Ресей президенті кеңесшісі Антон Кобяковтың «КСРО заңды тұрғыдан әлі де өмір сүріп жатыр. Себебі Кеңес одағын жою рәсімі бұзылған және оның таратылуы заңсыз болды… Ал егер КСРО таратылмаған болса, онда құқықтық тұрғыдан Украина дағдарысы – елдің ішкі мәселесі» деген мәлімдемесі тек Ресейде ғана емес, посткеңестік мемлекеттерде түсінбестік пен қоғамдық резонанс туғызды. Бұл идея бұрын радикалды көзқарасымен белгілі «СССР адамдары» қозғалысының шеңберінде көтерілетін. Енді бұл идеяның мемлекеттік деңгейде, басқа-басқа емес, Ресей президенті кеңесшісінің аузынан шыққаны қызық. «ТМД мемлекеттері заңсыз құрылған» дегенге саятын әңгіменің жоғары мінберлерден айтылуы халықаралық нормаларға сай ма? Мұның салдары қандай болмақ?
«Ал Кеңес одағы заңды түрде құрылды ма?»
Кеңес одағы тұсында да, тәуелсіз Қазақстан тарихында да депутат болған танымал саясаткер Серік Әбдірахманов ресейлік кеңесші Антон Кобяковтың мәлімдемесіне сыни көзбен қарап отыр. Кобяков бір сөзінде: «Егер халық депутаттары съезі, яғни 1922 жылы Кеңестер съезі КСРО-ны құрса, онда оны cол депутаттар съезінің шешімімен тарату керек еді» — деген еді. Бұл орайда қоғам қайраткері, экс-депутат Серік Әбдірахманов:
— Кобяков мырзаның «Кеңес одағының тарағаны заңсыз» деп көтерген мәселесі өте қызық екен. Ең бірінші ойға келетін сұрақ: Ал Кеңес одағы заңды түрде келіп пе еді бұ дүниеге? Кобяковтың мәлімдемесі осындай сұрақтарды тудыра береді. Мейлі, заңсыз делік, мейлі мен де Кеңес одағы қалпына келу керек дегенді қолдадым делік, онда ең алдымен Ресей мына түрінде тарауы керек қой. Онда барлық тараған мемлекеттер де өз тәуелсіздігінен бас тартып, бұрынғыша Кеңес одағының құрамына кіру керек қой, коммунистік партияны тірілтуі керек қой… Ең бастысы, елден ұрланған байлықты қайтадан қалпына келтіруі керек. Миллиард, триллион долларлар талан-таражға түсті, ұрланды. Бұрынғы иесін қалпына келтіруіміз керек, бұрынғы иесі – коммунистік партия, Жоғарғы кеңес дегендей… Меніңше, Кобяков мырзанікі сандырақ! Одан да оны басқа мәселе толғандыруы керек. Ол бүгінгі Ресейдің қамын ойлауы керек. Біз көрші елдерміз, қалай тату-тәтті тұрамыз, достықты сақтаймыз дегендей мәселелерді, міне, қырық жыл болды, шеше алмай жүрміз, — дейді.
Саясаткердің ойынша, «Совет одағын қалпына келтіру» тақырыбы – өлі, жасанды, жансыз тақырып. Қоғам қайраткері мұның артында арандатушылық пиғыл тұрғанын да жасырмайды:
— Менің ойымша, бұл провокациялық, арандатушылық мағынада шығарылып жатқан дүние. Мүмкін, Ресей мен Қазақстанның ұрылары келісіп алып, бір ойран салу, өрт шығару, соғыс тұтандыруды көздеген бе екен? Міне, сонда бір жағы ескі қылмыс, ұрлықтарын жасыруға болады. Екінші жағынан, Украинадағы жағдайдан көріп жатырмыз ғой, байлар одан ары байып жатыр, ал қырылып жатқан қарапайым бұқара. Құрып кеткен, дүниеден кетіп қалған Кеңес одағының негізі басқа. Оны қалпына келтіру үшін Кобяковтардың құдыреті жетсе, Ленинді мавзолейден алып, оны тірілтіп, қайтадан сол Қазан революциясын ұйымдастыру керек. Тек сол күшпен ғана қайта орнатуға болады. Ленин керек, ал оны тірілту қабілеті жоқ па, оның бәрі сандырақ. Бұның артында не тұр? Бұл арандатушылық, — дейді.
