«Digital Bridge» үлкен байланыстар жасалатын алаңға айналады. Бұл туралы бүгін «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Форумның цифрлық экономиканы дамытудың жаһандық трендтері талқыланған жалпы отырысына елімізге ресми сапармен келген Эстонияның Премьер-Министрі Юри Ратас та қатысуда. Шара бірден модератордың Қазақстан Үкімет басшысына сауалымен басталды.
«Таңертеңнен бері Эстонияның Премьер-Министрімен келіссөздер өткіздік. Ол менен Премьер-Министр ретінде Парламентке қаншалықты жиі баратынымды сұрады. Эстония Премьер-Министрі Парламентке жиі баратындығын және кездесу бірден сұрақтармен басталатындығын айтты. Біз де мына жерге отырып үлгерместен модератордың сауалдарына жауап беруден бірден бастамақпыз», – деді әзілдеді Бақытжан Сағынтаев.
Оның айтуынша, бүгінгі шараны өткізудегі басты мақсат -Астана алаңында Еуропа мен Азияның арасын жалғайтын виртуалды көпір құру.
«Бүгін Астанаға көптеген елден делегация келді. Эстония Премьер-Министрінің де осында болуы біздің мақсатымыздың жүзеге аса бастағандығын білдіретін сияқты», – деді ҚР Үкімет басшысы.
Осы орайда, Премьер-Министр халықаралық форумға көптеген компанияның келгендігін және олардың бір-бірімен байланыс орната бастағандығын атап өтті. Сонымен қатар, оның негізгі мақсат екендігін де еске салды.
«Әлем жылдам өзгереде және бүгінде байланыстар табу үшін бір-бірімізге жиі баруымыз қажет. Байланысты Интернеттің көмегімен де орнатуға, өзіңнің пікіріңмен бөлісуге мүмкіндік бар. Сондықтан, бұл форум болашақта өз жалғасын тауып, жыл сайын кеңейе түседі деп ойлаймыз. Бұл үлкен байланыстар жасалатын алаңға айналады», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Айта кетейік, Digital Bridge – Қазақстандағы биылғы жылы өтіп отырған басты инновациялық оқиға.
Қатысушылар форумның диалогтік алаңында цифрландыру саласындағы соңғы әлемдік трендтерді талқылап, алдыңғы қатарлы тәжірибелермен және бизнес-модельдермен бөліседі. Форумға халықаралық ІТ-қоғамдастығының негізгі өкілдері, технология саласындағы танылған сарапшылар, кәсіпорын басшылары, технологиялық кәсіпкерлер, сондай-ақ бірқатар елдің мемлекеттік секторларының өкілдері, ғалымдар, цифрлық әзірлемелер саласының мамандары, венчурлық инвесторлар қатысуда.
Дереккөз: inform.kz
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024