arasha.kz

«Бұл – екіжүзділік. Сүлейменовті билік пайдаланады»

Көрнекті ақын Олжас Сүлейменов «Қазақстан халық конгресі» партиясының қайта құрылатынын мәлімдеді. Бұған дейін партияны қайта қатарға қосатынын айтқан Сүлеймен қазіргі президенттің реформаларын қызу қолдайтынын да жеткізген.

Бұрынғы билікпен 1991 жылдан бері қоян-қолтық жұмыс істеген Сүлейменов «Қазақстан халық конгресі» партиясын қайта құруы саяси ойын ережелерінің өзгермегенін көрсетеді.

Мәселен, қоғам қайраткері Дос Көшім «Сүлейменовті билік пайдаланды» деп есептейді.

«Саясатта белгілі бір тұлғалардың атақ-даңқын, бет-беделін пайдалану деген бар. Сүлейменовті билік пайдаланды. Бұрынғыдай ашық пайдаланбаса да билік өзіне қажетті дүниелерге пайдаланды. Компартия тарағанына бір ай өтер-өтпесте 1991 жылы 5 қазанда Сүлейменов «Қазақстан халық конгресі» партиясын құрды. Ол – компартияның саяси бюро мүшесі болатын. Бір айда адамның саяси көзқарасы, ұстанымы өзгеріп шыға келуі мүмкін емес. Бұл – екіжүзіділік. Ал оның партиясы Қазақстанның партиялық, демократиялық дамуына қосқан үлесін және өзге де саладағы проблемаларды көтергенін көрген жоқпын. Сондықтан Олжас коммунист болып қалды», – деді Дос Көшім arasha-ға берген пікірінде.

«Қазақстан халық конгресі» партиясы 1991 жылы 5 қазанда құрылған. Партияның тең төрағасы болып Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов сайланған. Кейінен М.Шаханов төрағалықтан кетіп, «Арал – Азия – Қазақстан» қозғалысына ауысты. Сондықтан партияның төрағалық қызметін В.Рогалев, Г.Ерғалиева атқарды. Партияның құрылтайшылары «Семей-Невада», «Арал-Азия-Қазақстан» қозғалыстары, «Әйелдер одағы», «Тәуелсіз бірлесу кәсіподағы», «Қазақ тілі қоғамы» мен «республика жас құрылысшылары ассоциациясы» және ұлттық мәдени орталықтар болды.

ҚХКП партиясының Солтүстік Қазақстан облысынан басқа 18 облыста өз ұйымдары болды. Партия өзінің бас органы «Халық Конгресі», «Народный Конгресс» газеттерін 20000 тиражбен шығарып тұрды.

Exit mobile version