Бакуде екі ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері ұсталды, олар Ираннан есірткі заттарын транзитпен өткізуге, оларды интернет арқылы таратуға, сондай-ақ киберқылмыстарға қатысы бар деп күдіктелуде.
1news.az мәліметінше, заңсыз әрекеттерге қатысы бар Ресей азаматтарына қатысты жедел-іздестіру шаралары жалғасуда.
Ал, Ресей СІМ-і өз кезегінде Әзербайжан елшісі Рахман Мустафаевқа наразылық нотасын тапсырды.
Мустафаевты РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин қабылдаған. Кездесу барысында Бакудің соңғы «достыққа жат әрекеттеріне» байланысты ресми наразылық білдірілген.
Нотада Бакуде қамауға алынған «Спутник-Әзербайжан» қызметкерлері Игорь Картавых пен Евгений Белоусовты босату қажеттігі айтылған.
Сондай-ақ, Екатеринбургте жуырда ұсталған, Әзербайжан текті Ресей азаматтарына қатысты жағдай жөнінде Ресей тарапы түсініктеме берген.
«Ресей құқық қорғау органдары жүргізген тергеу әрекеттері Ресей заңнамасына сәйкес жүзеге асырылды. Тергеу бұрынғы жылдары Ресейде, соның ішінде әзербайжан азаматтарына қарсы жасалған ауыр қылмыстарға байланысты басталған», — делінген нотада.