arasha.kz

Асқар Мәмин отставкаға кету керек – сарапшылар пікірі

Үкімет басшысы Асқар Мәминнің отставкасы туралы сөз толастамай тұр. Бұл – ел экономикасында күрделі қиындықтармен байланысты. Елдің батыс аймақтарын қуаңшылық жайлап, мал қырылып жатыр, Қостанай облысында дихандар егін күйіп кеткенін айтып дабыл қағуда. Қарағанды облысында дала өртеніп, шаруалар тілсіз жаумен алысып жатыр. Ең қиыны – азық-түлік бағасы шарықтап, қымбатшылық қысып барады. Өмір қиындап бара жатқанын президент Тоқаев та мойындап, айтқан еді. Бірақ үкімет аталған мәселелер бойынша нақты, шешуші қадам жасай алмай, пұшайман болып отыр. Үкімет тіпті маусымаралық көкеніс тапшылығын да шешуге қауқарсыз болып шықты. Осындай проблемалар Асқар Мәмин отставкасы туралы әңгіме алып келді. Бұл жайлы өткенде жазған едік. Бүгін экономист сарапшылардың пікірін беріп отырмыз.

 

«Менде оның қызметтен кеткенін қалаймын»

Жангелді Шымшықов, экономист: 

– Қазір елімізде Асқар Мамин басқаратын министрлер кабинетін ерінбегеннің бәрі сынап жатыр. Бұл сын азық-түлік бағасы қымбаттаған кезде тіпті қатты-қатты айтылуда. Бірақ ел экономикасындағы негізгі қателіктің тамыры тым тереңде екенін ескере бермейміз.

Мысалы көкөністің қымбаттауына тауар биржасының дамымауы себеп болып отыр. Тауар биржалары ішкі нарықтағы көтерме бағаларды анықтайды. Мұны индикторлық көрсеткіш деп атайды. Бағаның көрсеткішін анықтайтын тауар биржасы бізде ондаған тауардың санымен шектелген. Менің ойымша, барлық азық-түліктің бағасы тауар биржасы арқылы өткізілуі керек. Міне осы мәселемен Асқар Мамин әу баста айналысуы керек еді. Өйткені осы мәселені түбегейлі шешпей, Мамин тұрмақ Саминде елдің экономикасын көтере алмайды.

Сондықтан да елдегі экономикалық саясатты түбегейлі өзгерту керек. Егер біз елдің экономикалық жағдайын жақсартқымыз келсе, ауыл шаруашылық саласын дамытуға күш салуымыз керек. Ауыл шаруашылық өнімі арқылы біз дүниежүзінің алдыңғы қатарлы елдеріне қосыла аламыз. Ал енді Асқар Мамин сияқты мұнайды сатып, елді дамытамыз деу ақымақ шешім деп білемін. Тіпті кезінде «бидайдың не керегі бар, мұнайдың ақшасына оны сатып аламыз» деген адамдар болды.

Қазір көп адам Асқар Мамин отставкаға кетсін деп айтып жатыр. Бұл бір қарағанда дұрыс талап-тілек секілді. Менде оның қызметтен кеткенін қалаймын. Бірақ Маминнің орнына келген адам экономикамызды көтеріп, жағдайымызды жақсарта ала ма? Елде үлкен өзгеріс болмай экономикада ешқандай ілгерілеу болмайды.

 

«Асқар Маминнің отставкаға кеткенін дұрыс деп есептеймін»

Айдар Әлібаев, экономист:

– Асқар Мамин басқаратын министрлер кабинеті қабілетсіз екенін бәріміз көріп, біліп отырмыз. Мемлекет пайдасына қандай бір пайдалы іс атқарады деп ешқандай үміт күтпеймін. Өйткені ол халықтың жағдайын жақсартатын бірде бір нәтижесі жұмыс істеген жоқ. Вакцинацияны міндеттеу арқылы қазақ халқы мен өзге ұлт өкілдеріне зардап әкеліп жатыр. Сондықтан да өзге жұрт секілде мен де Асқар Маминнің отставкаға кеткенін дұрыс деп есептеймін.

Бірақ бір мәселе бар. Министрлер кабинеті отставкаға кеткен жағдайда қайтадан оның орнын тура сондай басшылар басады. Мамин кетсе Папин, Жұмабаевтың орнына Майлыбаев секілді ештеңе өзгерте алмайтын адамдар келеді. Неге? Себебі жоғарыдан тағайындалатын премьер-министрден бастап, министрлерге дейін өз ісінің кәсіби мамандары емес. Сондықтан да министрлер кабинеті Парламент арқылы сайланатындай елде ауқымды реформа жасалуы керек. Мысалы үкімет басшысы боламын деген адам өзінің бағдарламасын ұсынып, елді қалай дамытатынын халыққа түсіндіруі қажет. Ертең ол отставкаға кеткен жағдайда өзінің ұсынған бағдарламасының қанша пайызын орындағанын халыққа айту керек. Ал біздің елде премьер-министр ешкімге есеп берместен келіп кете береді.

Сондай-ақ қайдан келгені белгісіз жас министрлерге жоғары шенді қызмет тапсырылып жатады. Олардың өмірбаянын қарсаңыз жайлы кабинеттен аттап шықпаған азаматтар. Олар сәбіз мен алманың қалай өсетінін білмейді. Осының салдарынан елімізде халыққа ең қажетті азық-түліктің бағасы аспандап шықты. Үкіметтің қалай жұмыс істегенінің нақты дәлелі осы. Міне осындай қабілетсіз Асқар Мамин басқаратын министрлер кабинеті былтыр отставкаға кетуі керек еді. Өкінішке қарай қанша рет сыналып жатса да орнында міз бақпай отыр.

 

Серік Жолдасбай, arasha

Exit mobile version