arasha.kz

«Егер мен мәжіліс депутаты болып сайлансам»

Ауыт Мұқибек, ақын, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, мен Атажұртқа оралғалы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолға қойған Көші-қон саясатын батыл қолдап, қандастарымыздың құжаттану мәселесінің оңтайлы шешілуі үшін, қатысты заңнамалар мен нормативтік құжаттарды, уақыт талабына сай жаңғыртуға бар күшімді салып келемін.

2015 жылдан бері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі жұмыс тобының құрамында болып, «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сапалы өзгертулер мен толықтырулар енуіне ықпал еттім.

Заң жобасының Парламентте шешілмеген түйіндерінің Президент деңгейінде шешуілуіне мұрындық болдым.
Сөйтіп, қазіргі таңда Атажұртына оралған қандастарымыз қағазбастылықтан құтылып, кедергісіз құжаттана алатын болды.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінің осыған дейінгі алты шақырылымының құрамында құқыққорғау, медицина, білім және ғылым, өнер мен спорт сынды барлық саланың мамандары болды.
Бірақ, көші-қон саласын терең білетін, аталған процессті басынан өткізген бірде-бір тәжірибелі депутат болған емес.
Соның кесірінен қазақ көші сан мәрте тоқырауға ұшырай жаздады. Қандастарымыз көп азап тартты. Еліміздің көршілес республикалардың ішінде халық санының өсуі жағынан ең артта қалуының да бір негізгі себебі – осы.

Мен Мәжілістің жетінші шақырылымына депутат болып, осы бостықтың орнын толтыруды мақсат еттім.
Сол үшін, «Нұр-Отан» партиясының праймеризіне қатысып отырмын.

Көші-қон – Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаудан бұрын жолға қойған тұңғыш һәм ұлы саясаты.
Еліміздің қауіпсіздігі мен дамуы үшін бұл саясаттың тарихи және стратегиялық маңызы өте зор.

Уақыт көрсеткендей, «Қандастарыдың азаматтық алуы қиындап кетті!» немесе «Шетелге көшіп кетушілердің саны көбейіп, шегаралық аймақтар бос қалды!!» деп, Парламенттің төрінен күнде айғайлап отыратындар үшін депутат болу, әрине, оңай, рахат.
Ал, қатысты заңнамаларға сол мәселенің түйінін шешетін нормалар ұсынатын және сол нормалардың заңдастырылуына ықпал ететін азаматтар үшін депутат болу өте қиын. Тіпті, азап!
Мен сол қиын әрі азапты жолды таңдадым.

Егер, мен Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайлансам:

Бірінші: Заңнамардағы қағазбастылық пен жемқорлыққа апарып соқтыратын басы артық нормалардың жойылуына;

Екінші: алдымен шетелдегі этникалық қазақ жастарының қазақстанға көптеп оралуына;
Үшінші: саяси уәждер бойынша қашып келген қазақтардың «Босқын» мәртебесін бірден алуына;

Төртінші: шекаралық аймақтардағы халық санын көбейтуге мүмкіндік беретін заңдық негіз қалыптастыруға;

Бесінші: шет елдегі қандастарымыздың Атажұртына көптеп оралуына жол ашатын «Шеттегі қандастарымызды қолдау туралы» арнайы Заң және үкімет деңгейінде бекітілген кешенді Бағдарлама қабылдатуға;

Алтыншы: шеттегі қандастарымыздың Қазақстаннан жердің пайдалану құқығын алуына;

Жетінші: сөйтіп, жалпы көші-қон саясатын мемлекеттің маңызды әрі басым бағыттағы саясаттарының біріне айналдыруға мүмкіндік беретін жобалар ұсынам және ол жобалардың жүзеге асуына ықпал етем.

Бұл – менің үміткер ретіндегі жобаларымның алғашқы және басты түйіндері.

Алдағы жерде әлеуметтік желілер мен БАҚ және primaries.kz сайты арқылы осы жоспарларымның түйінін тарқатып, Сіздерге таныстырып отыратын боламын.

Ардақты ағайындар!
Егер, «Нұрсұлтан бастаған нұрлы көш» тіпті де көлікті болсын десеңіздер, мені қолдап, маған дауыс беріңіздер!

фото: facebook.com/oimanbulak

Exit mobile version