Өкінішке қарай, Ресейден мұндай арандатушылық пиғылдағы мәлімдемелер алғаш рет шығып жатқан жоқ. Сонда не істемек керек? Қоғам қайраткері Серік Әбдірахманов:
— Бізге не керек дейсіз бе? Қасым-Жомарт Тоқаев халқына жақын боп, мемлекеттігімізді нығайтуымыз керек. Қазақстанның байлығы сатылып кетті. Қазақстанның иесі халық емес, бір топ байлар боп отыр. Сол байлар бізді отқа сала ма, суға сала ма, соғыс аша ма, бейбітшілік бола ма, бәрі байлардың қолында. Ұры байлардың қолында – Қазақстанның тағдыры, — деп ойын түйіндейді.
Ресейлік заңгерлердің өздері қарсы идея
Соңғы жылдары Ресейде КСРО-ны сағынышпен еске алу, оны қалпына келтіру мүмкіндігі болса, оны қос қолдап қолдау идеялары белең алып барады. Ресейлік сарапшылар, тіпті, мұны тұрақты тренд деп бағалап отыр. Мәселен, «Вечерняя Москва» басылымы «Қоғамдық пікір» қорының статистикасын келтіре отырып, ресейліктердің 80 проценті Кеңес одағын сағынышпен еске алса, 63 проценті оның құлауын өкінішпен қабылдайды деп берген.
«Новая газета» басылымы халықаралық құқық саласының маманы, заң ғылымдарының докторы Елена Лукьяновадан сұхбат алған. Бұл жерде құқықтық тұрғыдан баға беруге Елена Лукьянованың толықтай қақы бар. Себебі атышулы мәлімдемені жасаған президент кеңесшісі Антон Кобяков биология ғылымдарының докторы екен. Құқықтанушының айтуынша, «Бұл жерде кемі 6-7 заң барын айта кету керек. Ең бастысы, КСРО атымен жоқ, себебі 1922 жылғы КСРО-ның құрылуы туралы келісіміне РСФСР жоғарғы кеңесінің шешімімен денонсация жасалған, яғни, күші жойылған.
Бұл тұста халықаралық құқық маманы Елена Лукьянова:
— О заманда КСРО-да 3 республика болмады, 12 ел ғана қалған еді. Балтық жағалауы елдері тәуелсіздікті алып үлгерді. Әрине, бұл үш республика Кеңес одағының құрамында жоқпыз деп айтуға құқылы еді. Бәлкім олардың мәлімдемелері тым радикалды да болған шығар, бірақ Украина тәуелсіздік туралы декларацияны қабылдап, референдумда дауыс берді. Ресейде тәуелсіздік туралы өз декларациясы болды. Бірақ әлі де дау туғызатын дүниелер болса да, КСРО-ның жоқтығы анық нәрсе. Бұл нақты факт» — дейді.
Елена Лукьянова «Кобяковтың заңгер еместігін, құқықтық білімі жоқтығын да» еске салады. Расында да, биология ғылымдарының докторы қаншалықты халықаралық құқық мәселесіне баға бере алады? Ресейлік құқықтанушы:
— Ол КСРО-ның құрылуы туралы ештеңе білмейді, себебі ол «КСРО-ның құрылуы туралы келісімді Халық депутаттары съезі, яғни Кеңестер съезі қабылдады» деп айтып отыр. Біріншіден, бұл екеуінің арасында үлкен айырмашылық бар. Екіншіден, келісім Кеңестер съезінде емес, одан бір күн бұрын 1922 жылдың 29 желтоқсанында Ресей, Беларусь, Украина және Кавказ республикаларының өкілдерінің кеңесінде қабылданған. Себебі Грузия, Әзербайжан және Армения бұл келісімге әрқайсысы жеке-жеке қол қойған», — деп атап өтті.
Сондай-ақ, өз мәлімдемесінде Кобяков «КСРО-ны құрған орган оны таратуы тиіс еді» деп айтқаны белгілі. Лукьянова кез келген халықаралық келісім шарттың жойылуы (денонсациясы) сол келісім жасалған тәртіппен жүзеге асырылуы керек деген ереже тек 1969 жылы Халықаралық шарттар құқығы жөніндегі Вена конвенциясында енгізілгенін алға тартады. Бұл конвенцияның нормалары оған дейін жасалған құжаттарға қолданылмайды.
«Одан бөлек, КСРО-ның құрылуы туралы келісім халықаралық келісім болып саналады деуге еш негіз жоқ. Ол көбірек құрылтайшылық сипатқа ие», — деп есептейді «Новая-Европа» басылымына сұхбат берген Лукьянова ханым.
Кәмшат ТАСБОЛАТ