Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Иранда шамамен 50, ал Израильде 170-ке жуық отандасымыз бар. Ирандағы қазақстандықтардың көпшілігі – дипломаттар.
«Егер біз елшілікті эвакуацияласақ, онда қалған азаматтарға кім көмектеседі? Сондықтан дипломаттар жұмысын жалғастыруда», – деді Смадияров.
Министрлік дерегі бойынша, Ираннан 230, Израильден 66 азамат эвакуацияланған. Израильден адамдар автобуспен Египетке жеткізіліп, Каирден Шымкентке арнайы рейспен ұшырылған. Ал Ираннан азаматтар үш ел арқылы – Әзербайжан, Түрікменстан және Армения арқылы эвакуацияланған.
Смадияров эвакуация өте қиын жағдайда жүргізілгенін айтты. Кейде адамдар автобуспен 17 сағат жүріп отырған.
Министрлік Иран мен Израильдегі азаматтарға елшіліктерге хабарласса, көмек көрсетілетінін ескертті.