Қаңтар оқиғасы қоғамдық-саяси өмірімізге өзгеріс алып келгенін жалпақ жұрт, мұқым ел біледі. Ендігі жерде ешнәрсе бұрынғыдай болмасын халық та, билік те бек түсініп отыр.
«Өзгерісті өзіңнен баста» деген сөз бар. Рас. Бірақ біздің қоғам өзгерісті өзінен емес, жоғарыдан күтеді. Қашанғы әдеті. Билік өзгеріп, түлесе өзі де адам танымастай, демократияның саяси мәдениетін меңгерген, кісісі қақысын жемейтін, бір-біріне аса төзімді қоғамдық мәдениеті өскен ел болып шыға келетіндей көрінеді. Популизмге салып, жалаулатып айтқанға жақсы-ақ, шіркін.
Дегенмен «батпандап кірген ауру мысқалдап шығатынын» әсте ұмытпаған жөн. Бұл – өзгеріссіз өткен отыз жыл мен жаңару алып келген қаңтардан кейінгі болашақ туралы сөз еткенде әркім есте тұтар нәрсе.
Биліктің, жүйенің өзгеруі үшін қоғам, азаматтық қоғам өзі қалаған өзгерістің талаптарына өзі дайын болуы тиіс. Біз соған дайынбыз ба? Ал билік ше?
Наурыз айының басында бас қалаға жол түсіп, жол түскенде мол түсіп, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринмен жүздесіп, қазақтілді ақпарат құралдарына қатысты жаңадан қолға алған жобамызды таныстырудың сәті келді. Ақордада, кең отырып, бүкпесіз әңгіме айтылды. Сөз кезегі тигенде Ерлан Тынымбайұлынан 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялайды делініп, ел үмітпен қарап отырған саяси реформалар жөнінде де сұрадық. Нақты айтқанда, «Президент Жолдауында айтылатын саяси реформалар қоғам күткендей бола ма?» деп сауал тастадық.
«Қоғам көп нәрсе күтетінін осы елдің бір азаматы ретінде өте жақсы білемін. Оның үстіне қызмет бабымен ел ішіндегі түрлі көзқарас, ұстанымдағы азаматтармен, ұйым жетекшілерімен, әртүрлі сарапшылар ортасымен кездесіп, пікірлесіп жүрміз. Сондықтан да қоғамның талап-тілегін анық аңғарамыз.
Ал Жолдау халық күткен көптеген мәселеге жауап береді. Жолдау жылы да жайлы кеңседе дайындалып жатқан жоқ. Онда көрініс табатын дүниелерді әртүрлі алаңдардағы қоғамдық талқылауда көптің ортасына салып, сүзгіден өткіздік. Қоғамның әр саласының проблемаларын жетік білетін мамандарды, түрлі сарапшыларды әбден, мұқият тыңдадық. Мәселеге қанық болдық.
Мысалы, өткендегі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде де осы саяси реформалар мәселесін күн тәртібіне қойып, қатысқан 37 адамның бәрі түгел сөйлеп, ұсыныс, талаптарын айтып шықты.
Одан бөлек билікті жақтайтын да, сынайтын да сарапшылардың басын қосып, талқылау өткіздік. Саяси реформа ол тек Елордаға керек емес, тұтас елдің әр түкпірінде жүзеге асатын дүние болғандықтан, аймақтарда да талқылаулар өтті.
Бір сөзбен айтқанда, Жолдауда айтылатын саяси реформалар барынша жан-жақты өтіп жатыр және қоғамның барлық қабатының тілегі ескеріліп отыр деуге болады. Жеке өз басым, Жолдауда айтылатын кейбір бастамалар тіпті қоғам күтпеген дүние болатынына да сенімдімін. Өйткені талқылауларда айтылмаған нәрселерді біз өз тарапымыздан ескеріп, қосамыз.
Бұл жерде мән беретін тағы бір нәрсе бар. Біз, Жаңа Қазақстан құрамыз, жаңаруға бет аламыз дегенімізбен мынау қысқа күнде қырық құбылып, сәт сайын шиеленіскен халықаралық жағдайды да әсте естен шығармауымыз керек. Яғни, Жаңа Қазақстан ол – жаңа үйге көшкендей жеңіл шаруа емес, керісінше қиындығы, қатерлері, бұралаңы көп жол екенін қоғам да терең түсінсе деп ойлаймын. Жаңа Қазақстан бұл тек билік аппаратының ауысуы ғана емес, бұл қоғамдық құндылықтарды да өзгерту. Соны да терең түсіну керек», – деді Ерлан Қарин.
Ашық әңгімеде қаңтар оқиғасын аттап өту мүмкін емес еді. Елден шығамыз, елге барамыз. Әмәнда солай екенін Ерлан Тынымбайұлы да жақсы білсе керек. Сондықтан да қаңтар оқиғасына алқалы сұхбаттың көп уақыты арналды.
Алматының тұманды қаңтар күндері алыстағанымен оның ызғары ұлт жанын әлі талай қаритыны әмбеге аян. Десе де сансыз сауал бар, елдің көкейінде. Сол сұрақтар қойылды. Қаңтар оқиғасынан туындаған мәселелер, қоғамдық комиссия жұмысы, прокуратураның есебі тағы басқа толып жатқан мәселелер тізбегі қоғамның көз алдында өтіп жатқандықтан, біз Мемлекеттік хатшының қаңтар оқиғасы жайлы айтқанын бір сөйлем тәсілімен тізіп беруді жөн көрдік.
– Сараптап қарағанда, қаңтар оқиғасы үш толқыннан тұрды. Бірінші, бейбіт шеру болды. Екінші және үшінші кезеңде бейбіт шеруді жастардың түрлі топтары, саяси экстремистер, қылмыстық топтар өз мүдделеріне пайдаланды. Жағдай содан тез шиеленісіп, арты ауыр зардаптарға ұласты.
– Қаңтар оқиғасы шырқау шегіне жеткен тұста елдіміздің тұтастығынан, яғни, мемлекеттен айырылып қалу қаупі шын туды. Бірақ билік оған жол бермеді. Президенттің батыл шешімдері мен қоғам бірлігінің арқасында біз мемлекетімізді сақтап қалдық.
– Қаңтар оқиғасы кезінде көшеде террористік актілердің белгілерін көрдік: мемлекеттік және құқық қорғау органдарына, түрмелерге, стратегиялық, инфрақұрылымдық нысандарға, тіпті, әлеуметтік ғимараттарға, қарапайым адамдарға шабуыл жасалды.
– Қазіргі кезде құқық қорғау органдарына әр адамның жеке басын анықтап, оларды барлық база бойынша тексеріп, қай жерде, қандай жағдайда, неден қаза болғанын анықтап жатыр. Бұл процесс көп күш, көп уақыт талап етеді.
– Радикализммен күрес – ортақ міндет. Көшедегі радикализмнен басқа, қоғамдағы кейбір радикалды риторикаға да тосқауыл қою керек.
P.S.
Астанада Ақордаға барар жолда әр жердегі әскери күзет қаңтардың қаралы күндерін еске салып тұрды. Барарда қар ұшқындап, баяу жел соғып, бұлт тұтасып тұр еді. Біз шыққанда күн жарқырап шығып, тіпті қар жіпси еріп жатыр екен. Бұлт артынан күн шығар үмітті тұтас елмен бірге біз де күтуліміз… Жол алыс, үміт қайта жылт етті. Үмітті айтсаңшы…
Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ, arasha
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024