Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Астанаға сапары мен АЭС салу мәселесіне қатысты ойымен бөлісті.
«Саясат деген пәлекеттің кейде жыланның аяғы сияқты көзге көрінбейтін қитұрқысы болады! Мысалы, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин дүйсенбі күні Қазақстанға мемлекттік сапармен келеді. Ал өткен жұма күні Қазақстандағы бірінші АЭС құрылысының бас мердігері (генподряд) Ресей болады деген хабар тарады.
Артынша екіншісін Қытай салады деген едел-жедел ақпарат пайда болды. Есіңізге алыңыз: бұл екі хабар тура ҚХР төрағасының сапары алдында неге жарыса жөнелді?
Бір қарағанда, дегеніне жеткен Ресей — разы, ал Қытай бір саусағын жең ішінде бүгіп келе жатыр. Бірақ біздің у-шу қоғам бір сұраққа мән бермеді: Осы екі АЭС-тің нақты жағдайдағы рет саны қандай болмақ? Біріншісі — қайсы, екіншісі — нешінші?», — деген сауал қояды депутат.
Бұған дейін Қазақстанда үш ТЭЦ салуға соғыс жағдайында қаржы таппаған Ресей АЭС-тің алып құрылысына ақша таба ала ма? Оның қаржысы қашан болар-болмасын күтіп, Қытай екіншінің құрылысын бастамай отыра ма? Яғни, екінші АЭС біріншіден бұрын салына бастауы мүмкін ғой, дейді ол.
«Ондайда Ақорданың Кремльге айтар уәжі дайын: «Отдали же в свое время мы вам пальму первенства, в чем проблема?!».
Ал бірінші АЭС салына ма, жоқ па — бұл маңызды емес! Себебі екіншісі біріншінің орынын мерзімінен бұрын басады. Тіпті, біріншісі салынбай қалуы да ғажап емес, есесіне Ресейдің алдында «геосаяси беті ашылған» Қазақстан үшінші АЭС-тің (нақтысы — екінші) құрылысын француздарға немесе Оңтүстіктік кәрістерге еркін тапсыруы мүмкін», — деді депутат Е.Бапи.