12-06-19 |
6480 рет қаралған
Михаил Саакашвили: Халықтың даусын ұрлаған билікті қалай жеңдім?.
Михаил Саакашвили: Халықтың даусын ұрлаған билікті қалай жеңдім?

2003 жылғы парламент сайлауында биліктің қолын қол, бұтын бұт қылып қақырата жеңдік.
Ел «Шеварднадзесіз Грузия» деп ұрандатқан біздің соңымыздан ерді.
«Барша бақытсыздығымыз бен сәтсіздігіміздің бастауында Шеварднадзе тұр. Шал кетпей өмір өзгермейді, өлместің күйін кешеміз» деп шырылдадық біз.
Өзге партиялардың саяси платформасы «Экономиканы көтерейік», «Коррупцияның көзін құртайық», «Өндірісті өркендетейік» деген жасанды, жаттанды ұраннан тұрды.
«Шеварднадзе билікте отырғанда бұлардың бірде-бірі іске аспайды» деп турасын айттық біз.
Біз, біздің партия қара үзіп келді осы сайлауда. Экзит-поллдар бізге халықтың 30 пайызы дауыс бергенін хабарлады. Мұны баспасөз де жамыраса жазды.
Шеварднадзенің партиясы екінші, Абашидзенің партиясы үшінші келді.
Бізге парламенттен кем дегенде 30 орын бұйырып тұрған-тын.
Билік иттік жасады осы кезде.
Жұрттың бізге берген даусын жырып алып, Абашидзені алға шығарды, одан кейінге Шеварднадзені қойды, ал бізді үшінші орынға сырғыта салды.
«Саакашвилидің саяси ұйымына елдің 17 пайызы дауыс берді» деді Орталық сайлау комиссиясының басшысы. Беті бүлк еткен жоқ оның. Кірпігі де қимылдамады…
Ерегіскенде елді алаңға бастап шықтым. Дауыс ұрлаған биліктің тексіздігі мен арсыздығын бетіне бастық. Әр жерде үркіп-үркіп басталған наразылық кейін ұлы қарсылыққа ұласты.
Мен ұйымдастырған митингілер Америкаға ұнаған жоқ.
«Толқуларды тоқтатыңдар. Путин бұл мүмкіндікті пайдаланып қалудан тайынбайды. Саакашвили, бізбен сыйластықты сақтағың келсе, алаңға алып шыққан халықты үйлеріне қайтар. Аз дауыс алған жоқсың. Осыған да қанағат қыл» деген хабар жетті Ақ үйден.
«Бұған қалай көндігем? Бұған қалай қанағат қылам? Біз бірінші келдік. Ұлт бізге дауыс берді. Ұятсыз биліктің ұр да жығына төзбеймін. Ұрланған дауысты қайтармай күресті тоқтатпаймын» деп қайыра жауап қаттым Ақ үйге.
Американың біздегі елшісімен ерегесіп, бір-бірімізге жұдырық жұмсауға дейін жеттік.
«Ел ішін алатайдай бүлдіріп болдың. Халықтың обалына қалғың келмесе, бір жеріңді қыс» деп шатып-бұтыды.
Атасының басы, кім көрінгеннің айтқанына көніп, принципімді табанға таптатар жайым жоқ.
Егер сол жолы АҚШ елшісінің айтқанын тыңдап, «қанағат қылсам» Грузия қазіргідей түрленер ме еді, өзгерер ме еді? Жоға!
«Есің ауысқан екен. Ендеше өзің біл. Fuck you!» деген елші есікті тарс жауып шығып кетті.
Мен елде төңкеріс жасауға бел будым. Елдің даусын тонаған Шеварднадзенің шіріген жүйесімен күресудің одан өзге жолы жоқ еді.

Бізге дауыс берген өңілерді түгелдей араладым алдымен. Халықпен тілдестім. Қолдады. Құптады.
Автобустар таптық. Ондаған, жүздеген автобустар. Грузияның түкпір-түкпіріндегі жемқор жүйеден жүйкесі тозған жұрт әлгі автобустарды лық толтырды.
Бізде бір автобусқа отырдық та Тбилисиге тарттық.
Жүздеген автобустан тұратын шұбатылған колоннаны көргенде «гаишниктердің» көзі шарасынан шықты. Көлік доңғалағына оқ атып, көшті тоқтатпаққа жанталасты.
Кеш еді. Кешіккен еді олар. Көшті тоқтату мүмкін емес-тұғын.
Әр жерде аялдап, қатарымыз жаңа адамдармен толығып, апта жүріп Тбилисиге тірелдік.
Бірнеше шақырымға созылған ашулы колоннаны қалаға кіргізбеуге Шеварднадзенің жүрегі дауаламады. Дәл осы тұста Тбилисиде свет сөніп қалып, жүздеген автобустың жарығы қалаға дәп бір отты қаруланған әскер кіріп келгендей әсер қалдырды.

