Бүгін «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Саяси тұғырнама, «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» және 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы сияқты негізгі бағдарламалық құжаттарды қысқа мерзімде жаңарту жөніндегі жұмыс топтарымен жиналыс өткізді.
Асхат Оралов 1 наурызда өткен Съезде партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партияны жаңғыртудың басымдықтарын, оның ішінде негізгі бағдарламалық құжаттарды қайта қарау бойынша басымдықтарды белгілегенін атап өтті.
Осыған орай әрбір бағдарламалық құжат бойынша жеке жұмыс топтары құрылды. Сонымен, Партияның саяси тұғырнамасын жаңарту жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі болып Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Айдос Сарым тағайындалды.
2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасын жаңарту жөніндегі жұмыс тобына Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек жетекшілік етеді.
Ал 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров болды.
Жұмыс топтарының құрамына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, партия Саяси кеңесінің мүшелері, сарапшылар қоғамдастығының, үкіметтік емес сектордың өкілдері, уәкілетті мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері енді.
«Партияның құндылықтары мен басымдықтары белгіленген Саяси платформа 2013 жылы қабылданды. Жаңартылған құжатта қоғамда қалыптасып жатқан жаңа құндылықтарды айшықтап, азаматтардың өзгерістерге деген барлық сұраныстарын барынша ескеру қажет», – деді партияның Атқарушы хатшысы.
Ол «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасында пандемияға, қаңтардағы оқиғаларға және геосаяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерді ескере отырып, сондай-ақ Жаңа Қазақстанды құру жөніндегі міндеттерге сәйкес тұжырымдамалық тәсілдерді мұқият пысықтау қажеттігін атап өтті.
Бұл ретте, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы бойынша жұмыс тобының басты міндеті – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеуді қалыптастыруға, мемлекет пен қоғамды осы әлеуметтік зұлымдықпен күреске жұмылдыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеу.
Өңірлік филиалдардан және партияның мәслихаттар мен Мәжілістегі депутаттық фракция мүшелерінен ұсыныстар жинау қысқа мерзімде ұйымдастырылатын болады. Бағдарлама жобалары түрлі диалог алаңдарында, сараптамалық кездесулерде, оның ішінде онлайн-форматта да талқыланбақ.
Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қазіргі таңда қоғамда өзгерістерге деген сұраныс жоғары екенін және тиісінше партияларға қойылатын талап-тілек те өте жоғары екенін атап өтті.
«Әрине, өзгеріс қажет, бірақ менің ойымша, сабақтастық болуы керек. Сондықтан біз өткеннің жақсысын ала отырып, болашаққа қадам басатын боламыз», – деді Ерлан Саиров.
Кеңес барысында Айдос Сарым, Саясат Нұрбектен және басқа да жұмыс топтарының мүшелері өз ойларын ортаға салды.