Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин 16-18 маусым аралығында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келіп, Астанада өтетін «Қытай – Орталық Азия» екінші саммитіне қатысуда. Бұл жиын – Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы жоғары деңгейлі саяси, экономикалық және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді көздейтін маңызды дипломатиялық қадам. Саммит туралы ресми ақпарат Ақорданың сайттарында жарияланды.
Бұл – «Қытай – Орталық Азия» форматындағы саммиттің алғаш рет аймақ елдерінің бірінде, яғни Қазақстанда өткізілуі. Бұған дейін, 2023 жылы бірінші саммит Қытайдың Сиань қаласында өткен еді.
Екінші саммит – сенімді серіктестікке бастайтын жол
Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев Global Times басылымына берген сұхбатында: «Бірінші Қытай – Орталық Азия саммиті жаңа аймақтық ынтымақтастық үлгісін бастады, ал екінші саммит байланыстарды тереңдетуге серпін береді. Қытай – Орталық Азия саммиті теңдікке, тату көршілік пен өзара тиімділікке негізделген диалог тетігіне айналды. Біз екінші саммит Еуразияда біртұтас ынтымақтастық пен сенім кеңістігін құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенеміз», – деді.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Аймақтану кафедрасының докторанты Қанат Қаһарұлының айтуынша, Астанадағы саммит тек экономикалық ғана емес, саяси және стратегиялық маңызы бар оқиғаға айналғалы отыр.
«Екі жыл бұрын Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Орталық Азиядағы бес елдің көшбасшыларының Сиань қаласында бас қосқан «Қытай – Орталық Азия» бірінші саммиті барысында ел басшылары Астанада екінші саммит өткізуге уағдаласқан еді. Енді, міне, сол сәт келіп жетті. Бұл саммит – сауда, қауіпсіздік және өзара байланысты нығайтатын нақты қадамдарды айқындайтын маңызды оқиға», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Қытай мен Орталық Азия елдері соңғы жылдары «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында көптеген стратегиялық келісімдерге қол қойды. Бұл бастамалар сауда-экономика, энергетика, көлік және инфрақұрылым салаларында жаңа жобаларды өмірге әкелуде.
«Орталық Азия елдері Қытайдың стратегиялық серіктесі болып табылады. Қытай аймақ елдерімен тек экономикалық емес, логистикалық, энергетикалық және ресурстық байланыстарды дамытуға мүдделі. Бұл – өзара тең әрі ұзақмерзімді әріптестікке негізделген үрдіс», – дейді Қанат Қаһарұлы.
Аймақтың Қытай үшін маңызы
Сарапшы атап өткендей, Орталық Азия – Қытай үшін үш негізгі себепке байланысты маңызды:
- Табиғи ресурстар: Аймақта сирек кездесетін металлдар, уран, мұнай және газ қорлары бар.
- Логистика: Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолы және Қытай – Еуропа теміржолы арқылы Қытай Еуропа нарығына шығатын маңызды бағытқа ие.
- Сауда серіктестігі: Қытай – Орталық Азия елдерінің ең ірі сауда серіктесі.
«2023 жылы екі тарап арасындағы сауда көлемі 32 пайызға өсіп, 41 миллиард долларға жетті. Ал 2024 жылдың алғашқы бес айында бұл көрсеткіш тағы 18 пайызға артып, 17,62 миллиард долларды құрады. Бұл – қарым-қатынастың нақты нәтижесі», – дейді Қанат Қаһарұлы.
Астанадағы саммит Канададағы «Үлкен жетілік» (G7) саммитімен тұспа-тұс өтіп жатыр. Сонымен қатар АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың жуырда Қазақстан сыртқы істер министрімен кездесу өткізгені белгілі.
«Осы тұрғыдан алғанда, Қытай басшысының сапары тек аймақтық қана емес, жаһандық мәнге де ие. Бұл сапар – Қытайдың сыртқы экономикалық байланыстарын нығайту арқылы АҚШ-пен арадағы сауда соғысының ықтимал салдарын жұмсартуға бағытталған стратегиялық қадам. Қытай бүгінде әлемдік шикізат пен нарыққа тәуелді екенін жақсы түсінеді және Орталық Азия арқылы бұл тәуелділікті әртараптандыруға ұмтылып отыр», – дейді сарапшы.
Қауіпсіздік мәселесі: жаңа басымдықтар
Сарапшы пікірінше, саммит барысында аймақтың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды. «Ресейдің аймақтың басты әскери күші және қауіпсіздік менеджері ретіндегі рөлі ұзақ уақыт бойы төмендеп келеді. Оның Украинадағы әскери іс-қимылдарға назар аударуы бұл үрдісті жеделдетті. Сонымен қатар Орта Шығыстағы шиеленістер – Израиль мен Иран арасындағы қақтығыстар – Қытайға жақын жатқан Орталық Азия аймағына да әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты Қытай аймақ қауіпсіздігіне алаңдайды», – дейді Қанат Қаһарұлы.
Оның пікірінше, саммит барысында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) аясында қауіпсіздік саласында жаңа келісімдерге қол қойылуы әбден мүмкін.
«Қытай Орталық Азияны тұрақтылық пен қауіпсіздік белдеуі ретінде қарастырады. Сондықтан бұл саммитте тек экономикалық емес, қауіпсіздікке қатысты да маңызды шешімдер қабылдануы мүмкін. Бұл өз кезегінде аймақ елдерінің ішкі тұрақтылығына және халықаралық беделіне оң әсер етеді», – деп түйіндеді сарапшы.
Астанадағы Қытай – Орталық Азия екінші саммиті аймақ елдері мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жаңа дәуірін бастайтын маңызды дипломатиялық оқиға болмақ. Тең әріптестік, өзара сенім мен тиімділік негізіндегі бұл формат алдағы уақытта Еуразия кеңістігінде жаңа экономикалық-саяси тепе-теңдік орнатуға ықпал етуі мүмкін.
Самал Асқар