ҚР Ұлттық музейі директоры Берік Әбдіғалиұлы «Jibek Joly» телеарнасындағы журналист Ерболат Мұхамеджан жүргізетін «Уәде» авторлық бағдарламасына сұхбат берді. Сұхбат барысында ол өз өміріндегі маңызды саяси және кәсіби кезеңдер, «Алаш Орда әскері» кітабының жазылуы және мемлекеттік қызметтен кеткен кезде кімдер қолдау жасағанын айтты.
«Мен кезінде билікті, ескі Қазақстанды сынап-сынап кетіп қалғанмын. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары кезінде соған бола қызметтен кетіп, ешқашан мемлекеттік қызметке келмеймін деп кеткенмін. Менің қатты сынаған жерлерім болды. Бұрынғы президентті де сынадым. Әсіресе, Алтынбек Сәрсенбайұлын атып өлтірген кезде мен қатты сынадым. «Мемлекеттік қызметке мен осы кісілер отырғанда ешқашан келмеймін» деп кеткен адаммын».
Журналистің Алтынбек Сәрсенбаевтың өлімі сізге ауыр тиді ме? деген сұрағына:
«Иә, әрине, ол менің ұстазым. Мемлекеттегі адамды атып кету деген масқара ғой. Біз қандай мемлекетте өмір сүреміз онда? Мен өте наразы болып, қатты сын айтып, келмеймін деп кеткен адаммын. Кейін бірақ жігіттер жұмысқа шақырып, бірге жұмыс істейік деп әртүрлі жобаларды қайтадан ұсынды. Сосын мен айттым: «Жарайды, жігіттер, мен жұмыс істеймін, бірақ саясатпен араласпай-ақ қояйыншы». Өйткені саясатпен аралассам, мен қазір тағы да сынаймын сендерді дедім. Мен өзім мәдени, ғылыми жобалармен айналысайын деп қайтып келіп, қайтадан жұмыс істеп жүрдім.
Айтайын дегенім, облыс әкімдігінен кеткеннен кейін мен 3 жылдай жұмыссыз жүрдім. Мен ойладым, тіпті тіркеліп қояйын ба «безработник» деп. Мені «Алаш Орда әскері» деген тақырып бұрыннан мазалап жүрген. Соны жазуға кірістім. 3 жылда «Алаш Орда әскері» деген кітабымды бітірдім. Сол кезде заман да өзгерді. Мені қудалаған жігіттер кетті. Оның орнына басқа жігіттер келіп, қайтадан қызметке шақырды».Журналистің «Кім қудалады сізді?» деген сұрағына:
«Президент әкімшілігінде Майлыбаев Бағлан деген отырды. Солар бастады. Мен естіген ақпарат бойынша, сол кісілер. Олар маған ғана емес, басқа кісілерге де «ұлтшылдар» деп тиісті. Менің естігенім Ерлан Тынымбайұлына, Айдос Сарымға, тіпті, Марат Тәжинге де. Оны маған Марат Тәжиннің өзі айтты. Мәскеуде мен архивте жүргенімде сәлем беріп келейін деп кіріп шықтым, осындай архивпен жұмыс істеп жатырмын деп едім. Ол кісі: «Жақсы, мен саған қолдау көрсетейін. Осы қонақүйде тегін тұра бер. Саған керегі – бір ай ма, екі ай ма – тегін тұр. Менің саған берген қолдауым – сол болсын», – деді. Ол маған үлкен қолдау тұғын. Соның арқасында кітапты жаздым.
Әркім әйтеуір қолдан келгенше – тиын-тебен берсе де, билетімді алып берсе де – солай көмектесіп жүрді. Ерлан Тынымбайұлы, Мәулен Сағатханұлы, Айдос Сарым, Берік Уәли – қолдап жүрді. Әркім әр жерде жүрсе де. Олар кәсіпкерлерді тауып отырды маған. Бауыржан Оспанов деген кәсіпкер азаматпен Айдос Сарым таныстырды. Ол кісі маған «Алаш Орда әскерін» шығарып беруге көмектесті» — деді Ұлытау облысының бұрынғы әкімі.