Президент Қ.Тоқаев 16 наурыздағы жолдауында «Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын», – деп мәлімдеген еді. Алайда, аймақ басшыларын тағайындауда аймақ басшыларын тағайындауда туысшылдыққа жол берілгені қоғам тарапынан түсінбестік тудырып, жаңа Қазақстан құруға деген азаматтардың үмітіне селкеу түсіріп отыр. Демек, аймақ әкімдерін тікелей сайлау процесіне жеткенге дейін тағайындалатын әкімдердің туысшылдық, жершілдік белгілеріне қатаң қарау керек-ақ.
Мұның жарқын мысалы ретінде президент жарлығымен Қызылорда әкімі болып тағайындалған Нұрлыбек Мәшбекұлы Нәлібаев келтіруге болады. Тағайындауда Нәлібаевтың іскерлігі, аймақтағы беделі, тәжірбиесі ескерілген күннің өзінде оның Бердібек Сапарбаевтың туысы болуы қоғамның жаңарып, жаңғыруға бет алған билікке деген халық сенімін азайтады.
Бұл жерде мәселе кадр тапшылығына да келіп тіреледі. Лауазымды қызметтерге тағайындалатын кадрларға қойылатын талап үддесінен шығатын кадрлардың бәрі де ескі адамдар. Ал қоғам жаңа адамдардың келуін қалайды. Әлбетте, мемлекеттік аппаратты бір күнде, бір жылда жаңарту өте қиын іс. Дегенмен мұндайда саяси-ерік жігер мен батылдықта қажет.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың не үшін қызметінен кеткені ресми айтылмады. Асылы, аймақ басшысының қызметінен кетуіне үкімет негіздеме беріп, қоғамды ақпараттандыру керек. Бізде сол баяғы дәстүрден жаңылмай, кеткен әкімді мақтап, шығару салу бар. Ал оның шын мәнінде қызметінен кетуіне нақты себептері аталмайды. Бұл өз кезегінде қауесетке, неше түрлі болжамдарға жол ашады. Мұны да үкімет ескеруі тиіс мәселе екенін анық.
Сол сияқты Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың да қызметінен не себепті алынғаны сол бойы жұмбақ болып қалды.
Аймақ басшыларын тағайындауда осындай жұмбақ жүрістер көбейген сайын елдің билікке сенімі төмендей бермек. Мәселен, Гүлшара Әбдіхалықованы Нұрлыбек Мәшбекұлын орнына тағайындау үшін ғана алып тастағандай көрінеді. Өйткені Сапарбаевты қызметінен алуға барған үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Бердібек Сапарбаев – мемлекетіміздің іргетасын қалаған тұлғалардың бірі. Халыққа қызмет етудің шынайы үлгісін көрсеткен сыйлы азамат» деді. Демек, Сапарбаев өзінің ұзақ жыл лауазымды мемлекеттік қызметте жүргенін бұлдаған болып тұр. Әрі Нәлібаевтың Қызылордаға әкім болуына ықпал жасауы да бек мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Әлбетте, Сапарбаевтың бұған жауабы дайын екені де даусыз.
Жоғарыда президент жолдауында айтылған дүниелер әлі басты заңға енген жоқ. Сол секілді жолдауда айтылған өзге де реформалардың құқықтық негізі жасалып, заңға еніп үлгермеді. Сол себепті болашақта ағайын, туысшылдығы бар азаматтардың лауазымды қызметтерге тағайындалуына қатысты қатаң ұстаным қажет. Аймақ әкімдерін халықтың тікелей сайлау үрдісі болашақта болуы мүмкін іс болғандықтан президент өз құзіреті шегінде ағайынды адамдардың туысшылдық жолмен қызметке баруына тоқтам салуы тиіс. Әйтпесе, президент өзі бастамашы болып отырған жаңа Қазақстанға халық сенім құлдырай бермек.