arasha.kz

Қабатовтың хикаясы: Исекешевтен Байбекке дейін

Түнеугүні әзілкеш Қабатовтың «Нұр Отан» партиясына кіруі кәдімгідей жаңалық болды. Жұрт әлеуметтік желіде қызу талқылады. Қандай да бір саяси партияға мүше болу, болмау адамның өз еркі. Тұрсынбек Қабатовтың таңдауы билік партиясына түскен екен. Телеарналардан түспейтін әрі қымбат асаба деп сипатталатын Қабатовтың биліктегі лауазымды тұлғалармен байланысы баршылық.

2018 жылдың 31 мамырында сол кездегі Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев орталық коммуникациялар қызметінде баспасө мәслихатын өткізіп, жаңа сатира театры ашылатынын әрі оның көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Қабатов болатынын айтқан еді. Арада бір ай өткенде «ЭКСПО» көрмесінің аймағында cатриа театрының ашылғаны сүйіншіленді. Театр «Nomad city hall» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына қарайды. Бұл мемлекеттік мекеменің құрамына Астана комедия театры, Назар аудар театры, Әзіл әлемі театры кіреді. Ал мемлекеттік мекеменің директоры кім деп ойлайыз? Дәл таптыңыз, әрине, Тұрсынбек Қабатов! Байқасаңыз, бір қалада үш бірдей әзіл театры бар. Бұл аз па, көп пе? Бұл сауалды қою себебіміз, «Nomad city hall» мемлекеттік мекеме болғандықтан қала бюджетінен қаржыландырылады. Яғни, құрамына кіретін әзіл театрлары салық төлеушілердің есебінен ақша алады. Демек Астана тұрғындарының Қабатовтың әзіл театрларын сүйетіні соншалықты оған өз салықтарының есебінен қаражат берілгеніне қарсы емес.

Қазақстанда әзіл театрлары көп. Бірақ Қабатов Исекешевтің арқасында әзіл театрлары қала бюджетіне кіргізіп, мемлекеттік мекеме құрып, оны өз басқарып отыр. Бұл өзі өзге әзіл театрларының жетекшілері үлгі алатындай-ақ іс. Ал Қабатов Исекешевпен қалай танысты, оның сеніміне қалай кірді? Бұл жағы Қабатов пен Исекешевке қана аян. Исекешев әкім болып тұрғанда Қабатовқа театр құрып бергенінен қарағанда екеуінің достығына адам қызығарлық болса керек. Айтпақшы, Исекешев билік ауысқанда Елбасының қорының атқарушы директоры болып тағайындалған. Осы қор «Ел үміті» дейтін жоба өткізді. Жобаның жүргізушісі Тұрсынбек Қабатов болды. Қор басқа іс-шараға басқа жүргізушісі таппа қалған жоқ, әйгілі асабаны «Ел үміті» шарасын жүргізуге тартқан Исекешевтің өзі болса керек. Бір жағынан шараны танымал адам жүргізсе, жұрт назары ауады. Екінші жағынан, Қабатовтың Исекешевтің өз адамы. Бұл да Қабатов пен Исекешевтің арасындағы көзге көрінбейтін байланыстың бір көрінісі деуге болар.

Міне, осылайша, Астана құтты мекеніне, Исекешев қолдаушысына айналған әзілкештің жұлдызы жанып, жарқырап танымал әзілкеш, асаба болды. Исекешев екеуі иықтасып жүре берер ме еді, егер Байбек «Нұр Отанға» бара қалмаған да…

«Мен Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшқан ұшақта қасымда Тұрсынбек Қабатов отырды. Бір жарым сағат бойы мен оған партия туралы, елбасының президенттің бастамалары мен партияның қайта жаңғыруы бойынша әңгіме айттым» де ағынан жарылады Бауыржан Байбек. Құдды бір үлкен саяси тұлғаны партия қатарына кіруге үгіттегендей. Билік партиясындағы 2 адам айтып отырса, аттай қалап кел деп отырса, Қабатов қара тұра ма? Бір жарым сағат үгіттен соң келіскен сыңайлы. Кешікпей «Нұр Отан» партиясына мүше болды. Байбектің ұшақта айтқан сөзіне қатты әсерленді ме екен әлде өз ұғымында партияны солай қабылдай ма екен,кім білсін, Қабатов бүй депті: «Нұр Отан» – халықтың партиясы. Адамдар мен биліктің ортасындағы алтын көпір». Осы деген әзілкеш әлеуметтік желіде сын айтушыларды да түйреп өтіп: «Қазір әлеуметтік желіде бәрін сынайтындар көсем саналады. Мен олардың қатарында болғым келмейді. Мен қандай да бір өзгерістер жасайтын адам болғым келеді» депті. Билік партиясының қатарына болсаң, сын айту қиын тіпті мүмкін емесін барша жұрт біледі. Сондықтан да Қабатовтың сын айтушылардың қатарынан көрінгісі келмейтіні түсінікті. Ендеше, билік партиясының мақтайтындардың қатарынан көрінетін шығар. Ал «Мен қандай да бір өзгерістер жасайтын адам болғым келеді» деген сөзіне «Арманыңа жет!» дегеннен басқа айтар жоқ.

Айтпақшы, Қабатов партияға өтерде Исекешевпен ақылдасты ма, жоқ па ол жағы да беймәлім. Қалай болғанда да қолдаушысымен бір ауыз кеңескен болуы керек. Енді Қабатов Байбектің қасында қалай жарқырап, өзгерістер жасайтынын уақыт көрсетеді. Алда сайлау дегендей…

Exit mobile version