АҚШ Үкіметінің тиімділік департаментінің (DOGE) басшысы, миллиардер Илон Маск өзінің мемлекеттік қызмет мерзімі аяқталғанын айтып, президент Дональд Трампқа алғыс білдірді.
«Мемлекеттік арнайы қызметкер ретіндегі өкілеттігімнің мерзімі аяқталып келе жатқандықтан, маған ысырапшыл шығындарды азайту мүмкіндігін бергені үшін президент Дональд Трампқа алғыс айтқым келеді», — деп жазды ол өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Сондай-ақ ол: «DOGE миссиясы уақыт өте келе нығая түседі, себебі бұл мемлекеттік басқару органдарында өмір салтына айналуы тиіс», — деп қосты.
Бұған дейін Маск CBS арнасына берген сұхбатында Трамптың «үлкен әрі әдемі» салық және бюджет заңына көңілі толмайтынын айтқан. Оның айтуынша, бұл заң шығындарды қысқартуға бағытталған бастамаларды жоққа шығарып, бюджет тапшылығының артуына әкеледі.
Трамп президенттік қызметіне кіріскен соң, Маск арнайы мемлекеттік қызметкер ретінде тағайындалған болатын. Бұл мәртебе оған жылына 130 күн мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге мүмкіндік берген. Егер бұл мерзімді 20 қаңтардағы инаугурациядан бастап есептесек, онда ол мамыр айының соңында аяқталады.
Reuters агенттігінің деректеріне сүйенсек, Маск бұл шешім туралы Трамппен ресми түрде сөйлеспеген. Алайда шешім «жоғары деңгейде» қабылданғаны айтылған.
Сәуір айында Маск өзінің жеке компанияларында жұмыс істеуге көбірек көңіл бөлуді, ал DOGE-ге аптасына бір-екі күн ғана арнауды жоспарлап жүргенін мәлімдеген болатын.