09-06-22 |
1300 рет қаралған
Ақорда Қажыгелдиннің ұсынысын қабылдай ма?.
Ақорда Қажыгелдиннің ұсынысын қабылдай ма?

Президент Қ.Тоқаев шетелге заңсыз кеткен капиталды қайтару жөнінде бірнеше рет айтып, үкіметке арнайы тапсырма берген еді. Әзірге бұл істе көрнекі нәтиже жоқ. Дегенмен билік дәліздерінде шекара асқан қаражаттарды қайтару мәселесінде қызу іс жүріп жатқан сыңайлы.

Мәселен, «Ветер Левого берега» телеграм каналы қызықты бір жазба жариялады. Экс-премьер Әкежан Қажыгелдин заңсыз шетел асқан қаражатты қайтаруда Ақордаға көмектесуге дайын екенін жеткізген көрінеді. Қажыгелдин 30 жыл ішінде жымқырылып, шекара асқан қаражаттардың қалай ұрланғаны, оны қайтарудың әдіс-тәсілдерін де білетін көрінеді әрі онысын Ақордаға айтқан сәлемінде жеткізген-мыс. 

Рас, Қажыгелдин кейінгі кезде берген бірнеше сұхбатында Қазақстаннан заңсыз кеткен қаражаттарды туралы айтып, оның схемасын, қалай қайтару қажеттігін де білетіндігін айтқан еді. Соны есепке алғанда, телеграм каналдың жазбасының жаны бар деуге болады.

Мұндай ақпараттың референдумнан соң шығып отыруының да мәні бар. Өйткені  «Елбасы – тұңғыш президент» туралы конституциялық заң экс-президент Н.Назарбаев әулеті мүшелеріне қарсы қандай да бір іс қозғауға кедергі болып келді. Конституцияға енген өзгерістерге сәйкес, Назарбаев есімі басты заңнан алынған соң, «Елбасы – тұңғыш президент» туралы конституциялық заң күшін жояды. Сөйтіп кедергі жойылады. Ендігі жерде әулет мүшелерінің және Назарбаевқа жақын болған топтарды тексеруге мүмкіндік бар. Ол үшін әлбетте, бұлартпас дәлел, құжат керек. Ал ондай факт, дәлел Қажыгелдинде болса, онда оның ұсынысы Ақорданы ойландыруы әдбен мүмкін.

Бірақ Қажыгелдин сырттай сотталған адам. Билік оған кешірім жасап, онымен жылыстаған қаражаттар бойынша жұмыс істеуге келіскеннің күннің өзінде Қажыгелдиннің елге оралуы саясаттағы ауа райын әсер етіп, көп адамның жүйкесін жұқартуы да ықтимал. Оның үстіне қыруар қаражаттарды шетел асырғандардың ішінде қазба-байлық кендерін ұзақ жыл билеп-төстеп отырғандар, банкирлер, мұнай-газ саласын ресми/бейресми иелік еткендер да бар екенін жасырын емес. Демек Қажыгелдиннің ұсынысы белгілі бір топ үшін аса қауіпті болмақ.

Қажыгелдиннің ұсынысы ойланарлық болғанмен, оның елге қайтқан жағдайда саясатқа араласатынын да Ақорда біліп отыр. Экс-премьермен өзара келісім болған күннің өзінде оның саясатқа қайта араласуы – құқықтық тұрғыдан қоғаммен енді ғана келісім жасап, өз ойлаған бағытына толық ойыспақ болып жатқан Ақордаға қолайлы бола қоюы екіталай.

Қалай болғанда да саясаттағы биылғы жаз ыстық, күз тіпті қарбалас, қауырт болатын түрі бар.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.