Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифпен кеше телефон арқылы сөйлескен. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Иран СІМ басшысы Таяу Шығыстағы ағымдағы ахуал туралы хабардар етті. Министр М. Тілеуберді өңірдегі жағдайдың шиеленісуіне алаңдаушылық білдірді. Ол барлық тараптарды шиеленістің одан әрі ушығуын болдырмау үшін ұстамдылық танытуға және жанжалды шешудің саяси-дипломатиялық жолдарын іздеуге шақырды» делінген баспасөз хабарламасында.
Ислам сақшылары корпусының арнайы элиталық бөлімі – «Құдс күштерінің» қолбасшысы генерал Касем Сүлейманидың қазасынан кейін Иран мен АҚШ арасындағы текетірес ұлғая түсті. Екі жақ бір-біріне айбат шегіп, әртүрлі мәлімделер жасауда.