фото: elbasy.kz
Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай «ҚазАқпарат» агенттігіне қауіпсіздік кеңесі жайлы шағын сұхбат берді. Онда А.Үкібай қауіпсіздік кеңесінің құқықтық мәртебесін, жұмыс істеу ауқымын, рөлін айта келіп, Н.Назарбаевтың қызметі ауқымына тоқталады.
Мәселен ол: «Елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясына жетекшілік етіп отыр. Әлбетте осыған байланысты ол елдің саяси өміріне белсенді түрде атсалысып, Мемлекет Басшысымен бірге елді стратегиялық тұрғыда дамыту жұмыстарымен айналысады» дейді де «Алайда түпкілікті шешімді ел Президенті қабылдайды. Қауіпсіздік Кеңесі де өз кеңесін дайындап, мемлекет басшысына енгізеді» деп ойын бір қайырып, түйіндейді. Осы ойын сабақтай келе Айдос Үкібай: «Елбасы өз Отанының қалыптасып, дамуына бүкіл ғұмырын арнаған адам ретінде Қазақстанның гүлденуіне, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ары қарай да үлесін қоса береді. Лауазымы мен мәртебесіне қарамастан жұмысын жалғастырады» дейді. Елбасы баспасөз хатшысы өз жауабы арқылы «ҚазАқпарат» агенттігі тілшісі қойған: «Біздің кейбір оқырман Елбасының ел саясатына араласпайтынына әлі де күмәнмен қарайды» деп басталған сауалындағы күмәнді сейілтпей, керісінше растай түскендей.
Сұхбатта сондай-ақ Назарбаевтың кеңес беруші рөлі де айтылады. «Нұрсұлтан Назарбаев кейде өзінен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, министрлер мен әкімдердің кеңес сұрайтынын жасырмайды. Кейбір жеке мәселелер бойынша Елбасы мемлекеттік органдардың басшыларына өзі қоңырау шалып, солар басқаратын саладағы немесе аймақтағы жағдайды біледі. Мәселен Нұрсұлтан Назарбаев жақында бірнеше сағат бойы облыс әкімдерімен сөйлескен болатын«.
Сұхбатқа қосымша қауіпсіздік кеңесі туралы анықтамада көрсетілген кеңес қызметінің мына бір функциясын: «Орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшы лауазымдарына тағайындауға ұсынылатын кандидатураларды талқылау» қоссақ қауіпсіздік кеңесінің ықпал ету аумағы өте ауқымды екенін байқауға болады.
Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы 24 сәуірде өткен еді. Ал 1990 жылы 24 cәуірде Қазақстанда президенттік басқару жүйесі енгізілген еді. Кеңес жұмысының дәл 24 сәуірде өтуі кездейсоқтық па әлде алдын ала ойластырылған ба – ол жағын дөп басып айту қиын.
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024