Атырау облысының бұрынғы әкімі Нұрлан Ноғаев энергетика министрі болып тағайыналды.
Ноғаев билікте ұзақ жылдан бері келе жатқан адам бәлендей іскерлігімен, жаңашылдығымен көзге түспеген. Қатардағы көп шенеуніктің бірі.
Ноғаев Атырауда әкім болып тұрғанда жерді қорғау митингісі болды және Теңізде шетел жұмысшылары мен жергілікті жұмысшылардың арасында төбелес болды. Екі оқиғаға да Ноғаев барды. Көрінді. Жер митингісі кезінде «ешкім де істі болмайды, қудаланбайды» деген уәдесін орындай алмады. Атыраудағы жер митингісіне шыққан Макс Боқаев пен Талғат Аян кейін істі болып, сотталы.
Ноғаев энергетика министрі ретінде не істеп көзге түсерін уақыт көрсетер. Соңғы кездері экс-министр Қанат Бозымбаевтың бірнеше орынбасары жемқорлық күдігімен ұсталғаны мәлім. Аты шулы министрліктегі Ноғаевтың тағдыры қалай болатыны алда белгілі болады.
***
Нұрлан Асқарұлы Ноғаев 1967 жылы 30 шілдеде Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қандыағаш ауылында дүниеге келген. 1993-1995 жылдары «Гили-Паскер» ЖШС компаниясында мұнай өнімдерінің аға сарапшысы, бөлім бастығы, бас директоры қызметін атқарған.
1995-1996 жылдары «Отрар Лтд» шағын кәсіпкерлік компаниясында бас директорының орынбасары болған
1996-2006 жылдары «Қазақтурмұнай» компаниясында маркетинг жөніндегі инженер, маркетинг бөлімінің бастығы, мұнай және мұнай өнімдерін сату саласында жұмыс атқарған.
2006 жылдың ақпан-тамыз айларында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының атқарушы директоры болды.
2006 жылдың тамыз айынан бастап Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Мұнай өнеркәсібі департаментінің директоры. 2007 жылдың қыркүйегінен — Батыс Қазақстан облысы әкімінің экономика, қаржы және мұнай-газ секторына жауапты орынбасары ретінде жұмыс атқарды.
2012 жылдың 20 қаңтарында Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. 2016 жылдың 26 наурызынан 2019 жылдың желтоқсанына дейін Атырау облысын басқарды.