15 мың адам алдымен Бостандық алаңына барып митинг ұйымдастырдық та, артынша Парламент ғимаратын бетке алдық. Алдымыздан спецназ шықты. Қара ормандай халықтың қаһарынан қорықса керек қақ жарылып жол берді олар.
Парламенттің тұмсығына тірелген тұста алдымыздан тағы бір арнайы жасақ күтіп алды. Арнайы жасақ дегенмен олардың жағдайы да мәз емес-тұғын. Айлап айлық алмаған, ішіп-жемнен тарыққан олардың моральдық жағдайы маған жақсы таныс-тын.
Әлгілердің арасынан біреуі суырылып шығып тұқым-жұрағатымды түгел боқтап шықты. Бетінде маскасы болса да, даусынан жазбай таныдым. Ішкі істер министрі екен. Наразы топтың алдынан министрдің өзі шықса жағдайы белгілі болғаны.
Маскасын сыпырып алдым да, халыққа жасаған қияметын жіпке тізіп шықтым сол арада. Бетінен оты шықты байғұстың. Именіп ысырыла жол берді…
Парламент ғимаратының төбесіндегі төрт-бес снайперді кеш байқадық. Әлгілерді көргенде кейбіреулер: «Мыналар адам аямайды. Шегінбесек шетімізден қырады» деп дабыралай бастады.
Төбеге қарадым. Көздеріміз түйісті. Біздерді нысанаға алған әлгі төрт-бес снайперге қол бұлғадым. Олар қайтара қол бұлғады.
Сол кезгі жүйе оларды да діңкелеткен еді…
Парламентке кірер алдында жанымдағы жұрттан раушан гүлін тауып әкелуді өтіндім. Раушан гүлді ұстаған күйі ішке ендік.
Бізді көрген Шеварднадзенің тіл-аузы байланып қалды.
«Сіз отставкаға кету керексіз. Бұл жүйе әбден божыды. Халықтың құр сүлдері қалды» деп айғайлап жібердім.
Тамағым қарлығып қалғандықтан ба даусым бәсеңдеу шықты, бірақ.
Шеварднадзенің күзетшілері шошығаны сондай шалды сүйрете жөнелді алғашқыда. Біз парламентті басып алдық.

Шеварнадзе тыныш кетті. Кетпес еді. Ол құрған жүйеден әскерилердің де әбден жүнжігені сондай «Саакашвилиді тұтқындаңдар» деген президенттің бұйрығын орындаудан бас тартты.

Таңғы бесте телефон шырылдады. Алып-ұшып Ресейдің сыртқы істер министрі Игорь Иванов жетіпті. Сасып тұр. Арақ сасып тұр. Бізге келмей тұра Тбилисидегі танысының үйіне тоқтап сылқия тойса керек.
Ивановтың шешесі грузин. Қазіргі Сыртқы істер министрі Лавров та Грузияда туған…
Бірді айтып, бірге кетпейін.
«Сендер не бүлдіріп жүрсіңдер? Саакашвили, көксегенің кресло ма, еб… рот? Отырасың. Нина, сен ше, нах? Спикер болғың келе ме? Боласың…» деді былжырады әлгі жерде тілін шайнап әзер тұрған Иванов.
Соның кесірінен сол күні Шеварнадземен жолыға алмадық.
Халық алаңға көптеп жинала бастады. «Шеварнадзесіз Грузия» деп ұрандады олар…

Ертесіне Шеварнадзенің күзетшісі хабарласты.
«Шал тыныш кеткісі келеді. Сөйлескісі келеді. Соңғы сөзің айтады» деді.
Есін жинаған Ивановты ертіп Шеварднадзенің зәулім сарайына келдік.
Ішке кіре сала Иванов бықси бастады. «Сіз ешқайда кетпейсіз. Ресей мұндайға жол бермейді…» деп.
«Әй, сен шығып кетші, басты ауыртпай. Саған сөз шығындайтын зауқым жоқ…» деп тыйып тастады әлгіні Шеварнадзе.
Иванов ләм деген жоқ, мойнын ішіне тыққан күйі тысқа шығып кетті.
Мұның да себебі бар. Шеварнадзе КСРО Сыртқы істер министрі болған тұста Иванов көмекшісі болды, кейін де «барып кел, шауып келдің» қызметін атқарды. Содан да болар бүтін бір елдің министріне Шеварнадзе мұрнын шүйіре қарайтын.
– Біздің талабымыз сіздің – отставкаңыз. Халықтың талабына құлақ асасыз ба? Кетесіз бе? – дедім мен.
– Кетемін…- деді Шеварнадзе. Күрсінді. Ауыр күрсінді.
Сөз тәмам болды. Шал кетті. Келесі күні президент сайлауын жарияладық.
Алғаш рет еркін тыныстады ел. Шеварнадзеден кейінгі Грузия мүлде басқа мемлекет еді. Әділетсіздікке құрылған жемқор, бәлеқор жүйе сонымен бірге кетті.
2004 жылдың 4 қаңтарындағы президент сайлауында халықтың 97 пайызы маған дауыс берді.
Халықтың даусын ұрлаған ескі саяси элита қызметтен де, құрметтен де айырылды осылайша…

Михаил Саакашвилидің «Пробуждение силы» кітабынан үзінді. 
Аударған, Думан БЫҚАЙ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.