Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Дәурен Абаев Ауғанстанды билеп отырған тәліптермен келіссөз жүргізу – ақылға қонымды іс деп санайды. Ол бұл туралы «Ашық диалог-2» сұхбатында айтты.
«Талибанмен (Қазақстанда және басқа да көптеген елдерде тыйым салынған) келіссөздер жүргізу бейтарап қалудан әлдеқайда ақылға қонымды қадам деп айтуға болады. Ондағы әлеуетті гуманитарлық апат Ауғанстанның жеке ішкі проблемасы болудан қалып барады. Бір жағынан Талибан қозғалысына террористік ұйым ретінде салынған тыйымды алып тастай алмаймыз. Тыйым салмау – біздің азаматтарға ол ұйымның қағидатын ұстануға рұқсат беру болар еді. Бұл бүгінде ақылға қонымсыз екеніне келісетін шығарсыз. Талибанның басындағы жағдай – саясат деген күрделі әрі қайшылыққа толы дүние екенін көрсетіп отыр.
Бүгін ғана Сыртқы істер министрі мәлімдеме жасап, Талибанның мойнындағы «террористік ұйым» деген гриф бүкіл әлем қауымдастығының ортақ шешімі негізінде ғана алынуы мүмкін екенін айтты. Әрине, бірінші кезекте БҰҰ-ның ұйғарымы болу керек.
Жалғыз біз ғана Талибан қозғалысымен келіссөз жүргізіп жатқан жоқпыз. Әлемдегі ірі державалар да, осы өңірдегі өзге мемлекеттер де осылай істеп жатыр. Дәл қазір, бастапқы кезеңде Талибанды халықаралық байланыстар мен міндеттемелерге тарту өте маңызды. Осылай ғана екі нәрсеге қол жеткізуге болады. Біріншісі – елдің аумағын өзге мемлекеттерге зиян келтіру үшін пайдалануға жол бермеу. Екіншісі – басқару режимін жұмсарту. Ауғанстанның оқшау қалуы ешкімге жақсылық әкелмейді. Керісінше, одан әрі радикалдануға жол ашады», – деді Абаев.
Осы аптада Қазақстан делегациясы Ауғанстанға барып, тәліптермен кездескен. Кездесуде Қазақстанның тәліптерге 5 мың тонна ұн және qazvak вакцинасын беретіні айтылған.
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
17.11.2024
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024