arasha.kz

Ассамблея – елдегі татулықтың тамыршысы

Қазақстан жүзден аса ұлт пен ұлысқа алтын ұя, Отан болып отырған берекелі шаңырақ. Бір анадан туған балалардың өзі бір-бірінің тілін таппай, пікірі үйлеспей жатқанда әртүрлі ұлт пен ұлысты бір мақсатқа ұйыстырып, бірлігін сақтау оңай дүние емес. Мұндайда көреген саясат пен кешенді бастамалардың көмегі керек-ақ. Халықтың татулығын нығайтып, ынтымағын арттыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының ролі ауқымды. Ал Алматы қаласы – ірі мегаполис, көп ұлт топтасқан алып шаһар. Соған сәйкес Ассамблеяның  Алматыдағы филиалының да жұмысы қауырт, ықпалы орасан.

Алматы қаласының әкімдігі мен Ассамблея филиалы осы уақытқа дейін талай игі іске мұрындық болып келеді. Әсіресе, отаншылдыққа дәріптеу, мемлекеттік құндылықтарды қастерлеу бойынша қолға алынған шаралардың маңызы айрықша. Айталық жақында әкімдік пен ассамблея филиалы Мемлекеттік рәміздер күніне орай көптеген игі істердің басы-қасында жүрді. Соның ішінде «Мен Қазақстанның азаматымын!» деп аталатын челлендж елімізді Отаным деп санайтын барлық ұлттар мен ұлыстардың басын біріктірген, қызығушылығын арттырған жоба болды десек қателеспейміз. Әкімдіктен бастау алып, ассамблеяда жалғасын тапқан челленджге жастар жағы ерекше ынтамен атсалысты. Челендждің үлкен ауқымды қамтығаны сонша, рәміздер күнінің қарсаңында барлық әлеуметтік желіде көк байрағымыз желбіреп тұрды. Ұлттық рухты көтеріп, елімізге деген сүйіспеншілігімізді нығайтқан бұл шара өзге ұлттардың Қазақстанға деген шексіз алғысын, терең махаббатын сезіндіргендей әсер етті.

Осы челленжден бастау алған шара кейіннен «Мемлекеттік рәміздерді білесің бе?» деген викториналық сауалға ұласты. Мерекеде Алматы әкімдігінің қолдауына сүйенген «Ассамблея жастары» ұйымы рәміздер авторы, мемлекеттік рәміздердің тарихы, елтаңба, көк туымыздағы бейнелердің мән-мағынасын түсіндіретін парақшаларды көпшілікке таратып берді. Мәліметке бай парақша халықтың рәміздерге деген сенімін нығайтып, өз тарихымызды тануымызға көмектесері анық.

Ассамблея әр мерекені тәрбиелік жақтан танытуға, насихаттауға тырысатынын үнемі байқап жүрміз. Балаларды қорғау күнінде де Алматы әкімдігі мен ассамблея филиалының ұйымдастырған шаралары өзге өңірлерден айтарлықтай өзгеше болды.  

Алматыда «Туған жер құшағында» деген атпен ұйымдастырылған Республикалық ІІ фестивальға өзге ұлт өкілдері де зор ынтамен қатысты. «Қазақстан ұйғырының республикалық этномәдени орталығы» Қоғамдық бірлестігі мұрындық болған бұл фестивальда өнерлі жастар арасынан жүйріктерді анықтауға жол ашылды. Соның ішінде «Менің балалық әлемім» атты асфальтта сурет салу байқауына жас өскіндер көп қатысты. Әр жастағы бүлдіршіндер жиналған байқаудың форматы да бөлек. Бірінен соң бірі жайғасып, қатар-қатар Қазақстанның табиғаты мен кереметін асфальт бетіне салған жастардың талантына таңғаласың. Алматының бүкіл әдемілігін көрсетіп, тартымды табиғатын асфальтта бейнелеген балаларды әкімдік пен ассамблея тарапынан берілген сыйлықтар да қуантып тастаған болатын.

