Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Аталған жиында президент ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты отставкаға жіберді. Қасым-Жомарт Тоқаев неге Үкіметтің отставкаға жібермеді?
Саясаттанушы Санжар Боқаевтың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысының тиімсіздігін барша халық көріп отыр. Алайда ол елдегі келеңсіздіктерге Үкімет жауапты екенін ескертті.
«Мәселен картоптың 500-700 теңгеге дейін қымбаттауы министрліктің мүлде теріс саясат жүргізіп отырғанын көрсетеді. Статистикаға қарасам, 2019 жылдан бастап біз картоп өсіру көлемін 10-16 гектарға азайтып отырған екенбіз. Ал нарықтың заңы бойынша аз өндірілетін тауар бағасы қымбаттай түседі. Есі дұрыс адам картопқа сұраныс жоғары болса, оның көлемін азайтудың орнына көбейтеді ғой. Бұл бір ғана мысал. Алайда аталған министрлікке қатысты келеңсіз жағдай өте көп. Мәселен 1990 жылы біздің ел 1 млн 36 мың тонна ет өнімдерін шығарады екен. Ал 2020 жылы біздің ет өндіруіміз төрт есе түсіп кетіп, 280 мың тоннаға құлдыраған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің елде 16 млн халық болса, қазіргі таңда 19 миллионға жеттік. Халықтың санының өскеніне байланысты біз ет өнімдерін көп шығаруымыз керек еді. Өкінішке қарай біздің министрлік керісінше саясат жүргізіп жатыр. Бұл не деген топастық», – дейді ол.
Саясаттанушы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» корпорациясына миллиардтап қаржы бөлінетінін айтады. Мәселен аталған министрлік мемлекеттік бағдарламалар мен сусидиялар бойынша бірінші орында. Сондай-ақ сарапшы 18 министрліктің тым көп екеніне назар аудартты.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірде-бір ісін «Мынау керемет екен» деп айта алмаймыз. Ал жері мүлде қолайсыз Израиль мемлекеті ауыл шаруашлығын дамытып, тіпті өзге елдерге өнім өткізіп отыр. Қазақстан кең байтақ жері әрі миллиардтаған ақшасы болса тұра, асыраушы саланы дамыта алмады. Бұл әрине елде жемқорлықтың асқынып кеткенін көрсетеді.
Біздің елде Сату және интеграция министрлігі секілді өздерінің немен айналысып жатқанын түсінбейтін министрліктер бар. Бір қызығы Швейцарияда 8, ал бізде 18 министрлік жұмыс істейді. 2013 жылы бізде 17 министрлік болған кезде Нұрсұлтан Назарбаев министрліктің санын қысқарту керек деп айтқан еді. Осыдан кейін біз 13 министрлікке қысқарттық. Негізі Ресейде 17, АҚШ-та 14, Нидерланды да 8 министрлік жұмыс істейді. Швейцария мен Нидерланды да министрліктің аз болғанына қарамастан ондағы халықтың тұрмыс деңгейі өте жоғары. Бізге 18 министрліктің не қажеті бар? », – деді сарапшы.
Санжар Боқаевтың айтуынша, Асқар Мамин басқаратын үкіметті толығымен отставкаға жіберу керек. Алайда Президент Сапархан Омаровты отставкаға жіберіп, Асқар Маминге неге шамасы жетпей қалды?
«Себебі елдегі кадрлық мәселені әлі күнге дейін кітапханада отырған Елбасы шешеді. Әзірге кадрлық мәселеге президент Тоқаев араласа алмайды. Негізі Асқар Маминде кішкене болса да намыс болса, өз еркімен отставкаға кетер еді. Себебі ауыл шаруашылығы министрлігінің тиімсіз жұмыс жүргізуіне Премьер-министр ретінде Асқар Мамин жауапты. Мамин Үкімет басшысы болғандықтан министрліктің жұмысын ұйымдастырып, «Былай істеңдер» деп өзі үйлестіру керек. Сондықтан ауыл шаруашылық саласындағы кемшілік премьер-министрдің тікелей қателігі болып саналады», – дейді ол.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Асқар Мамин басқаратын министрлер кабинетін отставкаға жібере алмады. Соған қарағанда Ақорда мен кітапхана Үкіметтің мәселесін қыркүйекте шешуді көздеп отырса керек. Бірақ экономикалық жағдайымыз күзді күтіп отырғанда одан сайын құлдырай береме деген алаң бар.
Серік Жолдасбай, arasha