12-01-22 |
1750 рет қаралған
Алихан Бәйменов: Мемлекеттің тірегі – азаматтың жүрегі.

Мемлекеттің тірегі – азаматтың жүрегі.

Тәубешіл халқымыз әділет , абырой және мемлекеті үшін тәуекелшіл де бола алатынын көрсетті.

Сын сағатта жуапкершілік алған мемлекет басшысына сеніп , ұлт болып ұйысқан халық , өзінің адал ниетін лаңкестер , содырлар , оларды жұмсаған арамза да ашқарақ ішкі және сыртқы жаулар пайдаланғанына өзегі өртенгенімен, тәуелсіз Қазақстанды , ел мүддесін бәрінен жоғары қастерлейтінін дәлелдеді.

Талай боздақтың өмірі құрбан болған қантөгіс кезінде де , Президент басшылығымен тәртіп орнатыла бастағанда да миллиондаған азаматтың биік жауапкершілігін, ынтымағын және отансүйгіштігін көрдік.

Халықтың бірлігі мен сенімі президент Қасым -Жомарт Тоқаевқа батыл шешімдерді уақытылы қабылдап , оларды орындатуға жағдай туғызды.

Президенттің кешегі баяндамасы ең жоғары мінберден айтылған ең өткір бағасымен , ел мен жер байлығын халық игілігіне пайдалануға , тәуелсіздікті қорғауға бағытталған өзекті шешімдерімен көңілге сенім ұялатты .

Ол шешімдерді жүзеге асыру жаңадан жасақталған Үкіметке сын .
Аз күнде тез есейіп , өзінің қуаты мен қатар жауапкершілігін де сезген қоғам да , тәуелсіздігіміз бен мемлекетімізді қорғауда бар жауапкершілікті алып , көш бастаған Президент те Үкімет пен әкімдер жұмысын жіті бақылап , қажет кезде түйін түйері сөзсіз.

Қазіргі қысылтаяң кезде шұғыл шараларды қажет ететін ырғақты жұмысты тез бастау үшін қолда бар адамдарды пайдаланғаны да түсінікті. Олардың әрқайсы да болған оқиғалардан сабақ алып , қоғаммен бірге өзгерді деп үміттенемін . Сын сәттердегі ұстанымдары да тағайындау туралы шешім қабылдарда ескерілген болар .

Бүгін алғашқы отырысын көрдік . Білуімше , басынан аяғына дейін мемлекеттік тілде өткен алғаш үкімет отырысы. Енді экономиканы көтеріп , халықтың тұрмысын жақсартуда еңбектері жемісті болуына тілектеспін .

Қолымыздан келген көмегімізді көрсетіп , жағдайды қалпына келтіріп , Қазақстанымызды тұрақты дамытуға атсалысуды азаматтық парызымыз деп санаймын .

Қордаланған мәселелерді шешуге септесетін нақты ұсыныстарымыз болса Президент пен Үкіметке жолдайық . Олардың жасампаз ұсыныстарға ашық екені кешелі бүгін белгілі болды .

Халық әлеуетін ел игілігіне пайдалануға жағдай туғызатын саяси реформалар да дайындалып жатқанын , олардың қоғаммен , сарапшылармен талқыланған соң жарияланатынын кеше Президент хабарлады. Олар билік тармақтары тепе -теңдігі , сот тәуелсіздігі мен әділдігі , парламент пен мәслихаттағылардың халық өкілдері болуын қамтамасыз ету , сөз бен жиналыс бостандығы секілді бағыттарды қамтиды деп сенемін .

Сонымен қатар , президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Халықты еститін мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асуы үшін де саяси реформалар қажет .

Себебі , халықты есту қабілеті мемлекеттік аппарат пен биліктің кәсібилігіне байланысты болса , халықты естіп , түсінуге деген ынта мен құлық лауазым иелерінің тағдырын халық пікірімен байланыстыратын саяси жүйеге тәуелді .

Осы реформалар туралы ұсыныстарды енгізіп , оларды талқылауда азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың саяси пікірталасты жасампаздық сайысына айналдырып , оң өзгерістерге мұрындық болуларына тілектеспін .

Бұл біздің кешегі қантөгісте шәйіт болған боздақтар мен тәуелсіздікті аңсаған ата- баба әруағы және болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз .

Алла елімізге жар болсын !

Тәуелсіз Қазақстан мәңгі жасасын !

Құрметпен ,

Алихан Байменов

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.