«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған Бауыржан Байбек қызметінен кететін мәлімдеді. Партияның өткен съезінде бірінші орынбасар дейтін қызмет жойылғаны айтылған. Және партияның саяси бюросына да саяси кеңесіне де көп өзгерістер енген. Байбек жаңа саяси бюрода да саяси кеңесте те жоқ. Байбек Назарбаевтың тұсында жоғарғы лауазымды қызметтерге жолы ашылып, ұзақ жылдар билікте жүрді. Ол Натың сеніміне кірген жақын адамдарының бірі болған.
«Құрметті достар! Өткен аптада «Nur Otan»-ның XXI тарихи Съезінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірауыздан партия Төрағасы болып сайланды.
Елбасы айтқандай, «біздің еліміз жаһандық трансформация, күрделі және жауапты шешімдер дәуіріне қадам басты. Олардың табысты болуы саяси ерік-жігерге, айқын мақсаттарға және ең бастысы, халықтың қолдауына байланысты болады. Барлық қажетті ресурстарға ие «Nur Otan» партиясы Мемлекет басшысының бағытын іске асыруда сенімді көмекші болуға тиіс».
Съезде ел Президенті, «Nur Otan» партиясының жаңадан сайланған Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев партияны реформалау, жұмыстың әдістері мен мазмұнын жаңарту, партиялық бақылауды күшейту, қоғамдық қабылдаулардың тиімділігін арттыру, кадрлық әлеуетті нығайту, сондай-ақ жаңа формациядағы адамдарды тарту жөнінде нақты міндеттер қойды.
Ел Президенті белгілеген жүйелі реформаларға кең ауқымды қоғамдық-саяси қолдауды қамтамасыз ету үшін бүгінгі күні «Nur Otan»-да қажеттінің барлығы, яғни адамдар, тәжірибе, ресурстар және инфрақұрылым бар.
«Nur Otan» алдына жаңа көзқарастар мен тәсілдерді талап ететін мүлде жаңа міндеттер қойылды. Сондықтан мен партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа атқарып отырған қызметімнен босату туралы тиісті өтініш бердім. Бүгін менің өтінішім қанағаттандырылды.
Мен мемлекеттік және партиялық қызметте 20 жылдан астам еңбек еттім: екі рет, жалпы алғанда 6 жылға жуық – «Nur Otan» Төрағасының Бірінші орынбасары, 3 жылға жуық – Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымдарында, 4 жыл Алматы қаласының әкімі болып жұмыс істедім.
Қандай қызмет атқарсам да, қай салаға жауапты болсам да, мен әрқашан Отанымыздың Тәуелсіздігін нығайтуға, қоғамда ішкі саяси тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуге, ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруға өзімнің үлесімді қосуға тырыстым. Өз жұмысымда ашықтық және жауапкершілік қағидаларын басшылыққа алдым. Ар-намыс, сөзге беріктік және іске адалдық деген ұғымдар мен үшін әрқашан бірінші орында болды.
Барлық жұмыстарды атқаруда маған зор сенім білдіргені үшін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа үлкен алғыс білдіргім келеді.
Мемлекет басшысы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа осы жылдары жан-жақты қолдау көрсеткені үшін шынайы алғыс айтамын.
Партия аппаратының қызметкерлеріне, сондай-ақ орталықтағы және жергілікті жерлердегі барлық партия мүшелеріне ерекше алғыс білдіремін. Олар – жауапкершілікті өз мойнына алудан қорықпайтын іскер жандар, Қазақстанның болашағы үшін күн сайын қажырлы еңбек ететін нағыз патриоттар. Сіздермен бірге жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе болды!
Сөз соңында айтарым, еліміз үшін осы тағдыршешті кезеңде әрбір азамат өзінің көзқарасы мен сеніміне қарамастан Мемлекет басшысының айналасына топтасып, Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі мен біздің балаларымыздың лайықты болашағы үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар бағытын қолдауы тиіс деп санаймын!
«Nur Otan» бұл жұмысқа өз үлесін қоса алатынына кәміл сенемін», – деп жазады Байбек.
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024