Президент сұхбатында талай жағдайлар туралы ашық айтыпты. Көптеген уайымдатып, толғандырып жүрген сұрақтарға жауап алдым. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза айтты.
Депутаттың президенттің бүгінгі сұхбатына қатысты ой-пікірін назарларыңызға ұсынамыз:
Халықаралық қатынастар мен Сыртқы саясат туралы жақсы жазыпты. Ресей мен Қытай тарихи көрші, Путин мен Си Цзиньпин туралы да саяси позитивті, көрші көңілмен жеткізгені ұнады. Сыртқы саясатты нығайтып шешсек, “үй ішінде өзіміз бірдеңе қылармыз” деген ой. Осы жылдары расымен мұқият зерттесек, халықаралық аренада көптеген іс-шаралар жасалып, көптеген жоспарлар орындалды. Дипломатияның арқасында шиеліністен шығып кетіп, соғысқа салынбадық. Бұл да өнер. Бұл да Қазақ халқына Құдайдың бергені.
Халықты мазалап отырған АЭС туралы да президент ашып жазыпты. Президентіміздің “Халық шешу керек” деген сөзі, Халықтың саяси өскенін, қоғамның шешім қабылдап, өз таңдауына жауапкершілікті ала алатынын көрсеткендей. Бұл да жақсы үрдіс. Енді әр бір Қазақстан азаматында бір дауыс, бір бюллетень. Демократия.
Ең ұнағаны – кешірімділігі. Қаңтар оқиғаларынан кейін саяси қысымның орнына, керісінше либерализация бағытын ұстану – ол екінің бірінің қолынан келе бермейтін кеңдік. Саған жаманшылық тілеген, сені орныңнан қуғысы келген, саған мысықтілеу болған адамдарды эмоциямен емес, Заң шеңберінен шықпай тергеу, кейбіреуін кешіру, амнистия жасау – бұл оңай шаруа емес. Бұл жерде президенттің мәрттігі мен жеке тұлға ретінде кешірімділігін сезуге болады.
Тоқ етері, бұл қоғамға философиялық толғау ретінде, месседж кейпінде қорек болатын сұхбат болды. Кешке тағы бір асықпай оқу керек.