Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) Иранның Арак қаласының маңында салынып жатқан ядролық нысанға соққы жасалғанын растады. Агенттіктің хабарлауынша, «маңызды ғимараттар» зақымдалған.
Израиль әскери ұшақтары бейсенбі күні Арактағы реакторды бомбалаған. МАГАТЭ нысанда ядролық материал болмағанын мәлімдеді.
Тегераннан оңтүстік-батысқа қарай 250 шақырым жерде орналасқан Арактағы сияқты реакторлар ғылыми мақсатта қолданылуы мүмкін, алайда олардан жанама өнім ретінде плутоний түзіледі, ол ядролық қару жасау үшін пайдаланылуы ықтимал.
МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси Израиль соққылары салдарынан «ірі радиологиялық оқиға» болмағанын, дегенмен «радиациялық апат» қаупі әлі де бар екенін айтты.
«Мұндай күрделі әрі түсініксіз жағдайда МАГАТЭ ядролық нысандарға қатысты техникалық ақпаратты уақтылы және тұрақты түрде алып отыруы аса маңызды», – делінген мәлімдемеде.