Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Астана мемлекеттік қызмет хабына мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша көпжақты платформаның құрылтайшысы әрі қатысушысы болуды ұсынды. Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов ЭЫДҰ мемлекеттік басқару жөніндегі директораты басшысы Маркос Бонтуримен Дүниежүзілік үкіметтік саммитте Дубайда кездесті.
Кездесуге Грузияның Мемлекеттік қызмет бюросының директоры Е.Кардава, Корея Республикасының Персоналды басқару экс-министрі Пан Сук Ким, ЭЫДҰ мемлекеттік қызмет реформасы бөлімі басшысы Эдвин Лау, ЭЫДҰ директоратының гендерлік және инклюзивтілік мәселелер жөніндегі басшысы Т.Теплова, Хабтың консультативтік кеңес жетекшісі М.Двалишвили және басқалар қатысты.
Бонтури Астана хабы құрылған сәттен бергі табысты ынтымақтастықты атап өтіп, оның нығая түсетіндігіне сенім білдірді: «Cіздер инновациялық мемлекеттік басқару саласында тәжірибесі мол Біріккен Араб Әмірліктері үкіметімен әріптестік орнатқаннан кейін біз енді үш жақты ынтымақтастықты дамытып, халықаралық деңгейде бұдан да зор ықпал ете аламыз», – деп мәлімдеді.
Тараптар ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін, оның ішінде басым бағыттар бойынша бірлескен іс-шаралар мен зерттеулер жасауды талқылады.
Байменов Астана хабы ЭЫДҰ әдістемесі бойынша мемлекеттік қызмет көрсету мен электрондық үкімет мәселелері жөнінде практиктердің екі Альянсын құрғандарын, мемлекеттік қызметті реформалау бойынша енді үшінші Альянсты іске қосу жоспарланып отырғанын айтты. Адам ресурстарын стратегиялық басқару саласында ЭЫДҰ-мен бірлескен зерттеудің табысты тәжірибесін ескере отырып, ол мемлекеттік қызметтегі мотивация және еңбек ақы төлеу, посткеңестік елдердегі мемлекеттік қызметті реформалау тәжірибесі туралы зерттеулер жасауды жалғастыруды ұсынды. Қатысушы елдердің өзгеріп тұратын қажеттіліктері мен басымдықтарын анықтау үшін Хаб мерзім сайын сауалнама жүргізетінін де атап өтті.
Бонтури ұсынылған тақырыптарға үкіметтік органдардағы гендерлік аспект, тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізудегі үкіметтің рөлі және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру сияқты басымдықтарды қосты. Сондай-ақ, ол Астана хабына БҰҰ Даму Бағдарламасы, Дүниежүзілік банк, Еуропалық Одақ және тағы басқа жетекші халықаралық ұйымдар кіретін мемлекеттік қызмет мәселелерінің көпжақты платформасының құрылтайшысы, әрі қатысушысы болуды ұсынды. Бұл тұғырнаманың жыл соңына қарай құрылуы жоспарланған.
Алихан Байменов ЭЫДҰ өкілдерін жыл сайынғы конференцияға, Астана экономикалық форумы аясында өтетін Хабтың панельдік сессиясына қатысып, мемлекеттік басқарудағы гендерлік сапа, тұрақты даму мақсаттары мәселелері мен өзге де басым бағыттар бойынша зерттеулер нәтижелерімен көпшілікті таныстыруға шақырды.
ЭЫДҰ – әлемнің 40 елі қатысатын Астана Хабының стратегиялық серіктесі әрі құрылтайшыларының бірі.