
Сауд Арабиясында Украинаға басып кіруден бері алғаш рет Ресей мен АҚШ арасындағы келіссөздер өтті. Олар шамамен төрт сағатқа созылды.
Ресей делегациясын Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен президент көмекшісі Юрий Ушаков басқарды. АҚШ-тан мемлекеттік хатшы Марко Рубио, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Уолц және Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл Стив Уиткофф қатысты.
Украина мәселесі
Лавровтың айтуынша, алдымен Вашингтон келіссөздер үшін өкіл тағайындайды, содан кейін Мәскеу өз өкілін бекітеді, осылайша тұрақты кеңестер басталады. АҚШ Мемлекеттік департаменті Ресей мен АҚШ соғысты тезірек аяқтау үшін арнайы жұмыс топтарын құратынын мәлімдеді.
Уолцтың сөзінше, АҚШ президенті Дональд Трамп бұл процесті «өте жылдам» ілгерілетуді жоспарлап отыр.
АҚШ өкілдері ерте ме, кеш пе, Еуропа да Украина болашағы туралы келіссөздерге қосылатынын айтты. Марко Рубионың сөзінше, барлық тарап, соның ішінде ЕО да бейбіт келісімді мақұлдауы керек.
Дипломатиялық қатынастар
Келіссөздер қорытындысы бойынша басты міндеттердің бірі – толыққанды дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіру және елшілерді тағайындау, деді Лавров. Оның айтуынша, тараптар елшіліктердің жұмысын «біржола шешу» қажет деп «дерлік» келіскен.
Марко Рубио Вашингтон мен Мәскеу бұрынғыдай елшіліктердегі қызметкерлер санын қалпына келтіруге уағдаласқанын айтты. АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс елдер арасындағы қарым-қатынастағы «кедергілерді» жою үшін арнайы кеңес механизмі құрылатынын мәлімдеді.
Соғыстан кейінгі ынтымақтастық
Лавровтың айтуынша, Украинадағы дағдарыс реттелгеннен кейін АҚШ пен Ресей толық ынтымақтастықты жаңғыртуға жағдай жасауы керек, соның ішінде әлемнің түрлі аймақтарындағы «геосаяси мәселелер» бойынша да.
АҚШ Мемлекеттік департаменті де Ресей мен АҚШ «қақтығыс сәтті аяқталғаннан» кейін ортақ геосаяси және экономикалық мүдделер бойынша ынтымақтастыққа дайындық жұмыстарын жүргізетінін хабарлады.
Путин мен Трамптың кездесуі
Ресейлік өкіл Юрий Ушаковтың айтуынша, Ресей мен АҚШ президенттерінің нақты кездесу күні белгіленген жоқ, әрі оның келесі аптада өтуі екіталай.
Жалпы көңіл-күй
Журналистердің келіссөздер қалай өткенін сұрағанда, Ушаков: «Жаман емес», – деп жауап берді.
Лавров әңгімені «өте пайдалы» деп бағалады. Дегенмен, тараптар ымыраға келу үшін әлі ерте екенін, өзара түсіністікке қол жеткізілгенімен, позициялардың әлі жақындай қоймағанын айтты.
«Бүгінгі күн – ұзақ әрі қиын жолдағы алғашқы қадам, бірақ маңызды қадам», – деді Марко Рубио.
-
20.02.2025
-
20.02.2025
-
20.02.2025
-
20.02.2025
-
20.02.2025
-
20.02.2025
-
20.02.2025
-
20.02.2025
-
20.02.2025