20-08-20 |
2300 рет қаралған
«Халықтың басына қиындық түскенде билікке сенім жоғалды».
«Халықтың басына қиындық түскенде билікке сенім жоғалды»

Нұрымбек Тау, «ДокоМоторс» ЖШС басшысы, қоғам белсендісі:

– Сізді халық белгілі кәсіпкер, меценат, көптеген қоғамдық және қайырымдылық істердің басы- қасында жүрген азамат ретінде жақсы біледі. Праймеризге не үшін өтініш білдірдіңіз?

– Алдымен праймериздің тарихын оқып, оған жан-жақты талдау жасадым. Саясатта не үшін қолданылады, демократияға қандай қатысы бар деген сұрақтарға жауап іздедім. Праймериздің маған қатты ұнағаны өз ойыңды ашық білдіресің. Өз басым осы уақытқа дейін жинақтаған тәжірибем бар, халықтың арасында жүрдім. Халықтың басына түсіп жатқан қиындықтарды жақсы білемін, түсінемін. Мен праймеризге өз ойыңды ашық білдіруге, соны іске асыруға көмегі тиеді деп санағандықтан өтініш білдірдім. Негізі осыған дейін саясатқа араласуға ешқандай ниетім болған емес.

– Жалпы бұл қадам біздің қоғамды демократияға қаншалықты жақындатады?

– Енді ашығын айту керек, «Нұр Отан» биліктің партиясы ғой. Ол материалдық базасы жағынан да, кадрлық резерві мен басқа мүмкіндіктері жағынан да қазақ елін басқарып тұрған партия. Қанша жерден айғайласақ та мұны мойындауымыз керек. Халықтың билікке деген сенімі қай кезде жоғалды? Халықтың басына қиындық түскен кезде… Оны биылғы пандемия кезінде жақсы түсіндік. Вирустың шыққанына биліктің кінәсі болмаса да халық оны кінәлайды. Сондықтан праймериз дер кезінде қабылдан шара деп санаймын.

Көзі ашық азаматтар билік ауысқанымен жағдай өзгермейді деген пікірді жиі айтады. Бірақ, праймеризде әрбір саналы азамат дауысын ашық білдіре алады. Әрине, оған өтініш білдірудің өзіндік талаптары бар. Ең бастысы өз пікірің мен ойыңды ашық айта аласың. Менің ойымша оған қатысу үшін біраз жинақталған тәжірибең болуы керек. Халықтың алдына шығып жұмыс атқару үшін де бірдеңе білу қажет. Қазір әлеуметтік желілерде шындықты айтуға ешқандай шектеу жоқ. Бұрын ондай болмаған еді. Мен праймеризге қатысамын, ойым осындай, мақсатым осындай, маған биліктің мына жері ұнамайды, қазіргі жасап жатқан мына жұмысқа қарсымын. Осылай бәрі ашық айтылатын болады. Мен сияқты бизнесте жүрген азаматтардың билікке қарай тартылуының басты себебі осы.

– Праймериз халықтың билік партиясына деген сенімін арттыра ала ма?

– Сөз жоқ, партияға деген сенімді арттырады. Ол қандай жолмен жүреді? Елімізге танымал бизнес, өнер адамдары немесе халық сыйлайтын қоғам белсенділері арқылы жүреді. Олар неге билік партиясына барып жатыр деген сұрақ туындайды. Демек, бір өзгерістің болғанын қалайды. Өзгеріс деген сөзде үлкен мағына жатыр. Әрине, бәрі бірден бола қоймайды. Праймериз сайлауы өтіп жеңіп шыққан үміткерлер белгілі бір дәрежеде жұмыс атқарғаннан кейін ғана сенім орнығады деп ойлаймын.

– Жасыратыны жоқ, бұрын партия атынан сайлауға түскен депутаттардың басым көпшілігі биліктің маңына барғаннан кейін өз мүдделері үшін жұмыс атқаратын. Жалпы аудандық, қалалық, облыстық деңгейдегі сайланған кез-келген депутат осылай істейтін. Осы жағдай қайталануы мүмкін бе?

– Мен праймеризге қатысты біраз елдің тәжірибесін оқыдым. Мысалы, біздің елде праймериз 1990 жылдары енгізілгенде оған қазіргідей қызығушылық болмас еді. 2000 жылы да ол жүзеге аспас еді. Ол кездері біздің бизнес пен қоғамдық пікір әлі қалыптасып үлгермеді. Әркім өз мүддесін ойлады, өзінің айналасындағы адамдардың мүддесін қорғады. Праймериз Түркия елінде де жүріпті. Олар бұл іске қарны тоқ, қайырымдылық іспен айналысатын, тапқан табысын халқымен бөлісетін бизнесмендерді көбірек тарту керек деп ашығын айтыпты. Өйткені кәсіпкерлікте жүріп тапқан ақшасын халықпен бөлісе алатын адам ертең билікке келгенде халықты қолдайды. Түркиядағы қазір денсаулық сақтау министрі болып отырған азамат осы праймериз арқылы шыққан. Ол елдегі ірі ауруханалардың иесі екен. Экономика министрі де бизнестің өкілі. Менің ойымша, праймериздің артықшылығы осында. Сол жағынан оның әділ өтетініне сенімдіміз.

