқтай алмаса, өзі қор, ісі сорға айналмақ.