9 мамыр қарсаңында Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде дипфейктер — танымал журналистер мен қоғам қайраткерлерінің жалған бейнелері мен дауыстары бар видеолар жаппай таралғаны мәлім.
SHYNDYK.KZ мәліметінше, бұл жалған ақпараттарды таратқан топ ресейлік аккаунттар мен телефон нөмірлерімен байланысты болған. Тергеу барысында негізгі тұлға — Telegram-да «gennadiikresl» деген атпен тіркелген қолданушы екені анықталды.
Бұл адам акцияға қатысу үшін сағатына 1000 рубль ұсынған. Аккаунт иесі — Ресей азаматы Андрей Соколов болып шықты. Ол Қазақстанда 55 банктік шот ашып, Ресей азаматтары Алексей Шубин мен Алена Забродинамен байланыста болған.
Аталған тұлғалар Қазақстандық SIM-карталарды пайдаланған және бірнеше рет Ресей – Қазақстан – Қырғызстан – Өзбекстан бағытында қозғалған.
Шубинге тиесілі шетелдік нөмір арқылы Ресей азаматтары В. Никитин, П. Пархоменко, И. Пономарев және А. Окулова секілді басқа тұлғалармен байланыс орнатылған. Олар да жоғарыда аталған бағыттармен жүріп отырған. 2025 жылғы сәуірде Пархоменко Қазақстанға қайта оралған, бұл жолы ол Ресей азаматы, 2002 жылы туған Юлия Балахонова есімді азаматшамен бірге келген.
Белгілі деректерге сәйкес, бұл екі топтың мүшелеріне тіркелген банктік карталар арқылы жұмсалған қаражат көлемі 21 миллион сомнан (123 миллион теңгеден) асқан. Ақша негізінен цифрлық сервистерге, жасанды интеллект бағдарламаларының лицензияларына, анонимді байланыс платформалары мен контентті қашықтан басқару құралдарына жұмсалған.
SHYNDYK.KZ хабарлауынша, барлық мәліметтер бұл ақпараттық шабуылдың орталықтандырылған сипатта ұйымдастырылғанын көрсетеді. Бірқатар дереккөздерге сүйенсек, бұл әрекеттерге Бішкектегі Б.Н. Ельцин атындағы Қырғыз-Ресей Славян университетімен байланысты құрылымдар стратегиялық жетекшілік жасаған. Орныққан мемлекетаралық байланыстар, инфрақұрылым және академиялық бағдарламалар арқасында аталған оқу орны посткеңестік кеңістіктегі ақпараттық кампаниялардың бейресми үйлестіру орталықтарының бірі ретінде қарастырылады.