24-06-19 |
4800 рет қаралған
Билік «Ақиқат ЖСДП-ны» қайта тіркеуден бас тартты.
Билік «Ақиқат ЖСДП-ны» қайта тіркеуден бас тартты

«Ақиқат» партиясының төрағасы Ермұрат Бапи фейсбуктегі өз парақшасында ҚР Әділет министрлігі «Ақиқат» партиясының жаңа атауын мемлекеттік тіркеуге алудан бас тартқанын жазды.

Төменде қоғам белсендісінің жазбасын толықтай беруді жөн санадық:

Ақорда билігі «Ақиқаттан» қауіптене бастады немесе Тоқаев мырзаға алғыс!

ҚР Әділет министрлігі «Ақиқат» партиясының жаңа атауын мемлекеттік тіркеуге алудан бас тартты (фотокөшірмені қараңыз). Министрліктің көлденең тартқан уәжі – Қазақстанда «ақиқат» сөзін қолданған басқа ұйым – «Желтоқсан ақиқаты» деген бірлестік бар екен: «Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізімінің мәліметтеріне сәйкес, «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі тіркелген» (қаз-қалпында) деп, «Ақиқат» партиясын тіркеуге алмаудың амал-айласын жасапты.

Ақорданың айтуымен жасалған бұл жалтарма әрекет қазақстандық заңдар нормасына қайшы келетіні былай тұрсын, сонымен бірге филологиялық-тілдік-лексикалогиялық нормаларға да сәйкес келмейді. Қолданыстағы «Желтоқсан ақиқаты» мен «Ақиқат партиясы» деген тіркестер мән-мағыналық жағынан бір-бірін қайталамайтын ұғымдарды білдіретінін тіл мамандары дәлелдеп, жіктеп бере алады деп ойлаймын.

Екіншіден, елде бір сөздің негізінде құрылған ұйымдар мен атаулар аз ба? Бір ғана «нұр» сөзін алайық: «Нұр Отан партиясы», «Нұр-сұлтан қаласы», «Нұр-Астана мешіті», «Нұр-Астана газеті», «Нұр-Астана медресесі», «Нұр-Астана құрылыс компаниясы»… Немесе «Хабар агенттігі», «Хабар-24» ТВ-арнасы», «Даму қоры», «Даму журналы», «Астана-даму» деген бір-бірін қайталайтын атаулар өріп жүр.

Ендеше, бұл атаулар неге «бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіміне сәйкес» келеді де, «Ақиқат партиясы» мен «Желтоқсан ақиқаты» бір-бірін қайталайтын атаулар болып шығады? «Нұр» тықпаланбаған тесік, жамалмаған жыртық қалмады, ал «ақиқат» атауы неге «ұлттық тізімге» сәйкес келмейді?

2019 жылдың 26-сәуірінде өткен ЖСДП партиясының сиезінде қабылданған «Ақиқат» атауын қайткенде де мемлекеттік тіркеуге алмаудың астарында саяси сипат бар деп ойлаймын. Ақорда билігі бас көтере бастаған елдегі жалғыз тәуелсіз партияны халықтық қолдауға ие болдырмаудың орашолақ әрекетіне кірісе бастады. Оның басты мақсаты – алдағы парламенттік сайлауда «Ақиқат» атауын алған партияның айбыны басым болмасын деген мысықтілеу.

Бірақ біз министрліктің мұндай айла-әрекетімен келіспейміз және бұл шешімнің заң аясында да, тілдік-филологиялық қолданыс тұрғысында да ешқандай логикаға сәйкес келмейтінін дәлелдеп, сотқа шағым түсіру процессін бастадық. Біз бұл қарсылық әрекетке заңгерлерді ғана емес, тіл мамандарын, құқыққорғаушы ұйымдарды, елдегі шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерін тартуды қолға алдық.

Ең қызығы – бұған дейін бұйығы жатқан партияны біз қалай оятамыз, оның саяси-қоғамдық маңызы мен ел-жұртқа қажетті жалғыз партия екенін қалай дәлелелдейміз деп, бас қатырып жүргенімізде, бізге биліктің өзі көмекке келді: енді біз Жоғарғы сотқа дейін созылатын ұзақ процессті ПиАр-технология ретінде пайдаланатын боламыз.

Рахмет, саған Ақорда!

Алғыс, сізге Тоқаев мырза!

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.