          – Мерекеде паркке арнайы келген едік. Ұл-қызыммен қатарлас балалардың асфальтта түрлі суреттер салып, бір-бірімен тіл табысып, танысып отырғанын көріп қуанып қалдық. Сосын балаларыма байқауға қатысуды ұсындым. Әкімдік қызметкерлері түрлі-түсті борларды балаларға беріп, қалай жұмыс істеу керектігін үйретті. Байқауда жеңу міндет емес. Біз бұл шара арқылы ұл-қызымның суртке бейімін анықтап, балалардың риясыз достығына куә болдық, – дейді Ақбота Ерлікқызы.

Ассамблея тек балалар тәрбиесіне көңіл бөліп қоймай, ел тарихындағы айтулы оқиғаларға, қоғамды дамытуға ықпал ететін шараларға мұрындық болып, елдік мәселелерді талқылауда да биік мінберге айналған. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай республикалық ғылыми – әдістемелік семинардың өтуі сөзіміздің дәлелі.

Жалпы Алматы қаласының әкімдігі ұлттық құндылықтарды сақтауда, тарихи мұраларды таныстыруда үнемі көш басында тұр. Ассамблеямен бірігіп ұйымдастырылған шаралардың алтын арқауы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған еді. Алматы қаласы және Алматы облысының этномәдени бірлестіктері мен жастары үшін қолға алынған семинарда Республикалық Достық үйінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Нұрсәуле Әлтекова мен Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жандар Асан көпшілікке ұзақ уақыт азық болар мәліметтер мен тарихи деректерді ортаға салды. Сондай-ақ, шараға саяси ойынның құрбаны болған ақылман аға-апаларымыздың ұрпақтары арнайы шақырылып, тағдырдан көрген теперіші көпшілік алдында айтылды.

Семинарға Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық, облыстық және қалалық этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдары, Алматы қаласы мен Алматы облысының «Ассамблея жастары» белсенді атсалысты. Дәрістер кезінде ұлттар арасындағы келіспеушіліктерге жол бермеу, Алматы қаласының қауіпсіздігін сақтауда ұлттар достығын басшылыққа алу бойынша бағыт-бағдар берілді.

          Ассамблеяның Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп атқарған шараларының нәтижесі де біліне бастады. Мәселен Достық үйі және әзірбайжан этномәдени бірлестігі жақында балаларға арнап мереке ұйымдастырды. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай атқарылған «Бақытты балалар – бақытты болашақ» атты мерекелік іс-шара да маңызы бойынша бірінші қатарда тұр. Бұл іс-шара барысында қызықты викториналар мен көпіршікті шоу ұйымдастырылды. Балалар үшін түрлі байқаулар өткізіліп, арнайы сыйлықтар табыс етілді.

          Қарап отырсақ, жоғарыдағы іргелі істердің бәрінде Алматы қаласының әкімдігі ассамблеяға көмекші болған. Ал ассамблеяның әкімдікпен бірігіп атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Соның ішінде Қазақстан тарихы мен тілін дамытуға Ассамблеяның араласып, әр салада мемлекеттік тіл мен тарихтың бағасын көтеруі құптарлық қадам.

          Бүгінде аталмыш ұйымның филиалдары республиканың түкпір-түкпірінде бар. Олардың әрқайсысы әкімдіктің қолдауына сай мектеп, білім беру ұйымдарында тіл үйрету курстарын ашып, өзге ұлттардың мемлекеттік тілді тез әрі оңай меңгеруіне барынша көмек көрсетуде. Ең бастысы, Алматы қаласының әкімдігі Ассамблея тарапынан жолданған ұсыныстарға жедел жауап беріп, барынша қолдау көрсетуге тырысып келеді. Іргелі істердің күретамыры саналатын Ассамблеяның бірлік, татулық, тыныштық, бейбітшілік ұстанымымен жұмыс істеуі мемлекеттің оң имиджіне әсер етпей қоймайды. Сондықтан екіжақты қолға алынған бастамалардың алдағы уақытта да үзіліп қалмай, жақсы дәстүрге айналарына сенеміз.

Exit mobile version