arasha.kz

Астанадағы «Орыс үйі» ұйымы 10 оқушыны Қырымға жіберген

«10 қазақстандық оқушы Ресей аннексиялап алған Қырымдағы «Артек» лагеріне жіберілген»,- деп жазады Азаттық.

Сапарды Астанадағы Орыс үйі – «Россотрудничество» ұйымдастырған.

Астанадағы Орыс үйінің Facebook парақшасында «Тірі классика» атты мәнерлеп оқу бойынша байқауының жеңімпаздары «Артек» лагеріне 24 күнге жіберілгені жайлы пост жарияланған. Жазбада жеті бала мен бір әйелдің әуежайдан түсірілген суреті да бар. Суреттің қайда және қашан түсірілгені белгісіз.

Ал әлеуметтік желіде Ресей басып алған Украинаның аралына қазақстандық балаларды жібергеніне наразы жазбалар жарияланды. Кейбір қолданушылар кейінгі апталарда Қырымда мұнай базалары мен әскери нысандарда жарылыс жиілігенін алға тартып, сапардың қауіпті болуы мүмкін екенін айтты. Кейбір сарапшылар Қырымдағы жарылыстың жиілегенін украин әскерінің өз жерін қайтару мақсатында қарымта шабуылға дайындығымен байланыстырған. Қолданушылар сонымен бірге Қазақстанның білім беру органдарын да сынап, 2014 жылы аннексияланған Қырымды ресми Астана Ресейдің бір бөлігі деп танымайтынын да еске салды.

Оқу-ағарту министрлігі қазақстандық қолданушылардың пікірлеріне жауап бермеді.

«Тірі классика» қорының ресейлік «Вконтакте» желісіндегі парақшасындағы мәлімет бойынша, Қырымға қазір Ресейдің одақтасы саналатын өзге бірнеше мемлекеттен балалар бара жатқаны айтылады. 2 мамыр күнгі жазбада Қырымға Мексика, Марокко, Тәжікстан, Моңғолиядан оқушылар келгені жазылған. Тағы бір жазбада Ресейдің түрлі аймағынан да балалар келгені айтылады.

Орыс үйі – «Россотрудничество» ұйымының бейресми атауы. Аталған ұйымды ТМД істері жөніндегі Ресей федералдық агенттігі мемлекеттік бюджеттен қаржыландырады. Бұл агенттікті сарапшылар шетелде орыс тілі мен орыс білімін дамытуға күш салып жүрген Ресейдің «жұмсақ күш» құралы деп атайды.

Қазақстанда Орыс үйі түрлі «патриоттық» акциялар ұйымдастырады, Ресейдің пропагандалық фильмдерін көрсетеді. Қазақстанда кейбір азаматтар мұндай акцияларға наразы болып, «Россотрудничество» ұйымымен әріптестікті тоқтатуды талап еткен.

Exit mobile version