– Көршілес Ресей Федерациясының праймериз өткізуге талпыныс жасап, одан оң нәтиже шығара алмағаны белгілі. Бізде ол жағдай қайталануы мүмкін бе?

– Жаңа айтқанымдай бізде 2000 немесе 1990 жылдары өткенде ешқандай қызығушылық болмас еді. Қазір уақыты келіп тұр. Бұрын Кеңес одағының құрамында болған мемлекеттердің барлығы көштен қалып қалған елдер ғой. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде енді толысып, әркім өз орнын біліп, тапқанымызды аузымыздан жырып бөлісіп жатқан кезде қолға алдық. Уақыты келіп тұр. Ал, Ресей сәл ерте бастап қойған. Олар демократияның иісі де шықпай тұрған кезде бастап, бәрі сол күйі қалды. Бізде дәл уақыты келді. Ертерек болғанда бізде де солай болар еді.

– Іріктеуден өтіп, сайлауда жеңіп жатсаңыз нақты қандай істер атқаруды жоспарлап отырсыз?

– Біздің елдегі ең басты, өзекті мәселе – денсаулық. Дені сау ұлттың проблемасы да аз болады. Екіншісі, білім. Білім деп айтамыз, бірақ ол тәрбиемен берілгенде ғана толыққанды білім болады. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берген білім адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаған ғой. Сондықтан біз денсаулық, білім және жұмыссыздық мәселелерін бірінші кезекке қойып отырмыз. Әсіресе, шеткері жатқан аудандар, ауылдардың денсаулығы мен білімін түзетуіміз керек. Адамның дені сау болса, білімді болса жұмыссыздық өзінен өзі жойылайын деп тұр ғой. Осы 3 саланың әрқайсысына арналған бағдарламамыз бар. Мен өзімді Алматы қаласы, Алатау ауданының атынан ұсынып жатырмын.

– Сіздің сөзіңіз билікке қаншалықты өтімді?

– Билікке сөзді өткізу үшін көшеге шығып айқайлап, сары прессаға сұхбат берудің қажеті жоқ. Іспен ғана дәлелдеу керек. Пандемияның екінші кезеңінде інім екеумізге кешкі аста мынандай идея келді. Шынын айтсам сол кезде өзім де ауа жетпей ауырып отырған едім. Елдегі жағдай қиын, халық дертке шалдығып, медициналық жабдықтар жетіспей жатқан кез. Компаниямыздан қаражат бөліп ауа концентраттарын сатып алуға бел будық. Басқаларға да ұран тастап осы істі қолдауға шақырдық. 20 күннің ішінде 4 мың дана ауа концентратын сатып алып апарып бергенімізде билікке сөзіміз жетті. Денсаулық сақтау министрі мен премьер министрдің орынбасары «Жігіттер, жарайсыңдар! Сендерге үкімет тарапынан қолдау болсын. Біз көлікпен қамтамасыз етейік. Жабдықтарды Қытайдан жеткізу үшін рейстер ашып берейік», – деді. Меніңше, билікке осылай ғана дауысыңды жеткізе аласың.

– Кәсіпкерлік саласында сізді не толғандырады? Праймеризден кейін осы саланың қандай проблемаларының шешілгенін қалайсыз?

– Кәсіпкерліктің ең үлкен қиындығы – кредит мәселесі. Бизнеске берілетін несие пайызының тым жоғары болуы. Біз әлемнің көптеген ірі зауыттарымен жұмыс жасаймыз. Әлемді аузына қаратып отырған ірі компаниялардың мемлекетен несие алып жұмыс істегенін көріп қызығасың. Несие деген аты ғана, пайызы біз үшін күлкілі. Сондықтан біздің ең үлкен мәселе банк жүйесі. Оны ретке келтірмей кәсіпкерлік дамымайды. Пандемия кезінде жеңілдетілген несиенің өзі 8 пайызбен беріліп жатыр. Бұрын 20 пайызбен алған кездер болды. Жапонияда үш-ақ пайызбен беріледі. Қытай мемлекеті шетелге тауар шығаратын компанияларына субсидия төлейді. Праймеризден өтсем осы мәселені де қолға алатын боламыз.

Сұхбаттасқан – Қуаныш Бақытұлы, arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.