arasha.kz

Ильхам Әлиев билігін сынаушылар белгісіз жағдайда қаза тауып жатыр

Әзербайжанның саяси эмигранты және ел билігін сынға алған Видади Искандерли өз үйінде белгісіз адамдардан 20-дан астам пышақ жарақатын алып, ауруханада екі күннен кейін қайтыс болды, деп жазады BBC.

29 қыркүйек күні таңертең Мюлуз қаласында үш белгісіз адам Искандерлидің үйіне кіріп, оған бірнеше ауыр пышақ жарақатын салған. Жарақаттар бауыры мен өкпесіне тигенін оның ағасы Оқтай Искандерли бірнеше бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімдеді. Видади ауруханаға ауыр жағдайда жеткізіліп, екі күннен кейін қайтыс болды.

Видади Искандерли Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің қатал сыншысы ретінде танымал болды. Әзербайжанда ол «Демократияны қорғауды қолдау» атты үкіметтік емес ұйымды басқарды. 2011 жылы парламент сайлауына түсу кезінде сайлауға араласқаны үшін ол үш жылға бас бостандығынан айырылған еді. 2012 жылы рақымшылық жасалғаннан кейін ол Грузияға, кейін Францияға қашып кетті.

«Легитимді мақсат ретінде нейтралдандыру»

Жақында Әзербайжан парламентінің депутаты Захид Орудж президент Әлиевті сынаушыларды «легитимді мақсат» ретінде нейтралдандыру керек деп мәлімдеді. Бұл мәлімдеме қоғам белсенділері мен оппозициялық саясаткерлерді алаңдатып, депутаттың жеке пікір білдірмей, үкіметтің кең ауқымды жоспарларын көрсетіп жатқанын айтты. Искандерлиді де ол «террорист» деп атаған болатын.

Ильхам Әлиевтің билігі кезінде көптеген оппозиционерлер, құқық қорғаушылар мен журналистер Әзербайжанды тастап кетуге мәжбүр болды. Алайда олардың шетелде де қудаланып, кейбіреулері жұмбақ жағдайда қайтыс болып жатқаны белгілі. 2021 жылы Бельгия мен Түркияда екі белсенді, Вугар Рзу мен Байрам Мамедов, суға батып қайтыс болды, ал тағы бір белсенді Гусейн Бакиханов Тбилисиде қонақ үйдің шатырынан құлап өлді. 2017 жылы журналист Афган Мухтарлы Грузиядан Әзербайжанға күштеп жеткізілген болса, сол жылдың қыркүйегінде бұрынғы журналист Фикрет Гусейнли Киевте белгісіз адамдардың шабуылына ұшырады.

Exit mobile version